29 Қыркүйек, 2016

Бюджеттік заң жобалары мақұлданды

216 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
parlament-3-novКеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы  Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда бірнеше маңызды мәселе қаралды. Соның ішінде «2016-2018 жылдарға арналған рес­­пуб­ликалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы 2016 жылдың бюджет шығыстарын нақтылау жөніндегі заң жобасы тал­қыланды. Мәжіліс депутаттары осы мәселені талқылап, еліміздегі ең басты қаржылық құжатты қарауға мұқият дайындалғандары үлкен белсенділіктерінен көрініп тұрды. Заң жобасы туралы баяндаманы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жасады. Қуандық Бишімбаев өзінің сөзінде үстіміздегі жылдың қазан айында «Қашаған» кен орнының іске қосылуының күтілуіне және мұнайдың орташа жылдық бағасы өсуіне байланыс­ты қара алтын өндіру көлемі 74 млн тоннадан 74,5 млн тоннаға дейін артқанын айтты. Алайда, ІЖӨ-нің 2016 жылғы өсімі бұрын мақұлданған 0,15 пайыздық деңгейде қалады екен. Сөйтіп, жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі жылдың соңына дейін 6,9 мың АҚШ доллары көлемінде болады деп болжанып отыр. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өзінің сөзінде нақтыланған бюджет шығыстары негізінен индустрияландырудың жаңа кезеңі аясында агроөнеркәсіптік кешенді және экспорттық әлеуетті дамыту есебінен экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесуге;  екіншіден, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру шеңберінде көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталатынын атап өтті. Макроболжам бойынша кірістер  2016 жылы 4 200,2 млрд теңге көлемінде болса, бұл – бекітілген жоспардан 834,9 млрд теңгеге жоғары. Кірістер болжамын ұлғайту Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт көлемін 400,3 млрд теңгеге   қысқартуға мүмкіндік берді. Нақтыланған бюджетте барлық кіріс мөлшері 2 трлн 880 млрд теңгенің орнына 2 479,7 млрд теңгені құрайды, деді министр. 2016 жылғы Республикалық бюджеттің шығыстары 8 646,7 млрд теңгені құрап, нақтыланған жоспардан 379,9 млрд теңгеге артуы болжанған. Соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шығындары – 97,3 млрд теңгеге; индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының 2-ші кезеңін іске асыру – 111,9 млрд теңгеге; көлік инфрақұрылымын дамыту – 74,2 млрд теңгеге артпақ, деді өз баяндамасында Қаржы министрі. Сондай-ақ,   қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қосымша шараларына – 70,2 млрд теңге қарастырылып отыр екен. Соның 42,7 млрд. теңгесі діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды және құқық тәртібін нығайту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға жұмсалатын болыпты. ЭКСПО құрылысын, «Назарбаев Университет»  ғылыми нысандары құрылысын ЭКСПО-2017 құрылысымен үйлестіру және т.б. ірі жобаларға қосымша 136,4 млрд теңге қарастырылған. Сөзінің қорытындысында министр нақтыланған бюджет жобасында көзделген қосымша шығыстар көлемін, сондай-ақ жылдың аяғына дейін аз уақыт қалғанын ескере отырып, біз бюджет қаражатын уақтылы игеру бойынша барлық ықтимал тәуекелдерді талдап, тиісті шараларды қабылдап жатырмыз, деді. Сонымен қатар, бюджет тапшылығы бекітілген 902,7 млрд теңге немесе ІЖӨ-нің 2%-ы деңгейінде сақталатынын жеткізді. Баяндамалар аяқталған соң депутаттар сұрақ беру рәсіміне көшті. Алғашқы сұрақты Қаржы министріне депутат Серік Құсайынов қойды. Ол бюджет кірісінің ұлғаюы девальвацияның, яғни теңге бағамының жаңа режімінен бе, әлде салықтық-әкімшілендіруді жетілдіру нәтижесінде болды ма деген нақты сұрақты алға тартты. Оған министр екі фактордың да әсері болғандығын нақты сандармен атап көрсетті.  Депутат Ш.Өтемісов, «Ел экономикасына қосымша 225 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отырсыздар, ал осы шығындардың түпкілікті нәтижелері есептелді ме, қанша жаңа өндірістер іске қосылады?» деген сұрақ қойды. Сонымен бірге, деді ол,  экономикаға зейнетақы қорының немесе халықаралық қаржыландыру институттарының қаражаттары қосымша тартылады деп отырсыздар. Олардың қаражаттары қандай өсім пайызымен тартылады, ережесі жасалған ба, қаржыландыруға дайын тұрған ірі жобалар бар ма деген сауалдар тастады Экономика министрі Қ.