«ҚазТрансГаз» АҚ «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбырының қуатын арттыруда
Бір жылға жетер-жетпес уақытта «ҚазТрансГаз» бірнеше ірі жобаны еңсерді. Мәселен, өткен жылдың соңына қарай ұлттық операторымыз ел экономикасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбырының «С» желісін пайдалануға берген болатын.
Бұл – энергетикалық және өңірлік әріптестік саласындағы ірі халықаралық жобаның қорытындылаушы кезеңі болды.
Енді міне, кезекті рет екі мемлекеттің, яғни Қазақстан мен Қытайдың белді БАҚ өкілдері арнайы жолға шығып, шалғайда жатқан Алматы облысы Ұйғыр ауданында үлкен істің біткеніне куә болдық.
Біз бұған дейін де мына жаһан қазір табиғи ресурстар үшін таласып, қырғи-қабақ болып жатқан заманда Қазақстан айналасындағы көршілерімен қай кезде де көкейкесті болып келген көгілдір отын мәселесін тату жолмен шешіп жатқаны шынында терең саяси мәнге де ие екенін тілге тиек еткенбіз. Содан бері өзгерген дүние жоқ. Ал табиғи отынмен қамтамасыз етудің маңыздылығы сол күйінде қала бермек.
Сонымен, өткен жұма күні салтанатты түрде «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбыры «С» желісінің №4 және 8 компрессорлық стансаларын пайдалануға беру ресми рәсімі өтті. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл стансалар жалпы ұзындығы 7,5 мың шақырымнан астам «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» трансұлттық магистралды газ құбырының құрамдас бөлігі болып табылатын «Қазақстан-Қытай» құбырының қысымын көтеріп, газ өткізгіштік әлеуетін айтарлықтай күшейтеді. Ал «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбыры «С» желісінің ұзындығы – 1303 шақырым.
Бұл оқиғаның ерекше атап айтатын тұсы – заманауи техникамен жабдықталған алып компрессорлық стансалар қашықтықтан басқару жолымен, яғни кәдімгі смартфон арқылы басқару, бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен де қамтамасыз етілген.
Ендігі жерде бұл нысандардың жұмысы «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 20 миллиард текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал ең заманауи технологиялармен жабдықталған барлық үш «А», «В» және «С» компрессорлық стансалардың құрылысы толық аяқталғаннан кейін газ тасымалдау қуаттылығы жылына 55 миллиард текше метрге дейін жетеді.
Жоғарыда атап өткендей, жаңа компрессорлық стансалар әлемдегі жетекші газтурбиналық және компрессорлық техникаларын жасайтын «Rolls-Royce» және «General Electric» компанияларының инновациялық құрал-жабдықтарымен жарақталған. «ҚазТрансГаз» АҚ тапсырысымен еліміздің газ тасымалдаушы жүйесі үшін алынған газ айдаушы агрегаттардың қазірге таяу және алыс елдерде баламасы жоқ деуге болады. Өйткені, бұл технологиялар ең соңғы, ең жетілдірілген, тиімділігі жоғары инновациялық жабдықтар. Мұнан да бөлек компрессорлық стансалардың қосымша көмекші жүйелер кешені магистральды газ құбырын пайдаланудың барлық кезеңінде қауіпсіз және технологиялық тұрғыда үздіксіз газ тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Бұдан басқа, агрегаттарды әзірлеу барысында оның экологиялық қауіпсіздігі де ескерілген. Яғни, компрессорлық стансалар зиянды қалдықтарды ауаға барынша аз шығарады әрі құрғақ қалдықтарды сүзіп отыратын жүйемен қамтамасыз етілген.
Сонымен, жаңа нысандарды салтанатты түрде іске асыру шарасына Қазақстан мен Қытай тарапынан осынау жобаға тікелей жауапты компаниялар мен жергілікті билік өкілдері түгел қатысты. Бұл оқиғаның өңір үшін де, мемлекет үшін де маңыздылығын Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев атап өтті. Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтің айтуынша, бір ғана компрессорлық станса оған жақын елді мекендердің 100-ге тарта тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Сонымен, Орталық Азиядағы ең үлкен транзиттік газ құбырының қуатын артыратын компрессорлық стансаларды қосу планшет арқылы онлайн жүйеде жүзеге асырылды. Яғни КС-4 Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой стансасы маңында болса, екінші КС-8 біз тұрған Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шарын кентінің маңында орналасқан еді.
Осынау айтулы шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атқарушы вице-президенті Қайрат Шәріпбаев: «Отандық газ саласын дамыту мемлекеттік энергия саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің алдымызға экспорттық бағыттарды кеңейту, отандық газ транзитін ұлғайту жөнінде міндеттер қойды. Сондықтан «ҚазТрансГаз» экспорттық газ тасымалдау дәліздерін кеңейтуге, ең озық технологияларды өндіріске енгізуге зор көңіл бөледі. Бұл газ магистралдарының ұзақ жылдар бойына іркіліссіз жұмыс істеуіне ғана емес, тасымалдау көлемдерін қажеттілігіне қарай ұлғайтуға да мүмкіндік береді. Мысалы, пайдалануға берілетін компрессорлық стансалар «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбырының өткізу қабілетін кейіннен ұлғайту мүмкіндігін ескере отырып жобаланған. Яғни, 4-ші желі салынған жағдайда жаңа компрессорлық станса салып, оған қомақты ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Біз барлық бұрмаларды төсеп қойғандықтан, тек жаңа желіні қосу қалды. Бұдан басқа, осы өңірлердің барлық тұтынушыларын газға қосуды қамтамасыз ететін бұрма газ құбырлары көзделген», – деп атап өтті.
Сонымен, құрылысы 2013 жылы басталған стансаның негізгі тапсырыс берушісі «Азиялық газ құбыры» ЖШС мен «СРСС» ЖШС біріккен кәсіпорны болып табылады. Аталмыш компаниялар атынан «Азиялық газ құбыры» ЖШС бас директоры Чжун Фань сөз алып, стансалардың сәтті жұмысқа қосылуымен құттықтап, жобаны жүргізу барысында ұдайы қолдау білдіріп отырған «ҚазТрансГаз» компаниясына үлкен алғысын білдірді.
Қалай десек те, бұл нысандардың іске қосылуы бірқатар стратегиялық мақсаттарды шеше алады. Оның ішінде ішкі нарықты газбен іркіліссіз қамтамасыз ету үшін оңтүстік дәліздің газ тасымалдау қуатын арттыру да бар. Және Қытай бағытындағы экспорттық мүмкіндіктерді ұлғайтып, оған қоса еліміздегі магистралды газ құбырларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіруге мүмкіндік береді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы