Петропавл қалалық соты «үштік топтың» қылмыстық әрекеттерін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп, түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырды.
Сара Тайжанова, Әлфия Жүкенова және Оксана Водила есімді алаяқ әйелдер үш жылдың ішінде Астана мен Петропавл қалаларының елуге жуық тұрғынын алдау-арбау жолымен тақырға отырғызып, 94 миллион теңгені қақшып кеткен. Олар жұмыртқадан жүн қырқатын арам ойларын жүзеге асыру үшін үй-жайдан қиналып жүрген жандарды жағалап, қармақтарына іліктіріп отырған. «Жайлы баспанамен жарылқаймыз» деген «атымтайжомарттар» құрғақ уәдені үйіп-төккен. Жілігі татымас арзан сөзге сеніп қалғандар қомақты қаржыларын еш ойланбастан ұстата салған. Ауыздары аңқиып, құлақтары қалқиғандардың арасында таныстары да бармақ тістеп қала берген. Осылайша сылдыр уәдені суша сапырып, оның соңы ұшы-қиыры жоқ, сан соқтырар сергелдеңдерге ұласқан. Берген «малдан» қайыр болмасына көздері жеткен жәбірленушілердің сотқа жүгінулеріне тура келген.
Ақша десе, арын сатып, араны ашылған алаяқтар құлашты кеңге сермеген тәрізді. Қос қаланың әкімдігінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы бағасы қолжетімді пәтерлерды қысқа мерзім ішінде алып беретін тамыр-таныстары барын айтып, ант-су ішкен. Кейбіріне әкімдіктің қызметкері ретінде таныстырып, иландырып алған секілді. Әйтпесе, ірі көлемде ақша бере салуға екінің бірінің жүрегі қалай дауалай қойсын. Жәбірленушілердің 23-і ғана материалдық шығынның орнын толтыруды талап еткен. Соған қарағанда, өзгелері алаған қолдың берегендігіне күмәнданған болу керек. Ә.Жүкенова көз жасын көлдетіп, бар қылмысын мойнына алса, қалған екеуі «судан таза, сүттен ақтығын» алға тартып, бедірейіп тұрып алды.
Сот үкімімен «үштік топ» Қылмыстық Кодекстің 190, 177-баптары бойынша айыпты ретінде танылып, С.Тайжанова – 8, О.Водила – 7, Ә.Жүкенова 6 жылға темір торға қамалды. Жегендері желкесінен шыққан алаяқ әйелдердің дүние-мүліктері тәркіленіп, жазаларын жалпы режімдегі түзету колонияларында өтейтін болады.
Үйлі-баранды үшеуінің артында жарлары мен балалары телміріп қала берді.
Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы