Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВПЕН сыр-сұхбат
– Мырзеке, мен сіздің бұрынғы берген сұхбаттарыңыздың бірінен қазақ даласында аты аңызға айналған «Кенен Әзірбаевтың туған баласындай, қимас сырласындай болғанымды мақтаныш тұтамын» деген сөздеріңізді оқыған едім. Сіз ол кісімен он жылдан аса араластыңыз. Ол кісінің өмірін де, өнерін де, шығармашылығын да барынша терең зерттедіңіз. Қазақ ақын-жазушыларының, әдебиет зерттеушілерінің ішінде ол кісі жөнінде сізден көп білетін, сізден көп жазған ешкім жоқ десем, мұның өзі шындыққа қылдай қиянат болмайтынына сенімдімін. Бүгін сізден Кенекең туралы әңгімелеп айтып беруіңізді сұрағалы отырмын. – Иә, Кенекең менің өмірдегі, өнердегі туған ағамдай, әкемдей болған, халқымыздың ақындық, жыршылық өнерін, жарқылдаған алмастай көптеген асыл қасиеттерін терең танып, білуіме сәулесі мен жарығын түсірген, болмыс-бітімі де, жүріс-тұрысы да бөлек, табиғи дарын-таланты да ешкімге ұқсамайтын, Алатаудың шыңындай ойы да, бойы да биік, әсем үнді, ділмәр тілді, мінезге бай, көпшіл, қонақжай, ерекше жан еді. Ол маған ғасыр бойы жасаған байтақ мұрасымен, бәйтеректей бойымен көзге де, көңілге де өзгеше бір жұмбақ жандай, данышпан абыздай болып көрінетін. Кенен туралы да, оның ұлы ұстазы Жамбыл туралы да айта берсек, мұның өзі шет-шегі жоқ, таусылмайтын ұзақ әңгіме. Мен өз өмірімнің едәуір уақытын халқымыздың екі бірдей ғасырды бастан кешкен осы екі бәйтерегінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, сол туралы жазуға арнадым. Оларым мақалалар, зерттеулер, эсселер, кітаптар, телехабарлар, киносценарий болып жарық көрді. Сөйтіп, айтарымды айтқан, жазарымды жазған адаммын. Әруақтары риза шығар. Сондықтан, қазір сенің сұрақтарыңа жауап бере отырып, Кенекеңмен тікелей араласқан, біліскен, шуағына, шапағатына бөленіп, жанында болған кездерімді, Кенекең өмірінің өз аузынан естіген, өзім жақсы білетін кейбір оқиғалары жөнінде ықшамдап әңгімелеп бергенім жөн болар. Бүгін осында өзімнің Кенен туралы жазылған мақала, эсселерім кірген бірнеше кітаптарымды ала келдім. Кенекеңнің бүкіл өмірі өлеңмен өрілген ғой, ол өлеңдердің барлығын қазір жатқа білмеймін. Ара-арасында, әсіресе, Кенекеңнің айтыстары, шығарған ән-жырлары туралы сөз болғанда соларға да көз жүгіртіп, қарап отырармын. – Онда әңгімені Кенекеңмен алғаш қалай танысқаныңыздан бастасақ. – Кенекеңмен 1964 жылы кіші ұлы Бақытжанды КазГУ-ге оқуға түсіруге алып келген кезінде таныстым... Баласы оқуға түскен соң Кенекең бізді Қордайға қонаққа шақырды. Бардық. Сексенге келсе де кәрілікке бой алдырмаған, суытылған бәйге атындай, қуатты, ширақ Кенекең бізді үлкен ықыласпен қарсы алды. Келген құрметімізге мал сойып, кешкісін ауылдағы жастарды жинады. Бәрі шетінен өнерпаз екен. Кенекең жыр төкті, ауыл жастары тамылжытып ән салды. Мен ақынның қызы Төрткенді (шын аты – Төрткемпірбіршал) сол жолы алғаш көрдім. Әнді барынша бабына келтіріп, иін қандырып айтады екен. Заты әйел дегені болмаса, әншілігі атасына аумай тартыпты. Көп кешікпей, сол кезде мен Кенекеңнің сексен жылдығына арнап теледидардан бірнеше хабар бердім. Ол кісінің әнші қызы Төрткенді де көпшілікпен таныстырдым. Сөйтсем, жұрт Кененді дүниеден өткен, баяғыда бақилық болған аңыз адамындай көреді екен. Ол кісінің тірі екеніне сенбей, хатты, сұрақты қарша боратты. Содан соң амалсыз телеэкраннан