Тәңірдің қалауымен 1991 жылдың 27 желтоқсаны күні Өр Алтайдың арғы бетіндегі арқалы қазақтың арасында туыппын.
Біздің әулетте болған сол қуаныш сан ғасырлар бойы ата-бабамның арманы болған азаттықты атажұрттағы алты Алаштың алған кезімен тұспа-тұс келді.
Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасында ен жайлаған ел егемендікті қолына алып, еңсе тіктей бастаған сәтте қазақтың бағына біткен болуы керек, ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев қолына алды. Елбасы сол сәттерде күллі қазаққа естірте отырып: «Жер бетіндегі қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан! Атажұртқа қайтыңдар!» – дегенде, қуаныштан көзіне жас алмаған қазақтың ұл-қыздары кем де кем шығар. Сол-ақ екен, әр қиырдан атамекенге қарай алқалы көштің тиегі ағытылды. Менің, өз ұрпағының Қазақия қабырғасына кірпіш болып қаланғанын тілеген ата-анам да жылы орындарынан қозғалып, Қазақстанға бет түзеген-ді...
Бұрын Желмаясын мініп, Жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыз да іздегенін тапқан болуы керек. Мен де өз Жерұйығымды таптым. Енді бізге тек жас мемлекеттігімізді нығайту сапалы білім, өнегелі тәрбиемен сусындаған ұрпақтың ғана қолынан келетінін ұғынып, тәуелсіздіктің бақ құсын қазақтың басына қайта қондырған Аллаға мың да бір шүкір дей отырып, ел мәртебесінің үстем болуы жолында еңбек ету қажет.
Қорыта айтқанда, заманның аумалы-төкпелі тұсында атқа қонып, ен даласынан көз жазып қалған қандастарын атажұртына шақырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы көш» бағдарламасының жемісі, қазақтың жеңісі баянды болғай. Бұл – Тәуелсіздіктің төл құрдасының сөзі!
Қуаныш ТЫНЫБЕКҰЛЫ
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы