Мәскеуде осындай тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Ресейдің халықтар достығы университетінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің бастамаларын жүзеге асыру аясында «Дін терроризмге қарсы» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдады. Н.Ә.Назарбаевтың құттықтауын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып берді.
«Бүгінде халықаралық терроризм қағидатты тұрғыдан жаңа сапаға ие болып отыр. Лаңкестік әрекеттері жекелеген актілерден бүкіл адамзатқа қарсы кең ауқымды агрессия сипатына ие болды.
Осы қасіретпен күрес − бұл бүкіл әлемдік қоғамдастықтың ісі. Терроризмге қарсы тұру жауапкершілігін өзіне, бірінші кезекте, қоғамдастықтың аса көрнекті және ықпалды өкілдері, дін қайраткерлері мен парламентарийлері алулары тиіс.
Өкінішке қарай, аталған проблеманы біржақты және кең ауқымды шешудің жолы әзірше ойлап табылған жоқ. Сондықтан осы жаһандық қатерге лайықты жауап іздеуде бірлескен күш-жігерді өрістете түсу қажет.
«Дін терроризмге қарсы» конференциясы саяси және діни қайраткерлер үнқатысуын дамытуға соны серпін береді деп есептеймін», деп атап көрсетілген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында.
Өзінің сөзінде Б.Майлыбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің халықаралық терроризммен және экстремизммен күресте бірлескен тарихи аса көкейкесті бастамаларының рөлі аса жоғары екенін атап көрсетті.
− Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризм мен экстремизмге қарсы тұруды күшейту бойынша бірқатар халықаралық бастамалар көтерді. Атап айтқанда, БҰҰ туы астында терроризм мен экстремизмге қарсы кең көлемді Жаһандық коалиция құру туралы бастаманы ілгерілетті. Бұл қатарда «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің терроризммен және экстремизммен күреске қарсы кең ауқымды құжаты ретінде қабылданғанын айта кеткен орынды», − деп атап өтті Б.Майлыбаев.
Кездесуді ашқан Ресейдің халықтар достығы университетінің ректоры Владимир Филиппов конференция өткізу идеясы Ресей мен Қазақстан президенттерінің желтоқсандағы кездесуінің нәтижесінде туғанын еске салды. Оның айтуынша, діни экстремизм мен терроризм қазіргі заманның ең күрделі мәселесі болып отыр. Ғалым бұл ретте В.Путиннің осы жаһандық зұлымдықпен күресте көптеген елдің күш-жігерін топтастыру қажеттігі, терроризмге қарсы халықаралық іс-қимылдың бірыңғай жүйесін құру керектігі туралы айтқан сөзін алға тартты. Ресей терроризммен күрестің алдыңғы шебінде жүргендіктен, бұл мәселені талқылауға әзір. В.Филиппов Қазақстанның осы саладағы бастамаларының жаһандық мәнін және Қазақстан елшілігінің конференцияны бірлесіп ұйымдастырушы ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин діндердің өзі қандай да бір тылсым жолмен діни экстремизмді және терроризмді еңсеру тетіктерін жасай алады деп болжауға, дін төңірегіндегі және терроризмге қарсы күрестің айналасында қалыптасқан қазіргі әлемдік ахуалды тар аяда қарастыруға болмайтынын атап айтты. Бүгінгі адамның мәдени-рухани әлпеті өзгеріп жатыр, ол ақпараттық технологиялар мен экстремистік идеялардың ықпалымен өркениеттік бағдарын жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан елші қазіргі терроризмді белгілі бір дінге қатысты контексте емес, тарихи аяда қарастыру қажеттігіне және бұл ретте дәл айқындалған ұғымдар мен терминдер керектігіне назар аударды. Қазақстандық дипломат проблеманың басқа да маңызды қыры ретінде діндер мен геосаясаттың өзара әрекеттестігін атады, бұл үдеріс бүгінде күшейіп, күрделене түскен. Қазіргі заманғы терроризмнің әлеуметтік аспектілері, діни экстремизм мен қоғамның әлеуметтік құрылымының ара-қатысы да пікірталас үшін салмақты тақырыптар. Терроризм планетаның ең нашар өңірлерінде пісіп-жетіліп жататыны да құпия емес.
