01 Қазан, 2016

Қытайда қазақ күресі қанат жайды

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
29-09-2016-kuresҚытайдың Іле-Қазақ автономиялы облы­сы­ның Мұңғыл­күре ауданында қазақ күресі­нен әлем чемпионаты өтті. Осы сында бес салмақ дәрежесі бойынша түгелдей қазақ балуан­­дары топ жарып, тұғыр биігіне көтерілді. Додаға әлемнің 25 елінен 80-нен астам кілем шеберлері қатысып, бес күн бойы боз кілем­де бақ сынасты. Алдымен егіз балуандар Ғұс­­ман және Ғұмар Қырғыз­баев­­тар жан­күйер­лерін тәнті етіп, ал­ғаш­қы екі салмақта үздік шық­ты. Атап айтқанда, Ғұсман 60 кило сал­­­мақта күресіп, финал­да өзбек­ста­н­­дық Санжар Осма­нәлиевтің жауы­ры­нын жер иіс­кет­ті. Көрші елдің атынан сынға түскен  Ғұмар болса, 70 кило сал­мақ­та Шың­жаң өлкесінің балуаны Мәде­ниет Жалын­­байды ұтты. Қола медальды Түр­кия аты­нан жар­ысқа қатысқан қыр­ғыз Мир­лан Ералиев пен өзбек Бах­ром Иноятов иеленді. Келесі 80 килоға дейінгі сал­мақта Дәулет Пах­риддинов төрт белдесу өткізіп, соның бәрін­де қарсыластарын айқын басым­дықпен жеңсе, 90 килода Айбол Айтбекке чемпиондық атақ үшін күресу оңай болмады. Оның салмағында күрестің бас­қа түр­лерінен де жүлде алып жүр­ген эсто­ниялық Александр Мар­лелюк пен өзбек Шукиржон Арс­ланов күресті. Олар белдесу ба­ры­сында біздің балуанға кәдімгідей қарсылық көрсетті. Дегенмен, Айболдың десі басым түсіп, финалда өзбекстандық бәсе­келесін тізе бүктірді. Бұдан кейін 90 килодан астам салмақтағылар кілемге шықты. Мұнда белдесулер де тартыс­қа толы болды. Нәтижесінде, Айбек Нұғымаров қарсыластарының бәрін ұтып, чемпиондық үшін гру­зия­­лық алып күш иесі Лева­ни Ма­тиа­швилимен тіресті. Кез­десу­де біздің отандасымыз айласын асы­рып, жеңіске жет­ті. Бел­десу аяқ­­тал­ғаннан кейін Айбек: «Ме­нің тобыма түс­кен­дердің бәрі ең мықты бол­ды. Ал грузинмен күре­су маған ауырлау тиді», деген­ді айт­­ты. Олармен бір топқа түс­кен ре­сей­лік Максим Ширяев пен бело­рус Александр Вахавяк те кере­мет күресті. Екеуінің чемпион атан­у­ға мүмкіндігі болған еді. Алай­да, оларға сәл ғана сәттілік жетіспеді. Чемпионаттағы ең қызықты белдесулер түйе балуандар арасында өтті. Оған салмағы 80 килодан асатын үздіктер қатысты. Бұл сы­нақта Қазақстанның намысын Мұхит Тұрсынов пен Айбек Нұғымаров қорғады. Нәтижесінде Ай­бек жарысты іріктеу кезеңінде аяқ­таса, Мұхит қола жүлдеге қол жет­кізді. Ал «түйе балуан» атағын гру­зин Гурам Тушишвили жеңіп ал­ды. Салмағы 130 килодан ауыр 21 жастағы бұл алып жігіттің дзю­до­­­дан Еуропа чемпионы деген атағы бар. Енді қазақ күресін де мең­­­геріп алыпты. Былтыр ол Шым­­­кент­те өткен халықаралық тур­­нир­де біздің жігіттердің бәріне сан соқ­­тырып кетіп еді. Соның со­ңы Әлем чем­пион­дығына да жеткізді. Чемпионаттың жабылу салта­на­тында жүл­дегер­лерге сыйлық­тар тапсырылды. Жарыс басталар алдында «Қазақ күресінің дамуы: бүгіні мен келе­шегі» деген тақы­рыпта халықаралық ғылыми конференция өтіп, төл күресіміздің қазіргі даму деңгейі талқыланды. Басқосуда қандастарымыз Қытайдың 3 қала, 13 аудан және 3 облысында ұлт­тық күре­сіміз федерациялары ашыл­ға­нын, ал Іле-Қазақ облысының Күнес ауданындағы Түрген ауылын­да қазақ күресі мектеп бағ­да­р­ламасына арнаулы пән ретінде енгізілгенін айтты.  Дүние­жүзі­­лік қазақ күресі федерация­сы ақпарат бөлімінің басшысы Ақын Ордабайұлы «Қазақ күре­сі» атты жаңа журналды таныс­тырып, баяндама жасады. Соңы­нан қазақ күресінен Азия феде­ра­циясының президенті болып Серік Кененбай сайланды. Жиында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев келесі VII Әлем чем­пио­на­ты­ның 2017 жылы тамызда Ас­та­на қаласында өтетінін хабарлады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» Астана – Мұңғылкүре (Қытай) – Астана