Алаш жұрты ақсарбасын айтып, кешелі бері Кейкі батыр басының елге оралуын сүйіншілеп жатыр. Патшаға да бас имей, қызылдың саясатымен де сыйыспай, тек өз жерінің тұтастығы мен қазақ жұртының бүтіндігі үшін қан төккен Кейкінің басы қылышпен шабылғаннан кейін қызықтап қарайтын үйеме ақсөңке сүйектің бірі ғана саналып, бөтен елдегі музейдің ұлттық байлығы болып еді. Ұлт рухы асқақтаған мерейлі сәтті пайдаланып, батырдың басын елге жеткізуде көп еңбек сіңірген Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан ӘЛІМБАЙМЕН жедел әңгімелескен едік.
– Кейкі батырдың басына байланысты Ресей үкіметімен арадағы келіссөздердің бірталай жылдан бері жүргізіліп келе жатқанынан хабардармыз. Дегенмен, үміт жіңішкере бастаған кезде, күллі қазақты қуантқан хабарды естіп отырмыз. Біреудің ұлттық байлығы саналып отырған қастерлі басты әкелуге қалай қол жеткізгендеріңізді таратыңқырап айтып берсеңіз.
– Кейкі бабамыздың басының елге оралуын бір топ елге жанашыр азаматтың еңбегінің нәтижесі деп білемін. Рас, бұл мәселені мен осыдан сегіз жыл бұрын қолға алып едім. Ұйымдастыру жағы бар, зерттеу мәселесі бар, қажетті материалдарды зерделеу ісі бар, осындай шаруаға байланысты жасалатын кешенді жұмысты сол кезде-ақ бастап кеттім. Нәтижесінің қалай болары белгісіз, бұлыңғырлау басталған мәселеге қатысты айтылуы тиіс тағы бір жайт, Сенат депутаты Серік Ақылбай Кейкі батырдың бас сүйегін елге жеткізуде азаматтық үлкен көмегін көрсетті. Серік Ақылбай, бір жағы, Кейкі батырдың жақын туысы да болып келеді. Мемлекетаралық келісіммен ғана іске асатын күрделі мәселе Үкімет тарапынан көрсетілген нақты көмектің нәтижесінде шешімін табатыны белгілі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Кейкі батырдың басына байланысты келісімді пісіру үшін Мәскеуге бірнеше рет арнайы сапармен барып қайтқанын айта кеткеніміз орынды. Нәтижесінде сан жылдардан бері Санкт-Петербургтің Кунсткамерасында жатқан атамыздың басы елге қайтарылды.
– Кунсткамерада, шамамен, 60 мыңнан астам бас сүйектің жатқаны белгілі. Ол жерде бірнеше ханның басының сақталғаны туралы дерек те бар. Ал мына бастың нақты Кейкінікі екенін дәлелдейтін зерттеуі, сараптамалары, ғылыми негіздемесі толықтай жасалған ба?
– Әлбетте, музей қорына тапсырылған кез келген құндылықтар әуелі есепке алынады. Содан кейін камералық өңдеуден өтеді. Ғылыми актісі, паспорты жасалады. Бұл – міндетті процедура және өте күрделі ғылыми жұмыс. Кейкі батырдың басы Кунсткамераға жеткізілгенде осы жұмыстың бәрі саты-сатысымен орындалған. Жан-жақты зерттелген, қаралған, ғалымдардың пікірімен дәйектелген ғылыми паспорты бар. Кейкі батырдың басы екеніне өз басымның еш күмәнім жоқ. Дегенмен, халықаралық норма, ғылымдағы стандарт бойынша, ДНК-сы алынып, осы бастың Кейкінікі екені ғылыми негізделуі керек. Бұл жұмыстармен Андраш Биро атты мажар ғалымы айналыса бастады. Елдегі ғалымдармен келісімшарттарымыз бар, бұйыртса, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.
– Бас елге келді, әрі қарай қандай шаруалар атқарылады?
– Бұдан кейінгі шаруаның ең бастысы, басты мәңгілік жер қойнына қайтару.
– Айтпақшы, батырдың басы қайда жерленеді?
– Оны мен шешпеймін. Кейкі бір ғана руға немесе бір ғана облысқа тиесілі адам емес. Кейкі – ұлттық батыр. Амангелдімен қатар соғысқан, елін, жерін қорғап, жауға қарсы атой салған намысшыл, рухты халықтың айбарлы азаматы. Менің пікіріме салсаңыз, Астанадағы Ұлттық пантеонға жерленгені дұрыс деп ойлаймын. Кездейсоқтық деуге келіңкіремейтін мына қызық жайттарға назар аударшы. Алғашында «басты Мәскеуден Алматыға тіке алып кетемін ғой» деп ойлағанмын. Бірақ орайы Астанаға келді. Мұның үлкен символдық мәні бар. Өйткені, Астанада пантеон тұр.
Екіншіден, батырдың басының оралуы ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығымен орайласып отыр.
Үшіншіден, бұл қуаныш ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Азаттық үшін арпалысып, тәуелсіздік үшін жанын қиған батырдың тұп-тура бір ғасырдан соң өзі аңсаған дербестіктің таңы атқан дәл осы күнге сәйкес оралуында символдық мән жоқ деп айта аласыз ба? Осының бәрін өз басым үлкен жақсылықтың басы деп нышандаймын.
– Тағы кімдердің басы бар онда, аға?
– Ол енді келесі әңгімеміздің желісі болсын.
– Жақсы. Ұшақты қарсы алуға барған батыр ұрпақтары аталарының басын көре алмай, көзайым бола алмай, арманда қалды. Сонша құпиялануында не сыр бар?
– Бұйырса, көреді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