12 Қазан, 2016

Халқына пана болған батыр

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында Зуқа батырдың 150 жылдық мерейтойы аясында «Зуқа Сәбитұлы және Қытай қазақтары: тарихы мен тағдыры» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Германиядан, Түркия мен Қытайдан келген және отандық ғалымдардың қаты­суымен өткен ірі жиында Зуқа батыр жай­лы үш кітаптың, бір журнал-альбомның тұсауы кесілді. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы мен түркиялық Әбдуақап Қара­ның «Қазақтардың Түркияға көші» атты бірлескен жұмысы, қытайлық ғалым Баяхмет Жұма­байдың 2 томдық «Рухы асқақ ер Зуқа» атты туындысы және 30-дан астам автордың Зуқа батыр жайлы еңбектерінен тұратын «Зуқа батыр» кітабы үлкен тұлға жайынан көп мағлұмат береді. 1928 жылы Алтай өңіріне басшы болып сайланған Ви Жың Гоның қазақтарға озбыр­лық жасауы, алым-салықты шектен тыс көп салып, елді күйзелтуі оның алдындағы басшы­лар­­дан да өтіп кетіп еді. Атағы алысқа жайыл­ған Зуқа сынды батырдың қатты ашынған, беріс­пей соғысқан, ақырында ажал құшуы да осы тұс. Езгіге, әділетсіздікке қарсы бас көтерген батыр­дың ерліктері жоғарыда аталған еңбек­терде молынан қамтылған. Зуқа батыр деген атпен танымал Зуқа Сәбит­ұлының туғанына биыл – 150 жыл. Алтай­дың ғана емес, алаштың батыры дәре­жесіне көтерілген, кезінде Оспан батыр құрмет тұтқан Зуқа Сәбитұлының биылғы мерейтойы қарсаңында жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылғанын атап өту қажет. Ірі тұлғаның Зайсанда туып, он жеті жасында Қытай асқанын бұл күнде біреу білгенмен, біреу білмейді. Батырдың атасы Бұқарада, Уфада оқып, кейіннен еліне оралғанда, өзі медресе ашып, бала оқытқан, Орта жүздің діни қайраткері атанған Нұрмұхамбет абыз, ал әкесі 40 жыл бала оқытқан Сәбит дамолла. Зуқа батырдың өзі де ата жолын қуып, діни тәрбие алған, шәкірт тәрбиелеген ұстаз еді. Қажылыққа барған, жетім-жесірден жақ­сылығын аямаған Зуқа кейін түрлі заңсыз­дықтарға, әділетсіздіктерге куә болып, босқан елді көрген соң қолына қару ұстап, жергілікті озбыр үкіметке қарсы шығады. Алтайда ең алғаш әскер ұстап, қорғаныс құрған да Зуқа батыр. 1922-24 жылдары Қытайдың 5 мәрте шабуылын тойтарып, үлкен әскери күш­ке айналған. Оның әскер құрамында тек қазақ­тар емес, қорлық-зорлық көрген жергілікті бас­қа халық өкілдері: ұйғыр, дүңген, моңғол, қалмақ, сібе, ноғай, татарлар да болған. Атағы алысқа жайылған батыр Алтай ұлықтары мен Қытай үкіметі үшін қауіпті тұлғаға айналады. Бұл жайттардың бәрі жоғарыдағы аталған кітаптардан бөлек, атақты жазушы Қажығұмар Шабданұлының батырға арналған «Пана» романында баяндалған. Сатқындар қай қоғамда да бар емес пе, Жақия атты жымысқы дүнгеннің тіл беруімен 1928 жылы күз айында Белқұдық жайлауында Зуқа ауылын жау басып алып, 50 шақты адамды қырып салған соң, батырдың басын Жақияға кестіріп, қазіргі Алтай қаласынан өтетін Қыран өзенінің бойындағы көпірге ілгізеді. Бұл «Қарсы шықсаң, осылайша ажал құшасың» деп халыққа сес көрсету болатын. Бірақ кейіннен Алтайдағы ұлықтардың араша түсуімен батырдың басы денесіне қайта қосылып жерленеді. Бүгінде Зуқаның зираты сол өзі қаза болған Белқұдықта. Ал ұрпақтары алдымен Баркөл-Құмылға көшіп, соңынан Тибет арқылы Түркияға ауып кеткен. Зорлық-зомбылық пен әділетсіздікке қарсы көтерілген ірі тұлғаның өлімі Кенесары мен Кейкінің азапты өлімдерін еске салады. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» АСТАНА