Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту шараларының аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығының ұйымдастыруымен «Еуразияның түркі және мұсылман халықтарының саяси көшбасшылары: тұлғалар, идеялар, тағдырлар. ХХ ғасырдың басы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиында қазақтың азаттығы жолында тер төгіп, егемендік үшін еңбек сіңірген, алғашқы ұлттық идеологияның негізін қалаған қайраткердің саяси келбеті туралы белгілі тарихшылар баяндама жасап, Алаш идеясын биік ұстайтын танымал тұлғалар сөз алды.
Конференция қатысушылары Ә.Бөкейхановтың ұлт тарихындағы орнын, қоғам қайраткері, Ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі ретіндегі қызметін бүгінгі көзқарас және методологиялық ұстаным тұрғысынан қорыту мәселелерін талқылады. Тарих ғылымының докторы, профессор М.Қойгелдиев барлық ұлтшылдардың көшбасшысы болған қайраткердің қазақ ұлтына қажет реформа үшін күресі туралы айта келіп, қазақ ұлттық идеясының мақсатына жете алмау себебі мен Алаш қозғалысының жеңілу себептеріне тоқталса, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, профессор Дархан Қыдырәлі Әлихан Бөкейхановтың түркі халықтарымен байланысы және түркі әлемі идеясының тұтастығы туралы әңгімеледі. Ұлттық болмысты жоюға ұмтылған саяси жүйенің мәдени мұрамызды талқандау мақсатымен тұтас ұлтты қайраткерлерінен, іскерлерінен, рухани жетекшілерінен, білімділерінен айырған озбыр саясатына қайраткер тұлғаның қарсылығы Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана Өңірлік хабының басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Байменовтің ойымен тарқатылды.
Ал Қорғаныс министрлігінің Әскери-тарихи музейінің ғылыми қызметкері, саясаттанушы Берік Әбдіғали «Ә.Бөкейханов пен Алаш әскері» мәселесін сөз ете тұрып, Алаш идеясының жеңіліс табуының тағы бір себебін бірнеше рет үндеу жасалса да, мүдделес одақтастың, қаражат пен маманның болмауынан атой сала алмаған Алаш үкіметінің әскерімен байланыстырып, көпшілікке беймәлім болып келген алашорданың әскері жайлы мұрағаттардан табылған тың деректермен бөлісті.
Профессор Көшім Есмағанбетов қайраткердің ғылыми мұраларын сөз етіп, жаңадан табылған 40-қа жуық еңбегінің көптомдық жинаққа енбей қалуына қынжылыс танытты. Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Асқарбек Беделбаев пен Ишаналы Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің доценті Жұмағұл Байділдеев Әлихан Бөкейхановтың қырғыз зиялыларымен байланысын тарихи деректермен сабақтастыра отырып әңгімеледі.
Конференцияның екінші бөлімі Алашқа аянбай қызмет етіп келе жатқан абыройлы ғалым, әлихантану ісіне зор еңбек сіңірген профессор Мәмбет Қойгелдиевтің 70 жылдық мерейтойына арналып, айтулы ғалымның ғылыми қызметі мен азаматтық келбетіне баға берген құттықтаулар жолданды.
Айгүл Аханбайқызы,
«Егемен Қазақстан»