«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі ісі» бағдарламасы халықтың көңілінен шықты
ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАР...
Жақында Көкпекті ауданында іссапарда болдық. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин амандық-саулықтан соң атқарып жатқан істерімен таныстыра бастады. Өткен жылдың күзінде пайдалануға берілген Дәулет Тұрлыханов атындағы спорт кешеніне ендік. Кең әрі жарық спорт кешенінде бұл күндері грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, басқа да спорт түрлері үйірмелері жұмыс істеп тұр. Ауданның жас спортшылары республикалық, облыстық жарыстарда топ жаруда.
– Бюджеттен 16 миллион, өзімізден алты миллион теңге қаржы бөліп, осы әсем ғимаратты салып алдық. Жұрт риза, бос уақыттарында балалар спорт залынан шықпайды. Нәтиже қуантады, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін тұрғындарға қызмет көрсетуге арналған кешенге ендік. Үш қабатты, ішіне еуростандартты жөндеу жүргізілген ғимаратта 250 орындық мейрамхана, 32 орындық қонақүй, балаларға арналған ойын залдары, бильярд, шағын дәмхана, зияпат залдары, сән салоны бар екен. Аталмыш кешен өткен жылдың желтоқсанында ауданның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға беріліпті. «Бірінші және үшінші қабаттарда сәл аяқталмаған жұмыстар қалды. Ал ауылдық жерде мұндай ғажап ғимаратты өз қаржыларына тұрғызған осы жердің түлектері – «Елім-ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары Серік Нұрбекұлы Уәлиев пен Болат Миғразұлы Бекбердинов деген азаматтар. Олар бұл құрылысқа 170 миллион теңге қаржы бөлді», – дейді аудан әкімі Д. Мусин.
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі ісі» бағдарламасы бойынша кешенді істер атқарылмақ. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, бағдарлама аясында Самар ауылында «Ромат» фирмалық дәріханасы, «Дені сау бала – ел байлығы» жобасы аясында 15 мектеп пен екі балабақшасына спорттық тауарлар сатып алу, 60 орындық балалар демалатын лагерь салу, Көкпекті мен Самар ауылдарында хоккей қораптары мен мұз айдындарын ашу, бөбектерге жаңа жиһаз, дипломмен ауылға, ардагерлерге даңқ пен құрмет, Бастаушы ауылында мешіт салу, басқа да істер атқарылыпты.
«Қариялар азайып бара жатыр» демекші, ардагерлерге даңқ пен құрмет жобасы көпшілік көңілінен шығатын сияқты. Бір ғана мысал! Қарттар проблемасы бастан асатыны белгілі. Қарттар тұратын үйлерге су құбырын тартып беру, Самар ауылындағы Фонов көшесіндегі жолды жөндеумен коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі шұғылданады. Бұған 1,7 миллион теңге қаржы қарастырылған. «Ел іші – халық кеніші», «Ауылдарға – жаңа келбет» жобалары да өміршең болмақ. Тассай ауылындағы клубты жөндеу, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 мың көшет отырғызу, Үлкен Бөкен және Преображенка ауылдарының көшелеріне жарық тарту, жастар саябағын орнату, Көкпектідегі «Жас өркен» балалар алаңқайын көркейту, басқа да жұмыстар тындырылды. Ал қалғандары толығымен жүзеге аспақ.
Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін жиыны аудандық бюджеттен 233 миллион теңге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен 259 миллион теңге бөлініп, 102 жұмыс орны ашылды. Расында да, ауданда көп игілікті шаралардың жүзеге асып жатқаны көзге көрініп тұр. Айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі алыстан мен мұндалайды. Оған да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жаңа мешіт, соғыс ардагерлеріне арналған аллея, асфальт төселген көшелер, бой көтерген әсем дүкендер мен құрылыстар ауылға көрік беріп тұр. 18 ақпанда көкпектіліктердің тағы бір тамаша бастамасына куә болуға тура келді.
ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР
Қ. Раев атындағы балалар үйінің бір ғасырға жуық тарихы бар. Бір кездері балалар үйін Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов деген есімі елге белгілі ағамыз басқарған. Қазір балалар үйінде екі жүзге тарта бала тәрбиеленіп жатыр.
Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі мерекедегідей безендірілген. Бүгін мұнда «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі ісі» жобасының алғашқы салтанатты рәсімі өтпек. Ол «Балаларға жүректің жылуы мен махаббат сыйла» деп аталады.
