Алматыда Қытай Халық Республикасының құрылуының 67 жылдығына орай ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй қабылдау жасады.
Аталған шарада құттықтау сөз сөйлеген бас консул Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық екі елдің де сыртқы саясатындағы басты бағыты екенін ерекше атап өтті. Қытайдың Қазақстандағы бас консулдығы орналасқан Алматы қаласы жақында ғана өзінің 1000 жылдық тойын салтанатпен атап өткені еске түседі, Ұлы Жібек жолындағы алғашқы аялдамасы болуымен де айрықша ыстық тартады. Бұл екі елдің ынтымақтастығының анық дәлелі болса керек.
Экономикалық серіктестік аясында Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуінде Қазақстан мен Қытайдың өзара ынтымақтастығы тоғысты. Әсіресе, бұл мәселелер Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» стратегиясынан көрініс тапты. Әңгіме кезінде «Астана ЭКСПО-2017», қысқы Универсиада, Қытайдың Қазақстандағы туризмі жылының дамуына алғышарт болатыны айтылды. Кеште Қытайдың сахна шеберлері өнер көрсетті және «Қытай табиғаты» фотокөрмесі ұсынылды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