Алматыдан – Мира БАЙБЕК
Алматының еліміздегі ауылшаруашылық өнімдерін өткізудің негізгі нарығы болып отырғаны шындық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындарды экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкелерін жиі өткізіп отыруды қала әкімшілігінің дәстүрге айналдырғанына біраз болды. Қазан айының алғашқы күнінде Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі өтті. Табиғи таза өнімдерді сатып алу үшін қала тұрғындары демалыс күні «Астана» алаңына ағылды. Жәрмеңкеге қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының 3 қаласымен (Шымкент, Түркістан, Арыс) және 11 ауданымен бірге, Алматы қаласының 40 сауда, тамақ кәсіпорны да жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге жеткізілген 50-ден астам тауар түрлері, оның ішінде, ет-сүт, жеміс-жидек, балық сияқты өнімдердің бағалары қала базарларынан 15-20%-ға төмен болды. Сондай-ақ, Алматыға Шығыс Қазақстан облысынан 50 тонна бал алып жеткен омарташылардың да Бал жәрмеңкесі өтті. Сапалы балдың 25 түрі жеткізілген бұл жәрмеңкеде омарташылар сатып алушыларға балдың дәмін татып, ара өнімдерін дұрыс таңдауға мүмкіндік берді. Ал қала әкімдігі өз тарапынан өнімін саудалаушыларға сауда орындарын тегін беріп, жұмыс істеуге қажетті мүмкіндік жасауға тырысты. Мұндай жәрмеңкелерді өткізу қаладағы сауда қауіпсіздігі мен инфляцияны төмендетуге ықпалын тигізетіні әрі тұрғындардың негізгі азық-түлікті қолжетімді бағамен алуына мүмкіндік туғызатыны анық.Шымкенттен – Бақтияр ТАЙЖАН
Биыл Оңтүстікте бидайдан рекордтық көрсеткіш алынды. Әр гектардан 22 центнерден айналып, егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артты. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін ауыл шаруашылығы саласы табысты жұмыс жасау керек. Бұл бағытта 29 млрд теңге бөлініп отыр. Осындай мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 123 млрд теңгеге жетті. Ағымдағы жылы дәндік жүгеріден 108,4 мың тонна, көкөністен 811 мың тонна, бақшадан 1 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналды. Жыл басынан фермерлерге «Ырыс» қаржыландыру ұйымы арқылы төменгі пайызбен 486 жобаны қаржыландыруға 1,2 млрд теңге көлемінде несие берілді. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың бастамасымен Шымкентте азық-түлік белдеуі құрылып жатыр. Өйткені, қала халқы бір миллионға жетті. Бұл бір жағынан аудан, қалалардағы шаруалар мен диқандардың дайындаған мал еті және дақылдарын өткізуге септеседі. Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге үлкен мән беріліп отыр. Сонда сырттан тасымалданып келген тауарлар ағынын шектеуге болады.Ақтөбеден – Сатыбалды СӘУІРБАЙ
Ақтөбеде жаз бойы ұйымдастырылған аудандардың күндері аясында жәрмеңкелер өткізіліп, қалалықтар арзан азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Қала тұрғындарын жеткілікті көлемде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы «Ника-99» ЖШС және «Агрофирма Көктем» ЖШС жылыжай құрылысы және кеңейту бойынша жобалар іске асырылды. Сондай-ақ, макарон өнімдерін өндіру бойынша қуаты 11 мың тоннаны құрайтын «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС-нің өндірісі іске қосылды. Қазірдің өзінде «Айбек» ӘКК» ЖШС қуаты 5,0 мың тоннаны құрайтын ет консервілеу цехын пайдалануға берді. Сондай-ақ, «Айс» ЖШС қуаттылығын тәулігіне 50 тоннаға дейін жаңартты, «Толерис» ЖШС тәулігіне 3 тонна сүт өндіру цехын іске қосты. Үстіміздегі жылдың тамыз айында «Базарлар басқармасы» ЖШС мен «Пригородный» ауыл шаруашылығы фирмасы» ЖШС арасында тұрақтандыру қорына килосын 50 теңгеден 1000 тонна картоп, 45 теңгеден 136 тонна сәбіз, 30 теңгеден 68 тонна қырыққабат, 55 теңгеден 10 тонна қызылша сатып алуға келісім шарт жасасты. Жалпы сомасы 58710000 теңге құрайды. Қазір осыншама көлемдегі көкөністі қоймаларға салу басталды, бұл жұмыс үстіміздегі жылғы 10 қарашада аяқталады. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорын құру комиссиясында сатып алынатын картоп көлемін 300 тоннаға арттыру мәселесі қаралды, «Ақтөбе Фудс» ЖШС-нен литрін 300 теңгеден 100 тонна күнбағыс майын сатып алуға шешім қабылданды. 200 тонна пиязды еліміздің оңтүстік аймақтарынан сатып алу көзделуде. Қостанай облысынан ұн сатып алу қарастырылуда. Қалада 35 осы заманға сауда нысандары жұмыс істейді. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері ірі сауда желілері арқылы да ұсынылады. «Анвар», «Дина» ірі желілік дүкендерімен, азық-түлік базарларымен сауда үстемесін 10 пайыздан арттырмауға меморандумға қол қойылды. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қостанай облыстарымен өңіраралық кооперация аясында негізгі азық-түлікті толықтыруға форвардтық келісімшарт жасалған. Өңірде 33 әлеуметтік азық-түліктің бағасы тұрақты қолжетімді деңгейде ұсталуда.Өскеменнен – Думан АНАШ
Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етумен бірге тауарды төмен бағамен сату да өзекті. Бұл тарапта Өскемен қаласы әкімдігі арнайы жұмыстар жүргізуде. Бүгінде сауда нысандарының жетекшілерімен келісу барысында 24 әлеуметтік бөлім ұйымдастырылып отыр. Мұнда әлеуметтік маңызы бар тағам өнімдерінің үстемесі 10 пайыздан аспайды. Бұл бөлімдер қаланың ірі сауда орталықтары санатындағы «КП «Торг» ЖШС («Колос», «Самал», «Волна», «45-ші гастроном»), «Риддер» ЖШС, «Техмаркет» дүкендері, «Жәрдем», «Дина», «Заречный», «Достық» базарларында орналасқан. Қала тұрғындарына қолжетімді бағалармен өнімдерді сату бойынша тауар өндірушілермен, кәсіпкерлермен, базарлармен, толайым сатушылармен және дүкендермен меморандумдар жасалуда. Нан бағасын тұрақтандыру мақсатында Өскемен қаласы әкімдігі глубокоелік «Шахан Ата» ПКФ» ЖШС наубайханасымен келісім жасады. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Жәрдем» базары аумағында қала әкімдігінің қолдауымен «Боков» фирмалық сауда нүктесі ашылды. Онда макарон өнімдерінің алуан түрі, ұнның әр түрлі сұрыптары, қант, шай, жарма түрлері нарықтан төмен бағалармен халыққа ұсынылуда. «Фреш маркет» сауда орталығы, «Металлургтердің мәдениет сарайы» аумақтарында тұрғындарды 10-15 пайыздық төмен бағалармен қамтамасыз ету мақсатында апта сайын сенбілік жәрмеңке ұйымдастырылуда.