Шараға аудан әкімі Д. Мусин, әкімнің орынбасарлары, депутаттар, ауыл әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер, балалар үйінің тәрбиешілері және биылғы жылы мектеп бітіруші түлектер, сонымен қатар, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ауқымды үлес қосып жүрген беделді азаматтар, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары, балалар үйінің бұрынғы түлектері, журналистер шақырылды.
Қайырымдылық балды ұйымдастырудағы мақсат – балалар үйіндегі тәрбиеленіп жатқан балаларға көмек көрсетіп, қол ұшын беру, жүрек жылуы мен сүйіспеншілік сыйлау, үміт оты мен шырақты жағу.
Шараға дайындық барысында үлкен істер атқарылды. Атап айтқанда, балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Арманыңа сен» тақырыбына шағын шығарма жазылды, шығармашылық көрме ұйымдастырылып, Қ. Раев атындағы балалар үйі туралы деректі фильм түсірілді, балалар үйінің түлектері, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің жұмыс барысы, олардың отбасылары жайлы слайдтар әзірленді.
Қайырымдылық балын ашу құрметі аудан әкімі Дүйсенғазы Мусинге берілді. Ол өзінің сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмаларының бірі – «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі іс» жобасын жүзеге асыру, аудандағы 20 игі істің алғашқы мәресі осы өткізіліп отырған «Балаларға жүректің жылуы мен махаббат сыйла» жобасының аясында қайырымдылық шарасы екендігін баса айтты.
Мерекеге келген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерді құрметтеу рәсімі ойдағыдай өтті. Әрбір меценат-демеушілер жомарттық танытып, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге арналған көмектерін арнайы жәшікке салды. Жеке кәсіпкер Қанат Айдарғазин 11 сыныпты бітіруші Оралбек Әсеттің шығармасындағы тіс дәрігері болғысы келетін арманының орындалуына көмек қолын созатынын айтып, оқу ақысын төлеуге уәде берді. Кәсіпкер Виктор Винчук ШҚТУ-да оқитын балалар үйінің тәрбиеленушісі Воронов Максимге жеке есеп шот ашып, ай сайын 5 мың теңгеден аударатынын мәлімдеді. Осындай бастамадан кейін басқа да меценаттар сахнаға шығып, өз тараптарынан көрсетілетін көмектері туралы баяндады. Аудан әкімдігі мен ауыл әкімдері биыл мектеп бітіретін 10 түлекті бітіру кешіне арналған киімдермен толық қамтамасыз ететін болды. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиялық басқарма ұжымы мектеп бітіруші 1 түлектің киімін әперуді мойындарына алды.
Жүрекжарды қайырымдылық жасауды мақсат еткен аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин өз тарапынан балалар үйіне 500 доллар тапсырып, мектеп бітіруші түлек Бекмұратов Дастанның оқуына демеушілік жасайтынын айтты.
Ең үздік деп танылған «Арманыңа сен» атты үш шығарма: Құдагелдина Ақбота, Котегин Никита, Иванченко Мишаның шығармалары меймандарға оқылды. Өз шығармасында Ақботаның арманы – «Алтын белгіге» мектепті бітіріп, медициналық академияға түсіп, хирург маманы болу. Арманы орындалып, Ақбота туған жері Көкпектіге дәрігер болып келгенде тұрғын үймен қамтамасыз ететініне аудан әкімі Д.Мусин сенім білдірді.
Балаларға көрсетіліп жатқан осыншалық көмекке риза болған балалар үйі директорының орынбасары Қ. Алтынбаев аудан әкіміне, демеушілерге алғыс айтып, еңбегіне табыс тіледі.
Осындай көрсетіліп жатқан қамқорлыққа балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан оқу озаты, дарынды оқушы Ақбота Құдагелдина жүрекжарды алғысын айтты. Кеш барысында өнерпаз балалар демеуші аға-апайларына әсем әндерін жолдаса, демеуші аға ұрпақ өкілдері де қарап қалмады. Аудан әкімінің орынбасары Е.Нұрғалиев, білім беру бөлімінің бастығы М.Ахметова, мәдениет бөлімінің бастығы М. Матанов, кәсіпкер А. Мұқашева ән шырқады.
Міне, соңында жәшік ашқан сарапшылар жиналған қаржының 1 млн. 568 мың теңге екенін жариялады. Бұл қаражат қолма-қол балалар үйінің демеушілік есеп қорына аударылды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы.