30 Қыркүйек, 2016

Тамыздағы рекорд

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
444Отандық автокөлік өндірісі жаңа жетістікке қол жеткізді Жуырда еліміздің автокөлік саласы кәсіп­орын­дарының одағы үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларының жұмыс қорытындысын жариялады. Бірлестік сарапшыларының мәлімдеуінше, өткен сегіз айда Қазақстанда 42 миллиард теңгеден астам сомаға 7313 автокөлік шығарылған. Соның ішінде бір ғана тамыз айында 2120 автокөлік (жеңіл және жүк көліктері мен автобустарды қосып алғанда) шығарылыпты. Бұл бір айдың ішінде 12,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді деген сөз. Сарапшылардың мәлімдеуінше, маусым айы­нан бастап соңғы үш айда, әсіресе, жеңіл авто­көліктер шығару көрсеткіші үздіксіз өсу үстінде. Мәселен, сөз болып отырған тамыз айында отандық автокөлік құрастыру өнеркәсібі  осындай көлік түрінің 1954 данасын шығарыпты.  Бұл оның алдындағы шілде айында шығарылған жеңіл автокөлік санынан 57,8 пайызға, ал 2015 жылдың тамыз айында шығарылғаннан 4 есеге артық көрсеткіш. Өткен жылдың тамыз айында бар болғаны 488 жеңіл автокөлік шығарылған екен. Бұл жердегі үлкен бір мәселе елімізде қанша автокөлік құрастырылып шығарылғандығында ғана емес, сонымен қатар сол автокөліктердің өтімділігінде болып отыр. Бұл жағынан ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар екен. Біз жоғарыда Қазақстанда биылғы жылдың сегіз айында 7313 автокөліктің шығарылғандығын айтқан едік. Ал міне, осы сегіз айда отандық өндірісшілердің сатқан көліктерінің саны 7015 дананы құраған. Бұл конвейерден шығарылған жаңа көліктер көп тұрып қалмайды деген сөз. Оның үстіне ерекше табысты болып отырған тамыз айының қорытындысында отандық автокөлік құрастырушылардың сату нарығындағы үлесі 35 пайызға дейін жеткен. Бұл не деген сөз? Бұл елімізде тамыз айында автокөлік сатып алған әрбір үш адамның біреуі отандық автокөлік индус­триясы шығарған көліктің пайдасына таңдау жасады деген сөз. Еліміздің автокөлік өндірісі кәсіп­орындары одағының сарапшыларының мәлім­деуінше, бұл – сала тарихындағы ең үздік нәтиже, яғни рекордтық көрсеткіш болып табылады. – Өткен тамыз айы автокөлік құрастырушылар үшін біразға созылып отырған дағдарыс көбесі сөгілгендей жылымық айына айналды. Әрине, биылғы жылдың сегіз айында шығарылған 7 мыңнан астам автокөлік пен одан түскен 42 миллиард теңгенің қаржысы осыдан екі-үш жыл бұрынғы дәуірлеу шағымыздың көрсеткіштерінен көп төмен. Бірақ тамыздағы «жылымық» автокөлік рыногындағы құлдырауға мықты тосқауыл ретінде бой көрсетіп отыр. Мұның өзі бір есептен алғанда, отандық өндірісшілердің қолайлы баға саясатын жүргізуі мен Үкімет тарапынан отандық өндірістің көліктерін сатып алушыларға жеңілдікті несие ұсынылуының жемісті нәтижесі болып табылады. Өйткені, жеңілдікті несие беру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске қосылған 16 айдың ішінде көлік сатып алушылардың 40 пайызы соның көмегіне жүгінген. Қазір мұндай несие алғысы келетіндердің саны уақыт өткен сайын артып келеді, – дейді Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы басқармасының төрағасы Олег Алферов. Енді қазақстандық автокөлік кәсіпорын­дары­ның нарықтағы жағдайына келейік. Егер талдау­ларға сүйенсек, автокөлік құрастыру нарығында бұрынғысынша өскемендік «Азия-Авто» АҚ-тың алдыңғы орында келе жатқандығына көз жеткіземіз. Үстіміздегі жылдың сегіз айында бұл кәсіпорын 3673 автокөлік сатып, Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді сату нарығының 52,4 пайызын еншілеген. Екінші орында 2311 автокөлікті сатуға шығарып, нарықтың 32,9 пайызына иелік еткен қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны тұр. Мұнан кейінгі орындарда «АгромашХолдинг Қазақстан» АҚ (381 бірлік, 5,4 пайыз),  «Hyundai Auto Truck & Bus» ЖШС (372 бірлік, 5,3 пайыз), «КамАЗ-Инжиниринг» (195 бірлік, 2,8 пайыз), «СемАЗ» ЖШС (83 бірлік, 1,2 пайыз) секілді отандық автокөлік құрастыру кәсіпорындары орналасқан. Ал енді Қазақстанда шығарылатын авто­кө­ліктердің ішкі нарығымызда қайсысы өтімдірек деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, онда үстіміздегі жылдың сегіз айы бойынша тізім былайша қалыптасады екен: Lada (1 450 бірлік), KIA (1 291 бірлік), Hyundai (1 194 бірлік), Skoda (597 бірлік), JAC (399 бірлік). Еліміздің автокөлік, соның ішінде жеңіл көліктер жасау саласы тәуелсіздік жылдарында пайда болған  ең жас салалардың бірі және жоғары технологиялы өндіріс түріне жатқызылады. Бірақ соған қарамастан және дағдарыс екі өкпеден қанша қысып тұр десек те, қазірдің өзінде бұл сала ішкі жалпы өнімді қалыптастыруда өзіндік орны бар мығым секторлар қатарына қосылып үлгерді. Мәселен, осы өткен сегіз айда оның республикалық ІЖӨ құрылымына қосқан үлесі 42 миллиард теңгені құрап, бұрыннан келе жатқан жиһаз өндірісі (үлесі 16,2 миллиард теңге) мен тоқыма өнеркәсібінен (23,8 миллиард теңге) және фармацевтика саласынан (25,4 миллиард теңге) екі еседей асып түсті. Сұңғат Әліпбай, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024