фото mezgil.kz
Шиелі ауданы, Қодаманов ауылының 10-сынып оқушылары Қ. мен Ж. сыныптастарымен бірге төменгі сыныпта оқитын 9-сынып оқушылары өздерімен амандаспай, сыйламай жүргенін алға тартып, оларды тәртіпке келтіру үшін ауыл шетіне жинап, беттерінен ұрып шыққан.
Сотталушы Қ. оқушыларды ұрып келе жатып, жәбірленуші А.-ның көкірек тұсынан жұдырығымен бір мәрте қатты соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші жүрегінің рефлекторлы тоқтауына әкеліп, ауыр дене жарақатының салдарынан қайтыс болған.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы Қ.-ның соққысынан жәбірленушіге «кеуденің жабық жарақатынан жүректің рефлекторлы тоқтауы, жедел жүрек-қан тамыр қызметінің жетіспеушілігі» ауыр дәрежелі дене жарақаты келгені анықталған. Сот үкімі бойынша кәмелетке толмаған сотталушы Қ. ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» делінген ауданаралық соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.