Бишімбаевқа. Оған тартылатын қаражаттар ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыратыны айтылды. Соның ішінде оншақты ұзақ мерзімді инвестициялық жобалар бары аталды. Нақты айтқанда, Оралда мұнай өңдейтін жаңа зауыт, Павлодарда металлургия және көлік құрастыру зауыты, т.б. Сонымен қатар, министр несиелердің өсім пайызы 7-ден аспауы керек деген шешім барын жеткізді. Депутат М.Тінікеев жолдарды күрделі, ағымдағы жөндеу бағдарламасы бойынша былтыр 1 114 шақырымы жөнделгенін айтты. Бұл – жоспардың 86 пайызы. Мына нақтыланған бюджет бойынша осы жұмысқа қосымша тағы 1 млрд 235 млн теңге сұратып отырсыздар,  дей келіп, осы қаражатты игере аласыздар ма, бағдарлама толық орындала ма деген сұрақты Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекке қойды. Оған министр жоспардың 10-15 пайызға орындалмай қалған себебі қаржыландырудың кешіктірілгендігінен болғанын айтты. Ал қаражат уақтылы бөлінсе, біз жол құрылысының белгіленген көлемін орындауға дайынбыз, деп қысқаша жауап берді. Депутат Сапар Ахметов Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаевтан өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейін­гі бағдарламасы ауылдық елді мекен­дерді жылумен, сумен, электр қуаты­мен қамтамасыз етіп келе жатыр еді. Бүгінгі заң жобасында осы бағытқа бөлі­нетін қаражаттарды 1 млрд 430 млн теңгеге қысқартып отырсыздар.  Сон­д­а қай өңірлердегі қандай жобалар қыс­қар­тылатын болады деп сұрады. Оған министр кейбір жобаларды жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарымен қысқартып жатырмыз деп жауап берді. Сонымен қатар, олар Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қысқартылатынын жеткізді. Сондай-ақ, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында да осындай қысқартулар көзделгенін айтты. Сұрақтар аяқталған соң заң жобасын талқылау басталды. Алғашқы сөзді депутат Михаил Чирков алды. Бюджеттің кіріс бөлігі былтырғы жылмен салыстырғанда 835 млрд теңгеге артқаны бәрімізді де қуантады. Алайда, мұны Үкіметтің тиімді жұмысының нәтижесі деп айта алмайсың. Өйткені, оған Үкіметтің жұмысымен байланыспайтын мұнай бағасының өсуі және ұлттық валюта курсының жаңа режімге өткені сияқты факторлардың арқасында ғана қол жеткізіліп отыр. Ал кірістердің нақты өсуіне тоқталатын болсақ, негізгі капиталды сатудан түсетін жоспарланған 16,4 млрд теңге кіріс тек 9,5 млрд қана болды. Бұл нені көрсетеді, бәрін сата алмадық па, әлде 40 пайызға жеңілдік бердік пе? Бюджет тапшылығы 902 млрд теңге, ол ІЖӨ-нің 2 пайызы ғана деп те қатты қуана алмаймыз. Өйткені, сыртқы қарызымыз 30 пайызға жуық. Одан әрі депутат нақтылы жобаларға қаражаттың уақтылы бөлінбегенін қатты сынады. Бұдан кейін де бірнеше депутат талқылауға қатысып, нақтыланған бюджет бойынша өздерінің ойларын ортаға салды. Сонымен, нақтыланған бюджет бойынша Инвестиция және даму министрлігіне 146,6 млрд теңге, Ұлттық экономика министрлігіне 115,4 млрд теңге, Қорғаныс министрлігіне 52,7 млрд теңге қосымша шығындар үшін қаражат бөлінетін болды. Заң жобасы мақұлданған соң Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин қысқаша қорытып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында қосымша бөлінген 380 млрд теңгені Үкімет тиімділікпен жұмсайтынына үміт білдірді. Сонымен қатар, осы күні Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға арналған кепіл­ден­дірілген трансферт туралы заңға өзгеріс енгізу туралы да заң жобасы  қара­лып, мақұлданды. Бюджеттік заң жобалары мақұлданған соң жалпы отырыс кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарастырды. Бұл заң жобасы Президенттің бес институттық реформасын орындау жөніндегі «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының 53 қадамын іске асыруға бағытталған. Ол 17 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Кешегі жалпы отырыста қоршаған ортаның тазалығын сақтау жөніндегі «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Күн тәртібіндегі мәселелер аяқталған соң бірнеше депутат өздерінің сауалдарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»