07 Қазан, 2016

Адам 115 жылдан артық өмір сүре ала ма?

683 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
long Адамның өмір сүру ұзақтығы 115 жаспен шектеледі дейді АҚШ ғалымдары. Олар адамдардың өмір сүру ұзақтығы туралы мәліметтерді ондаған жыл бойы жинақтап сараптаған. Зерттеу нәтижесі Nature журналында жарық көрді. Бұл жөніндегі мақала BBC-де жарияланды. Ғалымдар адамның 115 жылдан да ұзақ жасауы мүмкін екен мүлдем жоққа шығармайды. Алайда бұл өте-мөте сирек кездесетін жағдай. Мысалы, 125 жыл өмір сүрген бір адамды табу үшін Жер шарындағы тұрғындар саны қазіргіден 10 мың есе көп болуы керек екен.

Индонезиялық қария 145 жасқа келгенін айтады

Зейнеткерлік ұзақ жасауға кедергі ме?

ХІХ ғасырдан бері адамның орташа өмір сүру ұзақтығы өсумен келеді. Оның негізгі себептері – ауруға қарсы егулер, туу кезінде көрсетілетін медициналық көмектің жақсаруы, рак және жүрек-қантамырлары ауруларымен күрестегі жетістіктер. Медицина әрі қарай дами беретіні, басқа да табыстарға қол жеткізетіні сөзсіз. Мұның арқасында адамның өмірі де ұзара бермек пе? Нью-Йорк ғалымдары Адамдардың өлім-жітімі жөніндегі мәліметтер базасын зерттеген. Сонымен қатар Франция, Жапония, Ұлыбритания және АҚШ-тағы ұзақ жасаған адамдардың өлімі жайлы деректерді сараптаған. Ол зерттеулер көрсеткендей, 100 жастан кейін өмір сүру ұзақтығының өсуі баяулайды. Көп жасау рекорды соңғы жиырма жыл бойы жаңармай келеді.  «Тарихта бірінші рет адамның өмір сүру шегі бар екенін көріп отырғандаймыз. Оның шегі – 115 жас» дейді профессор Ян Фейг. Алайда, өте сирек жағдайлар болмай тұрмайды. Мысалы, Жанна Кальман. Ол 1997 жылы дүниеден өткенде жасы 122-де болған. Мұншалық ұзақ жасаған адамдар туралы басқа да деректер бар. Алайда, Жанна Кальман 122 жыл өмір сүргені құжаттар негізінде расталған бірден бір ұзақ жасаушы екен. Ол дүниеге келген кезде Парижде Эйфел мұнарасы болмапты. kalman

Жанна Кальманның 122 жыл өмір сүргені расталған

АҚШ ғалымдарының жорамалы түрлі пікір туғызып жатыр. Лондондағы Университеттік колледж профессоры Линда Партридждің пікірінше, зерттеу қазіргі жағдайды ғана көрсетеді, бірақ келешекте не болатыны туралы нақты ештеңе айта алмайды. Ал профессор Джеймс Вопель зерттеудің нәтижесін мүлдем іске алғысыз санайды. Бұрынғы кездері ғалымдар адам 65 жастан ұзақ өмір сүре алмайды деп есептеген. Одан кейін 85, 105 деді, бірақ бәрі қате болып шықты дейді ол. Дегенмен, жануарларға жасалған сынақтар олардың өмір сүру ұзақтығының шегі бар екенін көрсетті. Иллинойс университетінің профессоры Джей Олшанскийдің зерттеулеріне сәйкес, тышқандар орташа 1000 күн, иттер шамамен 5000 күн жасайды. Оның сөзіне қарағанда, адамдар да өмір сүру ұзақтығының табиғи шегіне жақындап келеді.   Егемен-ақпарат