08 Қазан, 2016

Шұғылалы Шығыс – елордада

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
shugylaly-shygys-elordada«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Астана қаласында бүгін Шығыс Қазақстан облысының күндері де басталады. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған. Көрме, спектакльдер, концерттер, ауыл шаруашылығы өнімі жәрмеңкелерін қамтитын бағдарлама елорда тұрғындарына еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы ШҚО-ның экономикалық және мәдени саладағы жетістіктерін көрсетеді.  «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы алдында өтетін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне облыстың тауар өндірушілері 300 тонна өнім әкелді. Шығыс Қазақстан облысының күндерін Ұлттық мұражайда өтетін «Уақыт портретінің штрихтары» атты ШҚО суретшілерінің көрмелері және «Тәуелсіздіктің ашық кітап жетістіктері: Шығыс Қазақстан», «Үлкен жол кезеңдері» фото экспозициялары ашады. Театр шығармашылығының әуесқойлары Абай атындағы Шығыс Қазақстан театрының «Дядюшкин сон» және облыстық драма театрының «Жұлдызды сәт» атты қойылымдарын көре алады. Осы күні ШҚО-ның хоккей бойынша жетекші жаттықтырушылары «Қазақстан» спорт сарайында балаларға арналған шеберлік сағаттарын өткізеді. «Көрме» орталығында екі күн бойы «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты Шығыс Қазақстан облысының жетістіктері мен өнімінің ауқымды экспозициясы өтеді. Онда өңірдің тарихи және мәдени ерекшеліктері, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары шығаратын өнімдер, облыстың туристік кластерінің дамуы, инновациялық жобалары туралы толығырақ білуге болады. Бұдан басқа, сағат 15.00 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Өскемен қаласының драма театры К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» спектаклін қояды. Сағат 18.30-да «Жастар» театрында Семей қаласының Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық театрының Ф.М.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» спектаклі көрсетіледі. Ал жәрмеңкеге келушілер екі күн бойы Ә.Қашаубаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының «Шұғылалы Шығыс» атты концертін тамашалайды. Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтарына «Шұғылалы Шығыс» атты концерттік бағдарлама ұсынылады.