28 Қыркүйек, 2016

Қызылорда облысының әкімі үздік мұғалімдермен кездесті

495 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Білім инемен құдық қазғандай» болғанда, сол жолда бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп, жол көрсететін бірден-бір адам – ұстаз. Қазақ «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегенде осыны меңзесе керек. Балаға үйретуден жалықпайтын, еңбегім еленбеді деп қамықпайтын, шәкірттің қарым-қабілетін анықтайтын мамандық иелерін қалай дәріптесек те, құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Ұстаздар мерекесіне орай Қы­зыл­орда облысының әкімі Қы­рымбек Көшербаев аймақтағы жа­ңа­шыл педагогтар мен ардагер-ұстаздарды қабылдады. Оған Қы­зыл­орда қаласы және аудандардан келген 3 білім ардагері мен 38 жаңа­шыл мұғалім қатысты. Кездесу барысында Сыр­дария ауданынан келген 80 жастағы Мұқаш Жүсіпова, 75 жастағы Жал­ағаш ауданының мұғалімі Әлтай Пір­манов және қызылордалық 70 жастағы Сайлаукүл Демесінова ұс­таз­дық өміріндегі ұлғатты жолын әң­гіме­леп, қызықты естеліктерімен бөлісті. Жаңашыл ұстаздар білім беру жүйесіндегі әдістер жайында сөз қозғап, аймақтағы білім саласының өзекті мәселелері жөнінде ойларын ортаға салды. – Бауыржан Момышұлының «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген қанатты сөзі бар. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді, Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, өмірдің қыр-сырын танытатын, ардақты ұстаздар, сіздерсіздер. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ұстаз еңбегін ерекше бағалап, атап өтуді заңдылық деп білемін. Ме­рейлі мерекелеріңіз құтты болсын, – деген аймақ басшысы ардагер-ұс­таздарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, облыс әкімі білім беру саласының жаңашыл маман­дарын құттықтап, арнайы сый-сия­паттармен марапаттады. Кездесу соңында марапатталған ұстаздар қауымы аймақ басшысына алғысын білдірді. Сондай-ақ, ұстаздар мерекесінің аясында Нартай Бекежанов атын­дағы Қазақ музыкалық драма театрында «Қалдырған ізің мәңгілік...» тақырыбында салтанатты шара өтті. Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен аймақтағы білім саласындағы ауқымды жұ­мыстарға тоқталып, мұғалімдерді мерекелерімен құттықтады. – Соңғы төрт жылда Қызыл­орда облысында білім беру саласының бюджеті екі есеге артты. Биылғы жылдың өзінде білім беру саласына облыс бюджетінің 38 пайызы, нақтырақ айтсақ, 75 миллиард теңге бөлінді. «Сер­пін» бағдарламасы бойынша 3 829, Ресейдің үздік жоғары оқу орын­дарындағы 390 тү­лектің Сыр елінің жастары екендігі бізді қуантады. Білім беруді тәрбиемен жаңаша ұштастырып, оның сапасын көтеру – мәртебесі биік, маңызы зор, жалпыұлттық мүдде. Сол ұлы істе абыройларыңыз ас­қақ болсын, мәртебелі ұстаздар, – деді Қырымбек Елеуұлы. Сонымен қатар, «Үздік мұ­ғалім-2016» аталымы бойынша М.Мәметова атындағы гума­ни­­тарлық колледждің мұғалімі Гүлжайна Әбиева, дарынды бала­ларға арналған №4 мектептің мұға­лімі Шаһизат Бейсенова, №3 мектеп-гимназияның мұғалімі Сал­танат Тәжетаева және Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалі­мі Жадыра Әжібаева 2 миллион теңгеге ие болды. Айта кетейік, облыста жалпы орта білім беретін мектептерде барлығы 18 423 мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде бірінші және жоғары санатты мұғалімдердің үлесі 45,5 пайызды құрайды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА