Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын «Барыстың» бабы енді келе бастағандай. Өткен сейсенбіде Сочиде жергілікті «Сочимен» кездескен астаналықтар 6:3 есебімен басым түсті. Бұл – «Барыстың» соңғы төрт ойындағы үшінші жеңісі.
«Сочи» ойыншылары кездесуді өте қарқынды бастады. Нәтижесінде 6-минутта Илья Крикуновтың көмегімен есеп ашты. Арада 6 минут өткенде, «Барыс» сапынан Дмитрий Гренц мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестірді. Алайда, сочиліктер бар болғаны 30 секундтан кейін тағы да алға шықты. Бұл жолы нәтижелі соққыны Игорь Захаров жасады. Біздің жігіттер 18-минутта Найджел Доустың арқасында есепті қайтадан теңге келтірді.
Екінші кезеңде «Барыс» ойыншылары қорғаныс пен шабуылда сауатты ойнап, есепті еселей берді. Атап айтқанда, 22-минутта Мартин Сен-Пьер, ал 33-минутта Владимир Маркелов мергендіктерімен көзге түсті. Осы қарқынын үшінші кезеңде де жоғалтпаған Эдуард Занковецтің шәкірттері 46-минутта тағы екі шайба соқты. Ерекше атап өтетін жайт, бұл голдар небәрі 24 секундтың ішінде соғылды. Алдымен Кевин Даллмэн ерлесе, артынша таблоға Нұрсұлтан Белгібаевтың есімі жазылды.
«Барыстың» бұл басымдығына «Сочи» хоккейшілері 49-минутта Андре Петерссон соққан жалғыз шайбамен жауап берді. Қалған уақытта есеп өзгермей, елордалықтар осы маусымдағы төртінші және сырт алаңдағы бірінші жеңістеріне қол жеткізді. Әзірге 11 ойыннан 13 ұпай жиған «Барыс» Шығыс конференциясында 13-орында тұр. Астаналықтар келесі кездесуін бүгін Нижний Новгородта жергілікті «Торпедомен» өткізеді.
Еламан ҚОҢЫР