11 Қазан, 2016

Батыс Қазақстанда киіктер саны 70 мыңнан асты

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
saiga_05 Батыс Қазақстан облысында киік саны көбейді, алайда оны заңсыз аулау қылмысы да тыйылар емес деп хабарлайды Қазақпарат. ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің айтуынша, биыл 19 адамға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалып, соның 9-ы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Сот үкімімен 5 адамға 1 жылдан 2 жылға дейін шартты мерзім кесілсе, бір адам 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жануарлар әлеміне келтірілген залал 13 млн. 374,5 мың теңгені құрады. 3 мотоцикл, 6 аңшы мылтығы, тасымалданатын 2 рация, 13 киік төшкесі, 484 мүйіз тәркіленді.

Киікті заңсыз аулаушылар қатарында жергілікті браконьерлер ғана емес, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарының тұрғындары да кездеседі.

Жалпы, киік қорғау шаралары да күшейтілуде. Биыл «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің филиалы Оралда (бұрын Ақтөбеге қарайтын) құрылып, қазір онда 30 адам жұмыс жасауда. Олар Қазталов ауданында 15 күннен вахталық әдіспен еңбек етеді. 10 техникадан бөлек, киікті тікұшақпен бақылауда. Киік негізінен Қазталов, Жәнібек аудандары аумағын мекендейді. 2010 жылы 12 мың, 2011 жылы 500 киік қырылғанымен, жалпы санының өсіп келе жатқаны қуантады. Мысалы, өткен жылы 51 мыңдай болса, биылғы көктемгі санақ кезінде шамамен 70200-ге жетті. Күні бүгін Қазақстанда киік ең көп таралған аумақ Батыс Қазақстан облысы болып отыр.

«Киікті мүйізі үшін аулайтыны белгілі. Оны содан кейін заңсыз жолдармен Қытайға асырады. Қазіргі кезде сот шешіміне сәйкес тәркіленген мүйіздер жойылады. Біздің ойымызша, осыны фармацевтикалық бағытта жаратудың жолдарын іздестіру керек секілді. Осыған орай заң тетіктерін қарастыру жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жасадық», деді Қ.Қадешев.

Айта кетейік, киікті заңсыз аулағандардың ісі қазіргі таңда Қазталов аудандық сотында қаралу үстінде.