30 Қыркүйек, 2016

«Азабымды азайта көріңізші!»

358 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
onkologiyalyk-diagnozЖақында Астанада «Менің азабымды тоқтатыңыз!» атты халықаралық конференция өтіп, онда ем қонбайтын пациенттер үшін ауруға қарсы тұратын терапияның қолжетімділік проблемалары турасында кеңінен ойлар айтылып, қарар қабылданды. Елімізде әрбір 15 минутта бір адамға онкологиялық диагноз қойылып, соның жартысына жуығы емделуі мүмкін емес, дәм-тұз таусы­лар шаққа жақындағанда анықталып жата­ды екен. Қазақ баласы «Айтып келген ажал» дейтін, бетінің әрі қарағанын біл­ген науқас үшін сол ауру атының өзі осал жау емес, ал оған жанды қинаған дерт ауырт­­палы­ғы қосылғанда шығарда жаны бас­қа жақын­дарының да ерекше қинала­ты­ны түсі­­нікті. Осы бір ауыр күндерде барлы­ғы­ның қиындығын жеңілдетер бір ғана нәрсе бар, ол – аурудың жанға батқанын сездірмей­тін, сау адам үшін есірткі аталатын, ал науқас үшін азапты азайтатын дәрілер. Емделу­ші­лер­дің тең жартысы өздерінің ауруларын адам төзгісіз немесе жан түршігерлік деп баға­лай­ды, дейді мамандар. Еуразиялық медициналық ассоциацияның вице-пре­зиденті Надежда Петухова: «Өкініш­ке қарай, әлі күнге дейін есірткі дәріні қол­дан­ған пациент нашақорға айналып кетеді деген миф күшін жоймай отыр. Бүгінгі күні әлем бойынша ауру басатын осындай дәрі­лердің 37 түрі болса, біздің елімізде онсыз да жанын қоярға жер таппай жатқан адам­ды қинайтын екпе түрі мен пластырь ғана қолданылып, таблеткадағы түрін пайдалану мүмкін болмауда. Ал жыл сайын ауру қатары артпаса, кеміп отырған жоқ, оның үстіне, қатерлі ісік дертінен басқа, ауру баса­тын дәрілерді қажетсінетін өзге де сыр­қат түрлерінің барлығы белгілі. Сон­дық­тан да бұл дәрілерді қиналған жан үшін қол­жетімді ету кезек күттірмейтін іс» десе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) еліміздегі офисінің басшысы Мелита Вуйнович өз сөзінде әлемде паллиативті көмекке зәру 40 млн адамның барлығын, жылдан-жылға аурулардың саны артып, оның ішінде қатерлі дертке шалдыққан балалар саны ұлғая түскенін алға тартқан. Қазақстандық паллиативті көмек ассо­циациясының президенті, «Қатерлі дертке бірге қарсымыз» атты қайырымдылық қоры­ның атқарушы директоры Гүлнар Кунирова ДДҰ тарапынан жасалған ұсыным, әдіс­тердің біздің ел үшін келе бермейтінін тілге тиек етті. Өйткені, олардың мәліметтері пал­лиативті көмек берудің жоғары деңгейіне жет­кен елдерден алынған. Біздің елімізде мұн­­­дай дәрілік препараттарды сатуға ықы­лас­­ты дәріх­аналардың да саны аз. Бұл жұмыс­пен ай­налысудағы толып жатқан құжат­тар, қыл­мыстық жауапқа тартылу сын­ды қатаң шара­лар оларды құлшынта қоймай­ды. Бұған қоса, біздің балалар мен ауыл тұрғындарының ауруын жеңілдету мәселесі де ашық тұр. Өкінішке қарай, біз былтырғы конференцияда қордаланған мәселелерді шешетін ведомствоаралық топ құру қажет деп ұйғарып едік, бірақ ол жүзеге аспады, деген қынжылысын жеткізді. Конференцияға қатысушылар жансыздандыру проблемасының бүгінде мемлекеттік органдар деңгейінде қаралғанын және бұл ретте бірқатар қадамдар жасалғанын да айтты. Мәселен, елімізде паллиативті көмектің Ұлттық стандарттары қабылданып, созылмалы ауру белгілерін емдеудің клиникалық хаттамасы бекітілген, бақыланатын препараттар бойынша нормативті-құқықтық базаға өзгерістер енгізілуде. Паллиативті көмек­тің қазақстандық ассоциациясы (ПКҚА) мүшелері және серіктестерінің күшімен көптеген оқыту семинарлары мен тренингтер өткізіліп, медицина қызметкерлері мен емделу­шілердің туыстарына арналған әдісте­мелік әдебиеттер шығару қолға алынған. Алайда, мемлекеттік органдар мен үкі­меттік емес ұйымдар жан-жақты күш салып жатса да, заманауи ауыртпайтын препараттар мен созылмалы ауру белгілерін тиімді емдеу мыңдаған қазақстандық емделушілер үшін қолжетімсіз болып қалып отыр. Сон­дықтан да осы мәселені шешу үшін барлық тарап­тардың қатысуымен кешенді амалдарды қарастырудың қажеттігі сөзсіз, деді конференцияға қатысушылар. Сол реттен ауруға қарсы терапияның қолжетімділігін арттыру шараларының жоспарында ұлттық дәрілік формулярда созылмалы ауру белгілері кезінде пайдаланылатын опиоидты анальгетик­тер мен адъюваттар тізімін кеңейту, опиоидт­қа қажеттілік есебінің әдістемесін өзгерту және ЕБХК-ке Қазақстан квотасын арттыру, өте күшті анальгетиктердің перораль­ды түрлерін тіркеу мен өндіруге мемле­кет­тік қолдау, тексерілген әлемдік тәжіри­бе негізін­де ауруды емдеу хаттамасын қайта қарау, өзге де өзекті мәселелерге басымдық берді. Басқосуға Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму, Білім және ғылым ми­нистр­­ліктерінің өкілдері, Парламент Мәжілісі­нің депутат­тары, ІІМ жанындағы есірткі бизнесі­мен кү­рес және есірткі айналымын бақылау коми­­­­тетінің үкі­меттік емес ұйымдардың, фарма­цев­ти­ка­лық компаниялардың өкілдері, онко­ло­гия­лық орталық, хоспис, мейірбикелік күтім ауру­хана­ларының басшылары, халық­аралық сарапшылар мен емделушілердің туыстары да қатысты. Сонымен, сырқаты ауыр емделушілер үшін опиоидты препараттар мен ауруға қарсы терапияның қолжетімділігіне кедергілерді жою бойынша іс-қимыл жоспарын дайындау және қабылдау кеңінен әңгіме болған конференцияның аясында сала дәрігерлері үшін ауруды басқару бойынша Әулие Крис­тофер хосписінің негізін қалаушы дәрі­гер-онколог Ежи Ярош тренинг те өткізді. Конференцияны ұйымдастырушы Пал­лиа­тивті көмектің қазақстандық ассоциация­сы (КАПП), Ұлттық қатерлі ісік институты – Жаһандық денсаулық сақтау орталығының (АҚШ) жәрдемдесуімен еліміздегі Онкология және радиология Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу институты екенін айта кеткен жөн болар. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»