Елші бүгінгі конференцияның идеясы жалпыға ортақ діни құндылықтар рухани-адамгершілік тұрғысынан террористік және экстремистік идеологияларға балама болатыны, бейбіт даму мен толеранттылықты уағыздайтыны және қандайда бір зорлық-зомбылықты қабылдамайтыны себебінен туындағанын атап өтті. М.Тәжин Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ширек ғасыр бойы конфессияаралық үнқатысу идеясын ілгерілетіп келе жатқанына тоқталды.
– Бүгінгі Қазақстанда конфессияаралық шынайы татулық бар, – деп атап өтті М.Тәжин. – Егемен Қазақстан толеранттылық мұрасын сақтап, институттандыра алды, осы бірегей үнқатысуды жалғастыра білді. Конфессиялардың өзара түсіністігі мен өзара іс-қимылын нығайтатын, діни институттар мен халықаралық құрылымдардың арасында көпір қызметін атқаратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Астанада тұрақты өткізіледі. Қазақстан әлемдік қоғамдастық үшін топтастырушы күн тәртібін жүйелі түрде ұсынып келеді. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 2016 жылғы 31 наурызда әлемдік қоғамдастыққа «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесін жариялады, ол бүгінде БҰҰ-ның екі негізгі органының – Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды.
Ресей Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Магомедсалам Магомедов Президент Владимир Путиннің құттықтауын оқып берді.
«Барлық әлемдік діндер жалпы адамзаттық мәнін жоғалтпайтын іргелі гуманистік құндылықтарға негізделген. Олардың рухани басшылары діндарларды қайырымдылыққа, әділеттілікке, толеранттылыққа, өскелең ұрпақты мейірім мен бір-бірін құрметтеудің ең биік идеалдарымен тәрбиелеуге шақырады. Сондықтан діни бірлестіктердің күш-жігерін топтастыру, олардың мемлекеттік органдармен және қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимылы планетадағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудің маңызды әрі бірден-бір шарты болып саналады», делінген В.Путиннің құттықтауында.
М.Магомедов жиналған қауымға Ресейдің діни саладағы қарым-қатынастардың үйлесімін табудағы тәжірибесі туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, мемлекет «дұрыс бағыт ұстанатын мұсылман ұйымдарымен» белсенді жұмыс істейді. Ресейлік мұсылмандардың әлеуметтік доктринасы әзірленіп, отандық дін мамандары мен уағызшыларды тәрбиелеу үшін исламдық білім беру жүйесі дамытылып жатыр. Волга ислам академиясы аясында отандық діни мектептерді нығайту жұмыстары басталды. Мұсылмандардың діни басқармалары арқылы Ресей өңірлерінде баршаға мойындалған шетелдік дін мамандарының қатысуымен діни конференциялар өткізіледі.
– Биылғы тамызда Грозныйда өткен ислам ғалымдарының дүниежүзілік конференциясы маңызды мәнге ие болды, – деді М.Магомедов. – Біз Ресей үшін дәстүрлі ислам өлшемдері туралы және одан экстремистік ағымдар мен секталар түрінде ажы
рау белгілері туралы пәтуа қабылданған осы конференцияның шешімдерін қолдаймыз. Бұл – біздің елдің рухани көшбасшыларының басым көпшілігінің маңызды ұстанымы.
Ресей Православие шіркеуі Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің (РПШ СШББ) төрағасы Митрополит Иларион Патриарх Кириллдің құттықтауын жария етті. Онда діни қоғамдастықтар халықтар арасында бейбітшілік пен ізгі көршілестікті насихаттай отыра пайда әкелетіні атап көрсетіледі. Бейбітшілік сөзін кең көлемде пайдалану қажет.
