12 Қазан, 2016

«Өрлеу» байқауы өткізіледі

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биыл сегізінші рет өтетін «Өрлеу» байқауы Алматы қаласына ғана емес, жалпы еліміздің әлеуметтік және қоғам­дық өмірінің дамуына өлшеусіз үлес қо­сып келе жатқан, экономикалық, әлеумет­тік, қоғамдық салаларда айтарлықтай табыс­қа жеткен үкіметтік емес ұйымдар­дың еңбегін бағалауды мақсат тұтады. «Өрлеу» байқауын Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеумет­тік тапсырысы аясында «Ақпарат­тық-ресурстық орталығы» дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Бұл байқауды ұйымдастырудың өзіндік себебі бар. Елімізде санда бар да, санатта жоқ, тіркеліп алған соң қағаз жүзінде өмір сүріп, қоғамдағы тынысы сезілмейтін үкіметтік емес ұйымдар жетерлік. Олар немен айналысады, қоғамға қажетті қандай шаруа атқарды, қаржысы қалай жұмсалып жатыр – есебі ешкімге аян емес. Керісінше, кейбір белсенді үкіметтік емес ұйым­дардың білек сыбана кірісетін елжанды жанашыр жұмысы өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы болып жатады. Құжатта белгі­ленген қызметінен де көп жұмыс тын­дыратын олардың кейбірі үкіметтік ұйымдардың өзінен артық жұмыс істеп, сапалы жұмысымен сенімге ие болған. Халық үшін пайдалы іс жасап, қоғамдағы самарқаулық пен енжарлық­қа қарсы өз баламасын ұсынып, елді ын­таландырып, қозғалысқа келтіретін қызметіне көпшілік те риза. «Өрлеу» байқауының басты мақсаты да осы, бір жағы, сайда саны, құмда ізі жоқ Үкіметтік емес ұйымдарды тауып, қоғам­ға таныстыру болса, екіншіден, бел­­­сен­­ділерінің жұмысын лайықты баға­­­лап, олардың атқарып жатқан ісін ха­лық­­­қа жеткізу болып табылады. «Өзге өңірлермен салыстырғанда, Алматы қаласында ҮЕҰ-ның аса көп бөлігі шоғырланған. Үкіметтік емес ұйымдар білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты, экология, ғылым мен мәдениет, гендер мен әлеумет­тік қорғау, құқық қорғау мен мүмкін­дігі шектеулі жандарға жәрдемдесу салалары бойынша әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді», – деді «Ақпараттық-ресурстық орталық­тың» директоры Алтынай Көбеева. Бай­қау Тәуелсіздік жыл­дары барысын­дағы тың идеяларды, бастамалардың инновациялылығын, шешімдердің нәтижелілігі мен жүйе­лілігін көрсете білген ең үздік әлеуметтік серік­тестерді анықтайтын болады. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың биылғы жылда жүзеге асырған үздік жобалары аталып өтеді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