07 Қазан, 2016

Азаттықпен аңсары бір

449 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
_dsc0004Павлодар облыстық газетінің «Сарыарқа самалы» болып шыға бастағанына – 25 жыл Газет – тарих, газет – дәуір үні. Тұтас бір елдің даму айнасы бола алатындай құдіретке ие. Аймақтағы аға басылымның жаңа белесті жолға түсіп, серпінді қадам бас­тайтын шағы Тәуелсіздіктің туы тігілген 1991 жылдың соңғы айларымен ұштасып жатыр. Осы кезеңде уақыт талабына сай шұғыл түрде газет атауын өзгерту міндеті алға қойылды. Көтерілген мәселеге облыстағы барлық қоғамдық ұйымнан бастап, қатардағы қарапайым оқырманға дейін өз үндерін қосты. Сол пікірталастар мен таңдауларды дауысқа салудың нәтижесінде газетке жаңа атау беру керектігі шешілді. Бұған дейін «Қызыл ту» аталған басылым Қазақстан компартиясы Павлодар облыс­тық, қалалық, комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыс­тық Советінің күнделікті шығатын газеті еді. «Қызыл ту» «Кеңес туы», «Колхоз» га­зеттерінің заңды жалғасы. Тек заман ағымына сай кеңестік жүйедегі құлаққа сіңісті атауларды иеленіп келді. Басылым тарихын Ертіс өңірінің өмірі­нен бөле-жара қарастыруға мүлдем келмейді. 1991 жылдың 26 қыр­күйе­гінде об­лыстық басылымда жаңа дәуір бас­талды. Осы кү­ні газеттің кезекті нөмірі «Са­ры­арқа самалы» деген атаумен жарқ етіп шыға келді. Бас редактор Ә.Мұхамеджанов оқыр­­мандарға арнап «Ізгілік – үні­міз, әділет – туымыз» деген ар­найы мақала жолдап, газет әрдайым жұртшылыққа арқа сүйейтінін, бұл бастама да соның негізінде өмірге келгенін сөз етеді. Тарихтың жаңа бір парағы ашылды. Ұлттық үнпарақ өңір жұртшылығы үшін кез келген қоғамдық мәселені талқылауға арналған мінберге айналды. Ұлттық рухани бағдаршам болу мақсаты келелі ойларға жетелеп, газет беттерінде жаңа айдарлар ашыла бастады. Көтерген тақырыптық ауқымы кең, білім-ғылымға шақырумен қоса, елдің тыныштығын, ынтымағын жиі сөз етіп, әлеуметтік мәсе­лелерді кеңінен жаза бастады. Тоқсаныншы жылдардың басында ене бастаған нарықтық-эконо­микалық қатынастар газет өміріне де өзгерістер тудырып, қиыншылықтар алып  келгені айқын. Дегенмен, көп қиындыққа қарамастан журналис­тер қаламдарын ұштап, ел өмірінен терең­нен сыр шерте алды. Халықты серпіл­тіп, жақ­сылықтың нұрын септі. Тың ойлармен, соны серпінмен жақ­сылықтың жаршысы бола білді. Газетте 90-шы жылдары жұмыс істеген аға буын жур­­­налистер Әжібек Жүсіпов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Төлеубек Қоңыров, Қажымұрат Сма­ғұлов, Тұрсынбай Иба­дуллин, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Ға­лымбек Жұматов, Шолпан Бай­ғалы және басқаларының сол тұстағы шығар­машылық ізденістері мен бастамашыл ойлары оқырман қауымға жақсы таныс. Өзге де аймақтың газеттері секілді, «Сарыарқа самалы» тілімізді, салт-дәс­түрімізді, ел­дігімізді дәріптейтін сали­­қалы басылымдардың біріне айнал­ды. Экономикалық тоқырау кезеңі­не қара­м­астан өңірде рухани жаңғырудың жаңаша бір өрісі түзілді. Бұқаралық ақ­парат құралдарының жағдайы ауыр­лап, шығыны арта түскеніне қара­мас­тан газет пен оқырман арасындағы бай­ланысқа көлеңке түспеді. Мұны «Сарыарқа самалы» атауын иеленген соң көпшіліктің ыстық ықыласынан-ақ тануға болатын еді. Ал араға екі жарым ай уақыт салып, Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағанда облыстық үнпарақтың абыройы одан әрі арта түсті. Себебі, жұрт­­­тың азаттықтың дәмін ерте сезінуіне, рухани тұрғыдан серпілуіне басылым атауының ертерек өзгергендігі маңызды рөл атқарғаны айдан анық еді. Көпшіліктің ықылас-ниетін 90-шы жылдардың басындағы редак­ция­ға келіп түсетін хаттардан да анық аңғаруға болатын. Мәселен, 1992 жылы редакция жер-жерден 3246 хат алса, 1993 жылы ұжымға 4706 хат түс­кен. Газет хат-қоржынына түс­кен хат­тар­дың молаюы редакция ұжы­­мы­ның әрбір хат тағдырына өте жауап­кер­шілікпен қарағанын көрсетсе керек. Әр нөмірде «Редакцияға хат» ай­­дарымен оқырман хаттары үздіксіз жария­­ланып отырды. Тәуелсіздік жылдары басы­лымның шығармашылық ахуалы кеңіп, нығая түскеніне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың 2000 жылы газетке берген жоғары бағасы айғақ. Сол жылы «Сарыарқа самалы» Пре­зиденттің Алғыс хатымен марапатталды. Жаңа атаумен бірге газеттің кескін-келбеті, мазмұны 100 пайызға өзгерді. Журналистер әрдайым ел ішін­де, халық ортасында жүруге, кейіп­керлерімен етене араласуға мән берді. 2000 жылдардың басында «Ауыл тағдыры – ел тағдыры» атты арнайы экс­­педициямен газет журналис­тері об­­лы­­сымыздың барлық өңірін аралап, халықпен жүз­десті. Нәтижесінде аймақ­та болып жатқан соны серпілістер, өзек­ті жайттар басылымда көп жазылды. Оқыр­манмен байланыс нығая түсті. «Тәуелсіз елің – тірегің, туған жерің – жүрегің». Әр ай­­мақтың өзін­дік ерек­шелігі, халқының қалып­т­ас­қан тір­шілігі, тұрғындарының ба­сым көп­­шілігі айналысатын жұ­мысы, өнер және мәдениет саласындағы жаңа­лықтары, экономикалық, аграр­лық сала­­лардағы жетістіктері мен кем­шіліктері болатындығы заң­ды. Осы айтылған мәселелерді толығымен өз бетінде көрсетіп, жетістіктерімен мақ­тану, кем­шілікті түзету қызметімен өңір­дегі аға басылым қырағылық танытып келеді. Облыстық басылымның Ар­қа жұрты­­­на, Сарыарқа жұртына самал боп есіп, өңірдің, елдің, жердің шежі­­­ресін жасаушы ретіндегі маңызы алдағы уақыт­та арта түспесе, кемімек емес. Ұлт­тық, елдік бағытындағы асыл мұрат­тар «Сарыарқа сама­лының» сөзін мың жылдық етуге бағытталғаны сөз­сіз. Асы­лында, Сарыарқаның саумал сама­лын­­дай болған басылымның құнды қазы­­насы ортаймақ емес. Мұрат АЯҒАНОВ