Кенекеңнің өзін көрсетуге мәжбүр болдық. Кафедрадағы өзге оқытушылардай емес, мен сол кезден бастап Кенекеңнің өзінің шығармашылығына және Жетісу өлкесінің ғана емес, бүкіл қазақ, қырғыз халықтарының ақындары, жыршылары, күйшілері, сал-серілері туралы айтатын байтақ әңгімелеріне бірден қызығушылық танытып, тәнті болдым. Соларды айтқыза бергім, тыңдай бергім келетін үнемі. Ол кісінің өмірін, шығармашылығын зерттеуге менен басқа, менімен қатар Нысанбек Төреқұлов деген әдебиетші азаматымыз да бірқатар ат салысты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында «Өнер» баспасынан менің және Нысанбек Төреқұловтың Кенекең туралы бірлесіп жазған «Тоқсан толғау» деп аталатын ғұмырнамалық эссе кітабымыз «Өнердегі өнегелі өмірлер» сериясымен жарық көрді. – Осы жерде, әуелі Кенекеңнің шыққан тегі, әкесі Әзірбай туралы қысқаша айта кетсеңіз. – Кенекеңнің аталары Ұлы жүздің дулат руынан, соның ішінде жаныстан тарайды, қасқарау. Арғы атасы Тайторы деген кісі екен. Одан сегіз бала болыпты, бесеуі – бәйбішеден, үшеуі тоқалдан. Бәйбішеден туған бесеу Қопа деген жерде тұрыпты. Өздері шетінен сауықшыл, шабандоз, аңшы, домбырашы, өлең айтқыш, күлкішіл, ойыншыл екен. Бір жылы елге «Ақ қоян» деген жұт келіп, бесеуі бар малынан айырылып, тақыр кедейге айналып шыға келеді. Содан, жоқшылықтан, «бес жалаңаяқ» атанады. Олардың өнерін жоғары бағалаған Сүйінбай «Қасқарауда тоғыз құт бар, соның бірі – бес жалаңаяқтар» деген екен. Сол бес жалаңаяқтың бірі Мандабайдан Әзірбай, Ниязбай, Әбденбай атты үш ұл тарайды. Олар да шетінен сауықшыл, той-думанның сәні болыпты. Мандабай: «Барлығың тойшы болсаңдар аштан өлерміз, біреуің қойшы бол», деп Әзірбайды күштеп мал артына салыпты. «Менің әкемнен қырсық ажырамай қойыпты, – деп еске алушы еді Кенекең. – Азамат болған екі баласы өледі. Олардың шешесі Алуа да қайтыс болады. Екі қызын ұзатады. Сөйтіп, қараша үй иесіз қалады. Әкемнің алпысқа таяп қалған кезі, Кебекбай, Қарабай деген тәуір кісілерге атқосшы болып жүреді екен. Кебекбай бізге аталас, елге өте беделді кісі болған. Оның біздің шаңыраққа көрсеткен шапағаты аз емес. Сол Кебекбай мен Қарабай оған жандары ашып, өздерінің Ақыш деген батыр жолдасының Ұлдар деген қызын, жылағанына қарамай, көндіріп, әкеме алып береді. Сол Ұлдардан мен туыппын. Шешем бойшаң, сұлу адам болыпты, өзі әнші, дауысы өте келісті, өлеңді қиыстырып айта береді екен. Ауылдағы жиын-тойдың гүлі болыпты. Менен кейін анамыз Бибісара деген қыз туды. Ол да анам сияқты өте көрікті, сұлу еді. Кейін Бибісара да, анам да қайтыс болды. «Екеуіне де көз тиіп өлді» десетін ел. «Байдың әйелі өлсе төсегі жаңғырады, кедейдің қатыны өлсе, басы қаңғырады» дегендей, әкем байғұс мені құшақтап, тағы да аңырап қала берді». – Біз Кенекең туралы баспасөзде жарық көрген дүниелерден оның балалық шағының асқан қиыншылықта, жоқшылықта өткенін білеміз ғой. – Иә, Кененнің балалық шағы жеңіл болмаған. Шешесі өлген соң әкелі-балалы екеуі үйреншікті кедейлігіне ендігі жерде есепсіз қайғы-қасірет қосылып, күңіреніп, күйзеліп, қараша үйді күзетіп қала береді. Қашанғы отырсын, тірі адамға тіршілік керек, күнкөрістің қамымен Әзірбай Кененді інісі Әбденбайдың қолына тастап, өзі ұзатылған қыздарына кетеді. Бірақ Әбденбайдың шайпау әйелі Әлиман: «Шешесін жалмаған сорлының соры жұғады» деп, бейкүнә баланы өз балаларымен бірге жатқызбай, бөлектей