07 Қазан, 2016

"Азбука жилья" компаниясы басшылары 10 миллиард теңге қымқырған

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2016 жылғы 15 маусымда депутат Айқын Қоңыров Бас прокурор Жақып Асановқа депутаттық сауал жолдап, үлескерлік құрылыс саласындағы заңсыздықтарға араласуды, заң бұзу­шы компанияларды тексеруді сұраған еді. Осы сауалға Бас прокурордан жауап келді.  Онда Бас прокурор тексеріс барысында орын алған фак­ті­лердің анықталғанын жазады. "Оның бәрі заңнаманың жетілдірілмегені, құ­рылыс компанияларының заң бұзу­шылығы, мемлекеттік бақылаудың тиімсіздігі, үлескерлердің құқықтық сауат­сыздығы себепті орын алған. Біздің­ше, осындайлардың жолы 2016 жылғы 10 қазанда күшіне енетін «Тұр­ғын-үй құрылысына үлескер ретінде қатысу туралы» заңда шешілетін болады", делінген жауапта. Мысал үшін заңда үлескерлердің салымын қамсыздандыру үшін енді ол Кепілдік қоры арқылы салынатыны, екінші деңгейдегі банк­терде қаржыландыру жоспары жаса­латыны және үйдің қаңқасы құры­лысшының жеке қаражатынан тұрғы­зылатыны айтылған. Заңның осындай артықшылығын Бас прокуратура тиісті өкілетті органдармен бірге қазір құрылысшылар мен халыққа түсіндіруде делінген.  Одан әрі нақты осы мәселеге байланысты Бас прокуратураның кез­десулері және нақты істері туралы баяндалған. Ал депутаттың сауалында көр­се­тілген нысандар бойынша төмен­дегіні хабарлапты: 18 қабатты 192 пәтерлі үйді тұрғызып жатқан «Comfort DeLuxe» ЖШС «Азбука жилья» компаниясының қатарына енеді. Қазір осы компанияның басшыларына қатысты қылмысты іс жүргізіліп жатқан көрінеді. Оларға 3,5 мың үлескердің 10 млрд теңгеге жуық салымын жымқырды деген айып та­ғылып отыр. Маусым айының ая­ғында өздеріне қарсы қылмыстық іс қоз­ғалған 10 адаммен қылмыстарын мойын­да­ған процессуалдық келісім жа­сал­ған, енді олардың тұтқындалған мүлкі зардап шегушілердің шығынын өтеу­ге жұм­салуға тиіс. Қазір бұл іс сот­тың қарау­ында. Ал «Азбука жилья» ком­па­ния­сының басшысы Е.Тайжановқа қа­тысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Сондай-ақ, прокуратураның жауа­бында «Столичный-2», «Есиль-2», «Арыстан» тұрғын-үй кешендерінің құрылыстары заңсыздыққа жол бергені үшін тоқтатылғаны айтылған. Қазір Астана қалалық ішкі істер департаменті осы құрылыс компанияларының басшыларына қарсы сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Ғабит Мүсіреп, «Егемен Қазақстан»