Иларион зорлық-зомбылықты сенім арқылы ақтап алу әрекетіне қатаң қарсы тұру қажеттігін мәлімдеп, терроризммен күресті жаңа әлемдік соғыс ретінде сипаттады. Терроризммен күресте ең тиімді тәсіл – аяушылық танытпау, өйткені, лаңкестік адамдардың өмірге деген құқын аяқасты етіп келеді. Ол конференцияның назарын Таяу Шығыстағы жағдайға аударды. Мұнда христиандар қуғындауға ұшырағандықтан, өзгі елдерге жаппай көшуге мәжбүр. Оның үстіне, православиелік иерархтың пікірінше, діни терроризм, атап айтқанда, ислам терроризмі деген жоқ, өйткені, терроризм кез келген діннің ұстанымына қайшы келеді.
– Террористер – сайтанның құлы, құдайдың жауы, – деп мәлімдеді Иларион.
Ресей Федерациясы Федералды жиналысы Федерация кеңесі төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов В.Матвиенконың конференцияға қатысушыларға үндеуін оқып берді. Үндеуде халықаралық күштердің терроризммен күресте жұдырықтай жұмылуынын аса маңызды екені атап өтіледі. Ол, сондай-ақ, Федерация кеңесіндегілер терроризмнің әлемдік ауқымдағы қасірет болып табылатынына сенімді екенін көлденең тартты. Ресей террористердің шабуылына алғаш ұшыраған елдердің бірі және оған лайықты қарсылық таныта алды. Вице-спикер Ресейде антитеррор мәселесін қозғайтын мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданғанын хабарлады. Террористердің адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттерін ақтап алу үшін қасиетті діни ұстанымдарды айғақ ретінде пайдалануға тырысатындары сенаторлардың ерекше ашу-ызасын туғызды.
– Біздің конференциямыз парламенттік өлшеммен алғанда жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың маңызды буыны болып табылады. Біз террористер діни дәлелдемелерді пайдалана алмайтындай ахуал қалыптастыруға тиіспіз. Терроризмде дін де, ұлт та,
шекара да жоқ, – деп атап көрсетті И.Умаханов.
И.Умаханов түрлі діндерді антитеррор бойынша біріктіретін құжат дайындау ісін ойластыруды ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, мұндай құжат Әлемнің барлық діндерінің антитеррорлық хартиясы бола алар еді. Бұл тақырыпты 2017 жылдың наурызында Санкт-Петербургте талқылауға мүмкіндік бар. Мұнда халықаралық терроризммен күрес бойынша ірі парламентаралық форум өткізу жоспарланған.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің Адам құқы, демократия және заң үстемдігі мәселелері бойынша елшісі (Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші) Константин Долгов ислам терроризмі деген түсініктің мүлдем жоқ екені туралы пікірмен келісетінін білдірді. Терроризм идеологтарының исламофобия және христианофобия мәселелерін күн тәртібіне енгізу әрекетіне қарсы тұру маңызды.
– Бүкіл дін атаулы ізгілікке, түсіністік пен отбасылық құндылықтарды ұлықтауға үндейді. Мұны жастардың санасына сіңіру керек, себебі, біз террористердің сапында негізінен жастардың соғысып жүргенін білеміз. Ақыл-ой мен жүрек үшін күресте жеңілмеу керектігі аса маңызды, – деп атап көрсетті К.Долгов.
Ресей дипломатының пікірінше, Ресей терроризммен күресте ғана емес, іргелі дәстүрлі құндылықтарды қорғау саласында да алғы шептен көрініп келеді. Сондай-ақ, елдің жүздеген жылдар бойы жинаған дінаралық тәжірибесін насихаттау маңызды. Ол Ресей мен Қазақстанның терроризм идеологиясына қарсы іс-әрекет танытуға қатысты жауапты бірге іздеп, тиімді бастамаларды бірлесіп қарастырып келе жатқанын жоғары бағалады.
Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Полат Бюльбюль оғлы
бүгінде терроризм жарасы квазимемлекеттік сипат алуға ұмтылып отырғанын атап өтті. Оның үстіне, проблема трансшекаралық өлшем алып барады, сондықтан осы кесапатпен күрес күш біріктіру арқылы жүргізілуі тиіс. Террористерді жақсы мен жаманға бөлуге болмайды. Терроризммен күресте тек күш қолдану әрекеттері ғана емес, сондай-ақ, идеологиялық негізделген күрес те маңызды рөл атқарады. Дипломат сөзінің соңында Әзербайжанның антитеррористік іс-әрекетке қосып отырған үлесі туралы әңгімелеп берді.
Иранның Ресейдегі елшісі Мехди Санаи көп жағдайда діннің үлкен дүрдараздықтарға ілік ретінде пайдаланылғанын атап өтті. Бұл жерде дінді моральдық қағидаттардан бөлуге тырысу басты себеп болған жағдайлар да аз емес. Иран дипломатының мәлімдеуінше, Тегеран Таяу Шығыста бейбітшілік пен тыныштықты сақтау мақсатында түрлі діндермен және ағымдармен тұрақты диалог жүргізіп келеді. Өкінішке қарай, сыртқы ойыншылар жаңа қақтығыстардың сызбасын тықпалаудан жалығар емес.
Еуразиялық экономикалық комиссия министрі Татьяна Валовая Еуразия кеңістігі бейбітшіліктің, достық пен өсіп-өркендеудің кеңістігі болуы тиіс екенін мәлімдеді. Еуразия халқы мыңдаған жылдар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. ЕАЭО-ға мүше елдер дінаралық келісімнің үлкен тәжірибесін жинақтаған. Тарих тағылымы алдыңғы қатарлы мемлекеттер барлық дінді құрмет тұтқан кездерінде табысты болғанын көлденең тартады. Діни келісімге селкеу түсісімен, сол мемлекеттер қираған. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ барлық діндердің бір-біріне тек құрметі нәтижесінде ғана орнықтылығын сақтап, өсіп-өркендей алады.
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин де терроризмнің идеологиялық негіздерін аластау қажеттігін атап көрсетті. Ол Қазақстанда құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мақсаты мемлекет пен конфессиялар арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру, діни экстремизмнің алдын алу, мемлекет пен қоғамды дамыту, ар-намыс бостандығы мен дамудың зайырлы негіздерін нығайту, жастарды азаматтық қоғам институттары арқылы оң жасампаз қызметке тарту болатынын хабарлады.
Конференцияның пленарлық бөлігінде, сондай-ақ, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мұхитдинов, Ресей еврей қоғамдастығының президенті Александр Борода, Ресей христиан евангелия сенімі бірлескен одағының басқарушы епископы Константин Бендас, Ресей католиктік епископтары конференциясының бас хатшысы Игорь Ковалевский сөз сөйледі.
Конференцияға қатысушылар іргелі рухани сұранысқа ие және адам тыныс-тіршілігінің проблемаларымен айналысатын діндер адамгершілікке қарсы мақсаттарда пайдаланылуы, сенім-наным қандай пішімде де зорлық-зомбылықты ақтап алуы тиіс емес екенін атап көрсетті. Сенім иесіне зорлық-зомбылықты қабылдамауға сенім феноменінің өзі көмектесуі тиіс.
Конференция қонақтары, сонымен қатар, адамзат өркениетінің дамуы үшін ислам мәдениеті мен руханиятының маңызы зор екенін атап көрсете келіп, «ислам терроризмі» деген терминді бірауыздан концептуалды сынға алды. Жиналғандардың пікірінше, бүгінде түбегейлі дінаралық үнқатысу, сондай-ақ, ғылыми негізделген кең ауқымды діни ағартушылық үдерістер аса маңызды.
Самат МҰСА,
Айбын ШАҒАЛАҚОВ,
«Егемен Қазақстан»