06 Қазан, 2016

Алтын күздің айшығы

1278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
kuzҚазақтың жыл мезгілдерінде, ай атауларында табиғаттың ерекшеліктері мен тұрмыс-тіршілік, шаруашылық сипатына сай айшықты нышандар орын алған. Халық жыл он екі айды шартты түрде 2-ге бөледі: алты ай жаз, алты ай қыс. Тіршілік жазда жазылады, жадырайды, ал  қыста тарылып, қысылады. Дуализм (дүниені екіге бөлу) танымынан туындаған шартты екі кезең іштей тағы екі бөлініп, жылдың төрт мезгілін (көктем, жаз, күз, қыс) түзейді. Қазір табиғат-анаға қоңыр күз қоныс тепкен. Шаруаның қорытындысы шығарылатын күз айларының атауы да сол мезгілде атқа­рылатын істің мазмұнына сай. Ол айлар атауы – қыркүйек пен қазан. Қыркүйекте мал шаруашылығының қауырт жұмысы қолға алынса, қазанда – егін, яғни жиын-терін мә­реге жетеді. Алдымен, «қыркүйектің» маңы­зын саралап өтейік. Малшы шаруа тіршілігінде бұл айдың маңызы ерекше. Себебі, қыркүйекте мал ша­руа­шылығына қатысты аса маңызды науқан жүреді. Ол – болашақ төлдің басын көбейтуге (қазіргі түсінікпен айтсақ, капиталды еселейтін) сеп болатын күйек алу науқаны. Науқан шамамен 40 күнге созылатын болғандықтан «қырық күйек» атанған. Қос сөздің кіріге бірігуінен алғашқы бөлігі – «қырық» сөзі қысқарып, тұтастанып бі­рігіп, «қыркүйекке» айналған. Сондықтан, «қыр­күйек» атты ай  атауы сол науқанның маңы­зына байланысты қалыптасқан деп тұжырымдауға болады. Күйек алу айына қолданылатын «қырық» саны халықтың аспан жұлдыздары­ның қозғалысын бақылаған астрономиялық түсі­нігінен туындаған. Түлік күйекке түсер айда Үркер жұлдызы туып, түнгі аспан көгінен орын тебеді. «Үркер туса – таң суиды, Сүмбіле туса – су суиды» дегендей, осы кезде күздің ал­ғашқы белгілері орын ала бас­тайды. Үркер жұлдызы 40 күнде көкке биік өрлеп шығады. Осы уақыт аралығында шаруа күйек алу науқанын атқарып шығуы қажет. «Үркер туса, қошқар тұмсығын көтереді» деген шаруа мақалы осыдан қалған. Күйек дер кезінде жүргізілсе, «алты ай қыстан» аман шыққан төрт түлік көктемнің қолайлы шағында (күн жылынып, көк тебін­деп шыға бастаған тұс) төлдеп, жаңа туған төл таяқтанып кетеді. Қазіргі фермерлер осыны ескере ме екен? Қазақ халқы Үркер туған айдан, яғни күз мезгілінің жаңаша ай атауларымен бел­гілегенде қыркүйекке тура келетін айдан үлкен үміт күткен. Демек, қыркүйек – үміт айы. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайдың даңқты туындысы «Үркер» романының атауы Ресей­ге иық артып, екпіні қатты жоңғардың бетін қайтармақ болған Әбілқайыр хан­ның, халықтың үмітін көркем түрде бейне­легендіктен туындағаны сөзсіз. Қазіргі тұрмыс-тіршілігімізде қыркүйек жаңа оқу жылының басталуымен айшық­талады. Жұмыр жер бетіндегі жұртпен білім-ғылым, өнер, дәулет жолындағы тартыс бә­се­кесіне араласып, ДСҰ-ға кірген, ұзақ жыл­­­дарға бағытталған «Қазақстан-2050» Стратегиясында бәсекеге қабілетті дамыған отыз елдің қатарына енуді мақсат еткен біздің елге қазан айының маңызы ерекше болып тұр. Білім саласында күрделі реформалар жүруде. Әзірге ол реформаның үміттен гөрі күдігі басым екені де рас. Ал енді қазан айының атауы егін шаруа­шылығының жай-күйіне байланысты туын­даған. Қазан деген сөз «аяқталу», «таусылу», «біту» деген мағынаны білдіреді. Түбірі кәдімгі адам ғұмырының тоқтауына байланыс­ты айтылатын «қаза болды, қаза тапты» деген ұғым. Қазан айында көкөніс, жеміс-жидек «қазан» болады, яғни олардың тіршілігі мүлдем аяқталады. Көкөністердің тірші­лігі таусылар алдында оларды «күйек» (0-ден тө­мен температура) ұрады. «Күйек» ұрған көк­өніс сабағы қарайып, жапырақтары солып  қалады. Қазан айында диқан шаруаның жиын-терімі қамбаға ауысады. Іргесі берік, ауасы таза қамба астыққа толса, қыстың ұзақ­тығы да, қаһары да аса қорқынышты емес. Биыл солтүстік өңірлерде астық бітік шықты. Алқаптағы астық қамбаға құйылмай, ерінге тиеді деп тоқмейілсуге болмайды. Бұл «қашпаған қашардың уызынан» дәмету болып табылады. Қазақстанда алып қамбалардың иелері ірі латифундистер екені белгілі. Орта және шағын шаруа иелеріне мол астықты сақтау – қиын мәселе. Сондықтан, олар егінді жинап болар-болмастан астықты дереу сатуға ұмтылады. Ұсыныс көп болған жерде, бағаның төмендейтіні белгілі. Осылайша шағын шаруашылыққа ие егіншілер егістік алқабын жаз бойы баптап-күткенге кеткен шығынын өтеп пайда таба алмай, «шақшадай басы шарадай» болып жүреді. Үкімет ірі латифундистерді қолпаштай бермей, шағын шаруаларды қолдап, оларға мини-қамбалар жасап беруге қарайласып қолғабыс қылса, егіншілер астықты күзде арзанға сатпай қам­бада сақтай тұрып, қыс пен көктем ай­ларын­да қымбатырақ  сатып, пайдасын молайтар еді. Бұл сөздерді айта отырып, есімізге  Б.Май­линнің «Шұғаның белгісі» повесінде бай Есімбек пен жас учитель Абдрахман арасындағы туындаған келіспеушілік себебі түсті. Онда Абдрахман егіншілікпен айна­лысқан жатақтарға болысып, күзгі мезгілде бағасы арзан болатын астықты қамбада сақтай тұрып, қыс кезінде сауда­ға шығаруға кеңес береді. Егіншілер Абдрах­манның айтқанын істеп, Есімбек бай өз олжасынан айырылады. Осылайша олардың қарым-қатынасына сызат түседі. Сызаттың арты трагедияға ұласқаны туындыны оқыған кісіге белгілі. Мол біткен астық ауыл шаруашылығы саласында күрделеніп қалған мәселелердің бетін ашып жіберуі де кәдік. Біраз мәселе жер сатуға байланысты туындаған әңгімеде айтылған еді... Берекелі алтын күз береген болсын. Төр­ден (төреден) туындайтын ой мен іс-әре­кет­тер тірлігімізді алтыннан қаптатуға септігін тигізсе лайым! «Үмітсіз тек шайтан», демейтін бе еді халқымыз!.. Алмасбек ӘБСАДЫҚ ҚОСТАНАЙ