береді. Орынсыз жәбірлеп, мүйіздейді. Өз балаларына қаймақ, қатық берсе, Кененге шалап айран, қаспақ береді. Ақыры, үйіне сыйғызбай, қуып шығады. Мұны естіген Әзірбай шыдай алмай, қайтып келіп, қараша үйді қайта тігіп, үш ешкі, бір қой сауын алып, жұлым үйде бөлек отыра береді. «Ешкі, қойды атам сауады, мен ұстап беремін. Көршілердің қашаған қойларын да ұстап беріп, «елгезек, тілалғыш бала» атандым. Шешемнің абысын-ажын құрбылары қас-қабағыма қарайды, есіркеп, «Қандай еді, қайран Ұлдар-ай» деп маңдайымнан сипайды. Ол кезде әкем менің алпыс жаста, Байғұстың баласы жоқ менен басқа. Баға алмай мен жетімді шешесі өлген, Жыласа көзі толған қанды жасқа, – деп еске алатын Кенекең. – Қазақта «Әкесі өлген жай жетім, шешесі өлген шын жетім» деген сөз бар ғой. Ертеде бір балаға жан алғыш Әзірейіл келіп: «Әкеңді алайын ба, шешеңді алайын ба?» дегенде, ол: «Әкемді алсаң, ал құдай, шешемді қой, шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой» депті деген де тәмсіл бар ел аузында. – Кенен осылай шын жетімдіктің тақсіретін тартады. Жасы тоғыз-онға келгенде ол Құлшабай, Әлмен деген туыстарының қозысын жаяды. Әкесі «Бір қозы немесе лақ болса да бергенін ала беруіміз керек, айтқандарын істей ғой, қарағым» дейді. Кененнің сол кезде ақ күшігі, ала мысығы болады. Екеуін еркелетіп, аузындағы тамағын жырып беріп, асырайды. Ақ күшігі тымағын, таяғын тістеп алып жүреді. Өзі түрлі ойын біледі. Қоянды қоймайды. Өсе келе таласқан төбеттерді пора-пора қылатын болады. Кенен екеуін де жақсы көріп, қайда барса да қасынан қалдырмайды. Мысығы мияулап, күшігі шәуілдеп, үшеуі бірге жүргенде, ойламаған жерден тағы бір дос табады. Сол ауылдағы бір адамның ешкісі үш лақ туады. Ондай жағдайда ауылдағы балаларды жарыстырып, үшінші лақты озғанына беретін ғұрып бар екен. Үш шақырым жерден жарысқан қырық шақты баладан ерке болып өскендері ентігіп, жолда қалып, кедейдің күнде жарысып ойнап жүрген бір топ тасөкпе балалары алға шығады. Солардың ішінен қара борбай, ұзын сирақ болып өскен Кенен озып, бірінші болып келіп, ақ лақты алады. Үйіне көтеріп әкеліп, құлағына қызыл шашақ, мойнына тұмар тағып қояды. Сүт, нан беріп асырайды. Ақ лақ күндіз Кененнің артынан қалмайды, түнде бырт-бырт күйсеп қасында, ал ала мысығы қойнында, ақ күшігі аяқ жағында жатады. «Бала күндегі достарым солар еді» дейтін Кенекең. Кейін ақ лақ есейіп, сүтті ешкі болады. Өзі ылғи егіз туады. Келе-келе тұқымы көбейіп, бір қора ешкіге, өзі төлбасына айналады. Кенен бала кезінен-ақ әкесінен естіген Сүйінбай, Қаңтарбай, Құлмамбет, Қуандық, Сарбас, Майкөт, Майлықожа, Шөже, Түбектің өлеңдерін, әндерін құлағына құйып өседі. Әкесі үйде жүргенде соларды ыңылдап айта береді екен. Бала шағында ән мен өлеңге өзі де үйір болған әкесіне кезінде үлкендер «Қаңғып, шаруадан қол үзіп, жын қуып кетеді» деп, ақындық жолға түсуіне ерік бермепті. Әкесі ұлының әнге, өлеңге икемділігін көріп, қуанып, оған: «Құлыным, бағың жансын, ең болмаса енді сен ақын болшы» деп, өлең, әндерді өзі үйретеді екен. Шешеден жастай жетім қалып, күндіз қой, қозы бағып, түнде қой күзетіп, тауқымет, қиындықты бастан кешіп жүрген Кенен «Бозторғай» атты алғашқы әнін он бір жасында шығарады. Бұл ән оның кеудесіндегі қайғы-мұңның, анасын аңсаған өксіктің, тартып жүрген тән азабы мен жан азабының ышқынған айқайы, ән болып тебіреніп, сыртқа шыққан көрінісі