Тарихшылардың пайымына салсақ, Қараөткелдің бойы сауда жолдарының тоғысатын тұсы болғандықтан, бірнеше ғасыр бұрын да бұл төңіректе жәрмеңке қыз-қыз қайнап жатқан екен. Қараөткел жәрмеңкесінің даңқы мен дақпырты туралы дерек көп. Сол сияқты, соңғы бірнеше жылдан бері елорда облыстардан келетін азық-түлік керуендерінің ат басын тірейтін жеріне айналды. Әсіресе, жаз ортасынан ауып, көкөніс пен жеміс-жидек пісіп, төрт түлік мал ет жинаған уақытта жәрмеңкенің базары қайнайды. «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясындағы облыстардың Астанадағы күндері жәрмеңкеге одан сайын жан бітіріп, жаңа дем бергені байқалады.
Биылғы жылы бас қалада апта сайын жәрмеңке өтіп, сауданың көрігі қызатынын елордалық тұрғындар жақсы біледі, апта сайынғы әдет бойынша, сенбі-жексенбі күндері «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын бетке алатындар көп. Бұл жолы бас қалада Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары жәрмеңкені бірлесіп өткізді.
Екі облыстың ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші кәсіпкерлері елордаға 100 тоннадан астам ет пен ет өнімдерін, 25 тонна балық, 100 тоннадан астам көкөніс, 24 тонна сүт пен сүт өнімдерін жеткізіпті. Бас-аяғы 400 тоннадан асатын азық-түлік түрлері сөреге түсті. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Астана әкімі Әсет Исекешев жәрмеңкеге өздері де келіп, сауда шатырларын шолып, бағаларды көріп кетті.
Мұнайлы Маңғыстау облысының бекіресін, кефаль балығын сатып алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрғандарды көрдік. Сорпасы бал татыған бекіре бас қалада күнде сатыла бермейтіні түсінікті, оның үстіне бағасы да көңілге қонымды. Сонау Каспийден ауланып, Есілдің бойына тірі күйінде жеткізілгенін де айта кету керек.
– Бекіре тұқымдас балықтың килосы Астана базарларында 6 000 теңге тұрады. Біз 3500-ден сатып жатырмыз. Кефаль Астанада 1200-1300 теңге, біздің жәрмеңкеден жұртшылық 1000 теңгеге алып жатыр, – дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Болат Тұяқов.
Жәрмеңке алаңының қақ ортасында, әуітте жүзіп жүрген бекірелер Қарғалы ауданындағы «Ардағым» шаруа қожалығында өсіріліпті. Балық шаруашылығымен ширек ғасырдан бері айналысып жатқан «Ардағым» 10 жыл бұрын бекірені қолға алыпты. Осы жолы елордаға 750 кило сібір бекіресін алып келген, себебі алыс жолға шыдамды тұқымы осы екен.
Мұздатылған бекіренің килосы 3500-ден екенін біз де көріп-білдік. Ал тірі күйінде суға салып әкелген балықтар қымбаттау, килосы – 4 000 теңгеден.
– Өзіміз қызыл балық үшін әдейі ертерек келдік. 2 балық алдым, ақшасы да біраз болды. Бірақ басқа жерлермен салыстырғанда арзандау екені рас. Бекіре күнде келіп жатқан жоқ қой, – дейді Болат Әмірғали есімді қала тұрғыны. Түс аумай жатып жұрт бір жарым тонна балықты ту-талақай сатып алып кетті.
Майлы қиян Маңғыстау көмірсутегі секторының арқасында ел бюджетін еселеп жүрген өңір екенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Десек те, аграрлық сектор да біршама дамып келе жатқанын айтпай кетуге болмайды. Бұл өңірдегі мал шаруашылығының басқа аймақтардан ерекше жақтары бар. Кей аудандарда төрт түлік мал жылдың төрт мезгілінде жылы қораға қамалмайды екен. Бірақ тереңнен су тартатын құдықтардың мәселесін шешу де оңай емес. Соған қарамастан, әуел бастан келелі түйе, үйірлеп жылқы ұстаған аталарының жолын қуып, осы екі малдың басын көбейтіп жатқан шаруашылық иелері аз емес. Облыстағы 1 160 шаруа қожалығының арқасында мал да, мал өнімдері де жыл санап артып келеді. Күні кеше ғана елордалықтар арасында Маңғыстаудан келген бал татыған шұбат ерекше сұранысқа ие болғанын да айта кетейік.
