Мәскеудегі «Россия сегодня» ақпарат агенттігінде Ресей халықтар достығы университетінде (РХДУ) өтетін «Дін терроризмге қарсы» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
Мұндай конференция өткізу туралы идея былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясының жалпы дебаттарында сөйлеген сөзінің қорытындыларына байланысты туындады. Қазақстан басшысы Нью-Йоркте адамзаттың соғыстың алдын алу және оның салдарын еңсеруден гөрі, жаңа стратегия қарастыру керек екенін атап өткен еді. Өйткені, жанжалдар мен соғыстар ешқандай пайда әкелмейді және мағынасыз болып табылады.
Ал алдағы «Дін терроризмге қарсы» деп аталатын конференция Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем ХХІ ғасыр» манифесінде белгіленген халықаралық терроризмге қарсы тұру бастамаларын жүзеге асыру үшін қосымша алаң қызметін атқаруы тиіс.
Конференцияны аша келіп, РХДУ-дің бірінші проректоры – ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Нұр Қирабаев конференцияның бағдарламасы, мақсаттары мен міндеттері және оған қатысатындар туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, форум төрт панельдік сессиядан тұратын болады. Біріншісінің шеңберінде терроризмге қарсы іс-қимыл проблемаларын осы саланың ғалымдары мен мамандары талқылайды. Екіншісін дін қайраткерлері әңгіме арқауына айналдыратын болады. Н.Қирабаевтың айтуынша, үшіншісінде аталған тақырып төңірегінде түрлі елдердің дипломаттары әңгіме қозғайды. Ал төртінші бөлігі «экстремизм мен терроризмге қарсы тұру саласында» мемлекет, діни ұйымдар мен қоғам арасындағы үнқатысуларға арналады.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-елшісі Марат Сыздықовтың айтуынша, конференция Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған терроризмге қарсы іс-қимыл проблематикасы бойынша іс-шаралар сериясының қисынды жалғасы болып табылады. Атап айтқанда, мамыр айында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Дін бейбітшілік үшін» форумы, ал Астанада «Дін терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы болып өтті. М.Сыздықов атап өткендей, РХДУ алдағы ғылыми-практикалық симпозиум өткізудің орны ретінде кездейсоқ таңдап алынған жоқ. «Бұл аса зор ғылыми әлеуетке ие, түрлі мемлекеттер мен діндер өкілдері оқып біліп алатын, іс жүзінде әлемдік элита дайындайтын жетекші ресейлік ЖОО болып табылады», – деді қазақстандық кеңесші-елші.
Оның бұл пікірімен Мәскеу мүфтияты мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Фарид Асадуллин толықтай келісетінін білдірді. Оның айтуынша, РХДУ-де әлемнің түрлі өңірлерінен студенттер оқиды. Сондықтан оларға конференцияда айтылатын ой-пайымдар мен ұсынымдамаларды түсіндірудің маңызы өте зор. Бұдан бөлек, ол алдағы болатын форумды «Ресей мен Қазақстанның мұсылмандары үшін өте пайдалы түйісу орны» деп сипаттады.
Мәскеу патриархаты синодаль бөлімінің қоғаммен және БАҚ-пен өзара қарым-қатынасы жөніндегі төрағасының орынбасары Вахтанг Кипшидзе терроризмге қарсы іс-қимыл тақырыбын діни қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен талқылаудың маңызы жоғары екенін атап көрсетті. Ол алдағы форумда діни қоғамдастықтардың дінге сенетін адамдардың адамгершілік көзқарасын қалыптастырудағы рөлі туралы мәселе күн тәртібіне қойылатынына үміт білдірді.
Конференцияның қорытындыларын шығара келе, оған қатысушылар алдағы басқосудың басты мақсаттарын белгіледі. Онда проблемаларды талқылап қана қоймай, оларды шешудің жолдарын табу, қауіп-қатерлердің бар екенін жай ғана мойындаумен шектелмей, діни көшбасшылардың, саяси қайраткерлер мен қоғам өкілдерінің тиімді үнқатысуларын қолдауға негізделген қауіпсіздіктің жаңа парадигмаларын қалыптастыру үшін ортақ ұсынымдамалар түзу қажет деген бірауызды ұйғарым жасалды.
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»