05 Қазан, 2016

«Қалтқысыз қызмет етеміз»

582 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ortalyk-1Ел тыныштығы, қоғам қауіпсіздігі мемлекет үшін аса маңызды мәселе. Ал бейбіт заманда ел іші тыныштығын ең алдымен, ішкі әскерлер күзететіні мәлім. Солардың арасындағы ауқымы жағынан ең үлкені – «Орталық» өңірлік қолбасшылығы. Оның құрамына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы тиісті әскери бөлімдер мен Ұлттық ұланның Астана қаласында орналасқан он әскери бөлімі енеді. Жақында осы «Орталық» өңірлік қолбасшысы генерал-майор Еркін БОТАҚАНОВПЕН әңгімелесудің орайы келді. – Еркін Советбекұлы, алдымен қолбасшы ретінде Ұлттық ұлан­ның қысқаша тарихы мен рөліне тоқ­талып өтсеңіз. – Бірден айталық, Қазақстан Қа­рулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған сәттен-ақ құқықтық тәртіпке айрық­ша көңіл бөліп, егеменділік туралы Декларация қабылданғаннан кейін бір айға да жетпестен, алғашқы күштік құрылым ретінде Ішкі әскерді құру туралы Жарлық шығарған болатын. Ішкі әскерлеріміздің дербес жауынгерлік тарихы да сол 1992 жылдың 10 қаңтарынан басталады деуге болады. Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты орындап, азаматтардың, жалпы халықтың конституциялық құқықтары мен қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тыныштығы мен тұрақты­лығын қорғауда қалтқы­сыз қызмет атқарып келеді. 2014 жылдың 21 сәуірінде елі­міздің Ішкі әскерлері Президент Жар­лығымен Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Бұл, әлбетте, аталған әскери құрамды заман талабына сай жасақтап, жетілдіру мақсатында жасалған оң қадам болды. Уақыттан қалмай іл­гері­леп, мүмкіндігінше дамып отыру қай салаға да тән. Жалпы адамзатқа қа­уіп төндіретін лаңкестік, экс­тремзим, се­паратизм тәрізді зобалаңдар Қазақ елінде де қылаң бере бастағаны жасырын емес. Олармен күресте ел ішінде ғана емес, әлем болып күш бі­­рік­тіру қажеттігін әр жерде орын алған оқиғалардың өзі дәлелдеп отыр. Бейбіт халықты осындай оқиғалардан қорғауда қырағылық, ұтқырлық, шап­шаң­дық танытып жүрген Ұлттық ұланның бүгінгі рөлі ерекше. – Енді нақты өзіңіз басқарып отырған «Орталық» өңірлік қол­бас­шы­лығы туралы айтқаныңыз орын­ды болар? – «Орталық» өңірлік қол­бас­шы­лығы бойынша күн сайын 2500 әс­кери қызметші  жауынгерлік қыз­метін атқаруға шығады. Солардың 1600-і түзеу мекемелерін күзетсе, 900 адам қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметке кіріседі. Олар жауынгерлік қызметтерін Астана, Қарағанды, Жезқазған, Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Степногор сияқты ірі қалаларда атқарады. Азаматтық қор­ғаныстың 52859 әскери бөлімі де 2014 жылы, Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығына енгізілді. Ұлттық ұланның құрамына аза­маттық қорғаныстың әскери бөлімдері енгізілген соң, жүктелетін міндеттер мен жауапкершіліктің де артқаны түсінікті. Әсіресе, былтыр мен биылғы жылдары ауа райының тосын мінез танытып, жауын-шашынның мол болуы біраз қиындықтар туғызды. Көктемде күннің күрт жылынуынан Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қара­ғанды облыстарындағы біршама елдімекендерді су басу қаупі төнді. Сол тұстарда қатердің алдын алу мен зардаптарын жою жұмыстарына Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451, 52856, 5516, 6637, 6697 әскери бөлімдер­ден 700-ден астам адам, 100-ге жуық тех­ника жұмылдырылды. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қара­ғанды облыстарындағы су басу қау­пі жоғары елдімекендерден екі мың­нан астам халық осы әскерилердің кү­шімен қауіпсіз жерлерге көшіріліп, керек-жарақтармен қамтамасыз етілді. – Бейбіт заманның өзінде басын қатерге тігіп, басқаның өміріне араша түсіп жататын азаматтарымыз бар. Мақтанышпен айтатын сондай ер жігіттердің бірнешеуін атап өтсеңіз... – Ұлттық ұланның әскери қыз­метшілері ел азаматтарының конс­титуциялық құқықтарын қорғауда тыным тауып көрген емес. Заман қанша тыныш десек те, көп ішінен «бүйректен сирақ шығаратындар» шықпай тұрмайды. Ел тыныштығы үшін кеудесін оққа тосатын Ұлттық ұлан сарбаздары да аз емес. Айталық, Асылбек Қоңыров, Ербол Отарбаев, Жандос Баянбаев сынды ерліктің үлгісін көрсеткен ұландықтар «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталса, қарағандылық полковник Қайрат Үмбетов бейбіт күндегі көзсіз батырлығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан мемлекетіміздің жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Қазақ елі қай заманда да батыр да батыл перзенттерге кенде болмаған. Оның ішінде ерекше іріктеуден өтетін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Отанға адал қызмет етуге берген антынан айнымақ емес. Олар халқымыз­дың конституциялық құқықтарын қыз­ғыштай қорып, дер кезінде көмекке келуге қай кезде де әзір! – Әңгімеңізге рахмет.  Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