«Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Австрия Ұлттық павильонының комиссары Рихард Шенцтің кездесуі болып өтті.
Ахметжан Есімов осы айда павильондарды көрмеге қатысушыларға тарату басталатындығын, сондай-ақ делегация мүшелері үшін апартаменттер қазан айының соңында дайын болатындығын хабарлады. «Австрия осы көрмеде өзін көрсету мүмкіндігіне ие болғандығына қуанышты. Біздің еліміз «Болашақтың энергиясы» тақырыбында әлемдік лидерлердің бірі болып табылады. Бүгінгі күні біз елімізге қажетті энергияның 25 пайызын баламалы көздерден тұтынамыз», – деп атап өтті Рихард Шенц.
Ұлттық павильон жұмысы шеңберінде Австрия экономикалық және туристік байланыстарды дамыту үшін В2В форматында кездесу өткізуді жоспарлауда. Соның ішінде олар екі жақты экономикалық форум ұйымдастыруға ниет білдіріп, үлкен мәдени бағдарлама дайындауда. Кездесу барысында австриялық тарап өте қызықты деп мойындалған, өз павильонының тұжырымдамасын ұсынды. Бұдан басқа, комиссар «Үздік тәжірибелер аймағы» контентіне үш австриялық компаниялардың әзірлемелері кіргендігін, бұл ел үшін үлкен мақтаныш болып табылатындығын атап өтті.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қыркүйек айының ортасында басты тақырыптық павильондардың бірінде ұсынылатын энергия саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер байқауы аяқталды. Нобель сыйлығының лауреаттарынан тұратын халықаралық комиссия «Үздік тәжірибелер аймағы» үшін 20-дан астам жоба іріктеді.
* * *
Елімізде сапарда болған Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Улугбек Розукулов ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылыс алаңына аялдап, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовпен кездесті.
Улугбек Розукуловтың назарына көрменің және оған іргелес орналасқан архитектуралық ансамблі ұсынылды. Делегация өкілдері осы айдың аяғында халықаралық қатысушы мемлекеттерге ұсынылатын халықаралық павильондарды аралап шықты. Бүгінгі таңда 105 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындығын ресми растады.
«Құрылыстың ауқымы мен сапасы таңғалдырады. Қазірдің өзінде көрменің шын мәнінде сәтті өтетіндігіне күмән жоқ. Өз тарапымыздан, ЭКСПО-2017 аясында Самарқанд пен Бұхараға арнайы туристік турларды ұйымдастыруға дайынбыз», – деді Улугбек Розукулов. Қазіргі таңда шетелдік туристер үшін Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 73 маршрут әзірленген. Келесі жылы ЭКСПО-2017 көрмесіне 5 миллионнан астам келуші болады деп күтілуде.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»