«Әрине, біз» деп айта аламыз. Мұны Көкшетаудағы заманалық «Рио» сауда ойын-сауық орталығында облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен қолданбалы қолөнер шеберлері қауымдастығы бірлесе отырып ұйымдастырған байқау-көрмесі айқын дәлелдей түскендей. Тұңғыш рет өткізілген ерекше байқауға «Қарттарым – асыл қазынам» денсаулық клубының он мүшесі қатысты.
Аталған шараның негізгі мақсаты егде жастағы адамдар бойындағы шығармашылық қабілеттерді анықтау және олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруды көздейді. Ардагерлер арасындағы тәлімдік байқау қонақтар назарына түрлі қолөнер бұйымдарын ұсынды. Жоғары талғампаздықпен жасалған құрақ көрпелер, тұскиіз, қоржындар, моншақпен көмкерілген картиналар, тоқылған себеттер көздің жауын алады.
Байқау қорытындысында әділқазылар алқасының шешімімен ісмер Кенжебай Смағұл жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал Лидия Власенко мен Дәния Дабарова екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Сонымен бірге, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина осы тақылеттес байқауларға белсене қатысып жүрген бірқатар қолөнер шеберлерін Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, шығармашылық табыс тіледі.
– Біз әуелден ісмер халықпыз ғой, – дейді бізбен әңгімесінде Кенжебай ағай. – Балалық шағымыз өткен шағын ауылымызда әр үйдің дерлік алдында өрмек құралы тартылып тұратын. Қонақ шақырған үйдің текеметі, құрақ көрпелері, оюлы киіздері, сәнді жастықтары жарқырай қызықтыратын. Темір ұстасы, ағаш шебері, аты шыққан мергендер мен атбегілер де бізден табылатын. Соңғы жылдары жанға жылы осы көріністер солғын тартып барады. Қалаға көшу үрдісі де тұрмыс салтын өзгерткені белгілі. Бірақ халықтық дәстүрді ұмытпауымыз керек. Оны жаңғыртып, жастардың қызығушылығын тудыру – біздің міндетіміз. Байқауға қатысқандағы басты ұстанымым осы еді.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, байқалмаған таланттар әлі де көп. Оларға дем беріп, қайраттандырып жіберсек, талай жауһарлар дүниеге келетіні дау тудырмайды. Облыстық әйелдер қауымдастығының осы бағыттағы игі ісі көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы