30 Қыркүйек, 2016

«Шын жүректен» телемарафоны аяқталды

287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Қазақстан» РТРК» АҚ 2016 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында кең ауқымды «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафонын өткізген еді. Кеше осының жалғасы ретінде бірлескен қайырымдылық телемарафоны қайта тікелей эфирге шықты. Қайырымдылық телемарафонына қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, ақын-жазушылар, спортшылар, дәрігерлер, сырқатты жеңген жандар, сонымен қатар биылғы Рио олимпиадасы мен паралимпиада жүлдегерлері қатысып, акцияға қолдау білдірді. Сондай-ақ, Қостанай, Өскемен, Орал, Тараз қалаларындағы Ұлттық арнаның филиалдары тікелей эфирге қосылғанына да куә болдық. Тікелей эфир барысында телефон және әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрап  948 адам хабарласқан. «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры» қоғамдық қорына 126 адамнан хат келіп түскен.  Арнайы ашылған ankfond@mail.ru электронды поштасына 213 хат жолданған. Сонымен қатар, #ШынЖүректен хэштегін белгілеп, 37 адам көпшіліктен көмек сұраған. Алғашқы телемарафон өткен соң да көрермендер тарапынан хат жазып, телефон арқылы хабарласқандар өте көп болған. Сәуір айынан бүгінгі күнге дейін тағы 1000-нан астам өтініш келіп түскендіктен, жобаны ұйымдастырушылар шарапатты шараны тұрақты түрде, тоқсан сайын өткізіп тұру туралы шешім қабылдаған. Жылағанға жұбаныш, сүрінгенге сүйеніш болу адамгершілігіңнің айғағы шығар. Дертке шалдыққан жандарға демеу болған қайырымдылық телемарафоны алдағы уақытта да жалғасын табады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»