Жер бедері шөл мен шөлейттен тұратын өңірде шаруашылықтың қай түрінен болсын өнім алу оңайға түспейтіні түсінікті. Жайылым жерлердің аздығы, су тапшылығы, табиғаттың құбылмалылығы, қапырық ыстық, өнімнің табиғи жағдайларға тікелей тәуелді болуы аграрлық саланы дамытуға айтарлықтай кедергі келтіреді. Соған қарамастан, облыс халқын өз өңірінің өнімімен қамтамасыз етуде тиісті қадамдар жасалып жатқанын атап өткен жөн. Соның арқасында маңғыстаулықтар тұтынатын азық түліктің кейбір түрлерін, мәселен, еттің 39,1 пайызын, сүттің 24,5 пайызын, жұмыртқаның 20 пайыздан астамын жергілікті кәсіпкерлер, фермерлер өндіреді. Жергілікті сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар қажетті шикі сүтті Ресейден, Белорусиядан алдырады екен. Ал ет өңдеуші кәсіпорындар еліміздің өзге өңірлерінен, таяу және алыс шетелдерден ет сатып алады. Жыл санап төрт түліктің санын көбейтуге көңіл бөліп жатқан өңір болашақта қажетті шикізаттың барлығын өзі шығаруды жоспарлап отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Болат Тұяқов айтқандай, әкімдік алдағы уақытта сапалы өнім шығарумен айналысатын кәсіпорындарды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады.
Азық-түлік жәрмеңкесіне облыстың 12 ауданы мен Ақтөбе қаласының кәсіпкерлері ат салысыпты. Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевті тудырған өңірдің аул шаруашылығы өркендеп келе жатыр десек, артық айтпаймыз. Сөреде самсап тұрған 120 түрлі өнімнің бағасы да жергілікті дүкен, базарлармен салыстырғанда айтарлықтай арзан көрінеді. Өңірдің делегациясын бастап келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жәрмеңкенің нарқын өзі шолып шыққанын жоғарыда айтқанбыз. Баға әжептәуір төмен. Мәселен, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сынды көкөністердің килосы 50 теңге шамалы.
– Осы жәрмеңке кезінде қысқа керекті азық-түліктерімізді алып қалып жатырмыз. Ырғыз ауданының етінен 100 келідей алдым. Жылқының еті 1200 теңгеден екен, сиыр еті 1000 теңгеден, қой еті де қымбат емес – 950 теңгеден. Ырғыздың балығы жақсы деп естимін, бірақ бұл жолы балық алмадым, – дейді жәрмеңкеге келген тұрғындардың бірі Болат Сатыбалдиев.
Жәрмеңкеге «Ай+» ЖШС, «Молочные историй-А», «АНДИ», «Рамазан», «Ақтөбе-Нан», «Степное», «Рокос», «Габор», «Изет Грин Хаус», «Ақтөбе жылыжай», «Агрофирма Көктем», «Пригородный» және «Ақтөбе Фудс» өз өнімдерін сатуға шығарған. Қазан айының алғашқы жауынды күніне қарамай жәрмеңкеге ағылған жұрт өз керегін қалағанынша сатып алуда.
Қымызды қазақтың брендіне айналдыру керек деп ұрандайтындар көп болғанымен, оны заманауи маркетинг талаптарына сай өңдеп, шөлмекке құйып, сөрелерде самсатып қою жағы ақсап тұрғаны жасырын емес. Бұл орайда, Алға ауданының қымызы Ақтөбені былай қойып, республикаға танылып келе жатыр деуге болады. «Абылай» шаруа қожалығының қымыздары литрі 500 теңгеден саудаланып жатыр екен. «Абылай» қымызы сияқты, өнімді әзірлеуді де, жарнамалауды да, сатуды да жақсы үйлестіретін кәсіпорындар көбейсе игі!
Бұл облыста аграрлық сектордың басқа салаларына қарағанда, мал шаруашылығы жақсы дамып келе жатыр деуге болады. Облыс әкімдігінің деректеріне сүйсенсек, аграрлық салаға бөлінетін субсидияның ірі бөлігі төрт түлік мал санын көбейтуге, өнім көлемін арттыруға арналады екен. Өңірде ет пен сүт өңдеу цехтары ашылып жатыр. Сонымен қатар, ауылшаруашылық кооперативтері де көптеп құрылуда. Биылғы жылдың 6 айында ғана облыс бойыша осындай 41 кооператив құрылған екен.
Аймақта биыл қолға алынған тағы бір бастама – «Ауыл азаматтарын жұмыспен қамту» қанатқақты жобасы. Осы мақсатқа 2,5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Алғашқы нәтиже жаман емес, 550 ауыл тұрғыны қаражат алып, 1,3 миллиард теңгеге шағын фермалар бой көтере бастаған.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойының қарсаңында астаналықтарға азық-түлік керуенін аттандырып, түрлі жеңсік аспен елордалықтардың көңіл-күйін көтеріп жүрген облыстардың жәрмеңкелері 6 қарашаға дейін жалғасын табуға тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»