еді. Бұл ән оның ақындық, әншілік, композиторлық, серілік өнер жолына түсуіне тұсауын кескен тырнақалды шығармасы деуге болады. Бұл әнді кешікпей-ақ қойшы-қолаң, әр ауылдың сауыққой жастары бірінен бірі үйреніп, айта бастайды. Аз уақыттың ішінде бүкіл Жетісу жеріне жайылады. Одан қырғыз асады. Моңғол қазақтарына жетеді. Қаратау қойшылары оны өз әніміз деп шырқайды. Атырау, Арқа қойшылары да өзіміздің «Бозторғай» деп кетеді. Сөйтіп, Мәтібұлақ басынан қанат қаққан «Бозторғай» бүкіл халықтың «Бозторғайына» айналады. – Мен Кененнің «Бозторғай» әнін он бір жасында шығарғанын білмеуші едім. Сол кезден бастап, бір ғасырдан астам уақыт ұмытылмай айтылып келе жатқан осы бір ғажап әнді небәрі он бір жасар баланың шығарғанына таңданбау мүмкін емес. Бұл Кенен атамыздың бойындағы табиғи дарынның, әншілік, композиторлық, ақындық қуаттың әуел бастан-ақ қаншалықты зор болғанының айғағы секілді. Жетім баланың мұңды көңілінен жарып шыққан қамкөңіл зарлы әуенге сөздері қалай мүлтіксіз үйлеседі! Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей, Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей. Ат қылып ақ таяқты қолыма ұстап, Сандалып қой соңында ерте, кешке-ай. Ей-й-й, бозторғай, Шырылдайсың шіркін-ай, Құтылар күн бар ма екен, Қой жаюдан бір күн-ай! Осы күнгі балаларға таңертеңнен кешке дейін тамақ ішпей, қой соңында салпақтап жүру дегенді айтса сенгісіз, ертегі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өмірде солай болған ғой. «Құтылар күн бар ма екен, қой жаюдан бір күн-ай» деген сөздерде қаншама күйініш, қиналыс, жарық, жақсы күндерді аңсау жатыр. Отырсам қой күзетіп таң атпайды, Жүргенде қой соңында кеш батпайды. Қарайтын қабағыма бір адам жоқ, Бел шешіп жылы орынға бір жатпаймын, – делінетін екінші шумақтағы сөздері қандай! Жетім баланың, қойшы баланың жан күйзелісін қалай дәл жеткізіп тұр. Бұл әннің сол кезде қанатын кеңге жайып, қазақтың байтақ сахарасына тез тарағаны, мал соңында, қой күзетінде жүрген мыңдаған жасөспірімдердің, кедей балаларының көңіл күйлерін дәл шертіп, жан сырын қозғайтын әуенге айналып кеткені заңдылық сияқты. – Иә. Ол әнді жалғыз бала Кененнің ғана емес, барша жалшы атаулының ортақ зары, кедей атаулының гимні еді деуге болады... Үлкен жиын-тойды Кенен алғаш рет он үш жасында көреді. Әкесі біреудің арық көк ала тайын сұрап алып, «Бар, қызық көріп келе ғой» деп баласын соған мінгізіп, тойға жібереді. Кененнің сондағы көргендері ұмытылмай, өмір-бақи есінде қалып қояды. Сол тойда ол қазақтың атақтысы Ноғайбай биді, қырғыздың атақтысы Шәбден манапты, қазақтан Сарбас, Қуандық, қырғыздан Тоқтағұл, Қалмырза сияқты ақын-жыршыларды, қазақ, қырғыз балуандарының күресін, найзагерлерінің сайысын көреді. Әңгімелескен Болат Бодаубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріАлматы облысында үш ауысымды мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатыр
Аймақтар • Бүгін, 15:55
Президент энергетиктерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды
Президент • Бүгін, 15:20
Қосшыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі төмендетілді
Оқиға • Бүгін, 15:11
Ауыл – біздің мәдениетіміз бен дәстүріміздің негізі - Ерлан Қошанов
Аймақтар • Бүгін, 14:34
Президент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Президент • Бүгін, 14:09
Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Бүгін, 13:24