келер жылы пайдалануға беріледі
Әйгілі боксшы Геннадий Головкин Қарағандының іргесіндегі Майқұдық елді мекенінде салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Сәтін салып, жаңа спорттық нысан толығымен салынып біткенде, ол чемпионның есімімен аталатын болады.
Құрылысы аяқталуға таяған ғимарат ішін аралап көрген әлем чемпионы атқарылған жұмыстарға риза екендігін білдірді. Бокс залын көрген Головкин оның кеңдігін атап өтіп, егер де жақсылап жабдықтаса, бұл жерден болашақта мықты боксшылардың сандаған буынын өсіріп шығаруға болатынын айтты. «Бокс дамып келеді. Қазір залда ринг қана болу керек деген түсінік жоқ. Швед қабырғасын, пневматика, заманауи құрал-сайман, қабырғаларға жастықшалар, кергіш қою керек. Бокс деген рингке шығып алып құр секіру емес. Бұл дегеніңіз – эволюциялық жолмен үнемі даму. Спорттық құрал-сайман жылдамдық пен күш-қайратты арттыруға қажет», – деді чемпион.
Головкин сондай-ақ,балаларды көшенің ықпалынан аман сақтап, спорт залдарына тарту ісіне мән беру керектігін тілге тиек етті. Жаңа спорт кешені пайдалануға берілгенде, балалар оған тегін кіріп, ақысыз жаттығуға мүмкіндік алса деген тілек айтты чемпион.
«Кезінде біз жаттығуға бару үшін қаланың ана шетінен мына шетіне дейін автобуспен сағаттап жүретінбіз, – деп жастық шағын еске алды Головкин. – Жаттығудан кешке шыққанда, автобустарға сыймай қалатын кездеріміз де болатын. Ал міне қалсаң, көліктің іші азынап тұрушы еді. Енді Майқұдықтың балақайлары біз бастан кешкен қиындықтарды көрмейтін болады. Бұл – Майқұдық үшін үлкен жетістік».
Головкинмен бірге жаңа ғимарат құрылысында болған облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев кешен салынып біткен соң оның есігі балалар үшін қашанда ашық және кіру тегін болатынына сендірді. «Бұл Майқұдықта көптен бері салынған алғашқы нысан. Кешен келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл жерде балаларға қажетті жағдайдың бәрі жасалады. Ең бастысы, біз сапаға мән беретін боламыз», – деді Асылбек Дүйсебаев.
Қазіргі таңда кешен ішіндегі 25 метрлік бассейннің құрылысы толықтай аяқталған. Ішкі әрлеу-өңдеу жұмыстары жоспарға сай, іркіліссіз жүргізіліп жатыр.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