13 Қазан, 2016

Жасампаздық жылнамасы

355 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
era_30791997 *25 тамызда Татарстан Президенті Минтемир Шаймиев Алматыға ресми сапармен келді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткізілген әңгіме барысында сауда-экономикалық саладағы екі жақты ынтымақтастықты дамытудың жағдайы мен болашағына айрықша көңіл аударылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 26 тамыздағы нөмірінде «Ынтымақтастық үшін мүмкіндік ұлан-ғайыр» тақырыбымен мақала жарияланды. *30 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Конститу­ция күніне орай қазақстандықтарға Үндеу арнады. «Ерік-жі­гері­мізді жанып, елдігімізді нығайтайық, белсене еңбек етейік», деді Елбасы өзінің Үндеуінде. * 31тамызда Президент Н.Ә.Назарбаев Кувейт мемле­кеті­не ресми сапармен барды. Сапар барысында Кувейт Әмірі шейх Жабер әл Ахмад әл-Жабер Ас-Сабахпен, Кувейттің Сыртқы істер министрі шейх Саби Әл-Ахмад әл-Жабер Ас-Сабахпен кездесіп, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды. *1-2 қыркүйек күндері Президент Н.Ә.Назарбаевтың Бах­рейнге ресми сапары болды. Сапар барысында Елбасы Бахрейннің Әмірі шейх Иса бен Салман әл-Халифпен кездесті. * 2-4 қыркүйек аралығында Президент Н.Ә.Назарбаев Оман Сұлтанатына ресми сапар жасады. Мемлекет басшысы Оман Сұлтаны Кабуспен кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойды. * 8 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда ауылында Жәңгір ханның мавзолейінің ашылу салтанаты болды. Хан кесенесінің ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жәңгір ханның ұлт тарихындағы алар орнын атап көрсетті. * 16-18 қыркүйек аралығында Қазақстанға Италияның Премьер-министрі Романо Проди сапармен келді. «Біз өзіміздің экономикалық және саяси қарым-қатынасымыздың екінші кезеңіне келіп отырмыз», деді Р.Проди Қазақстан басшысымен кездесуден кейін. * 19 қыркүйекте Ордабасы биігінде халық бірлігіне орнатылған монумент ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев монументтің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 20 қыркүйектегі нөмірінде «Ордабасы – елдіктің, бірліктің бастауы» тақырыбымен мақала жарық көрді. * 22 қыркүйекте Қазақ­станға рес­ми сапармен Бела­русь Президенті А.Лука­шенко кел­ді. Мем­лекеттер басшы­лары кездесу­де Қазақ­стан-Беларусь ара­­сындағы сауда-эко­но­микалық ынты­мақ­тас­тық, Кедендік одақ мәселелерін тал­қыға салып, оны одан әрі дамытудың перс­пек­тива­лық жақтарына баса назар аударды. * 24 қыркүйекте Қытай Халық Рес­пуб­ликасы Мем­лекеттік Кеңесінің Премьері Ли Пэн ресми сапармен Алматыға келді. Қазақстан Прези­денті мен Қытай Үкіметінің басшысы Қазақстан мен Қытай Халық Респуб­ликасы арасындағы мемлекеттік шекара туралы қосымша келісімге қол қойды. * 27 қыркүйекте Алматыдағы Рес­пуб­лика сарайында М.О.Әуезовтің ғасырлық тойына арналған салтанатты мәжіліс өткізілді. Жиналғандар алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Әуезов «Абай жолы» эпопеясынан өзге бір жол жазбаған күннің өзінде, осы туындысының өзі-ақ оның келер ұрпақ көкірегінен мәңгілік орын алу үшін жетіп жатар еді. Осы ғажайып шығарманы қолыңа алған сайын, оның әр жолын оқыған сайын көкірегіңде өз елің үшін, өз халқың үшін мақтаныш сезімі оянады», деді Президент. * 10 қазанда Алматыдағы Парламент үйінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған даму стратегиясы туралы баяндама жасады. Бұл Стратегия – Мемлекет басшысының елдің алыс болашақтағы даму жолын болжаған, сол биіктерге жетудің бағыт-бағдарын нұсқаған аса ірі еңбегі. * 20 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылған болатын. * 27 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Испания Үкіметінің төрағасы Хосе Мариа Азнарды қабылдады. * 3 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Венгрия Республикасының Президенті Арпад Генцпен кездесті. *11 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Э.А.Шеварднадземен кездесті. * 17-23 қараша аралығында Президент Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болды. Сапар барысында Елбасы АҚШ Президенті Б.Клинтонмен, АҚШ Вице-прези­денті А.Гормен, Президент Әкім­шілігі өкілдерімен кездесті. Сапар соңынан Қазақ­стан мен АҚШ ара­сындағы эконо­микалық әріптестік жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына жә­не бірқатар екіжақты құжаттарға қол қо­йылды. * 24-26 қараша аралығында Президент Н.Ә.Назарбаевтың ГФР-ға ресми сапары өтті. Елбасы сапар барысында Германияның Федералды Президенті Р.Херцогпен, Канцлер Г.Кольмен кездесті. era_3074* 27-28 қараша күндері Президент Н.Ә.Назарбаев Польша Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында Елбасы Польша Президенті А.Квасьневскимен кездесті. * 9 желтоқсанда жаңа елорда – Ақмолаға еліміздің мемлекеттік рәміздері жеткізілді, Елбасы Резиденциясында Көк туымыз желбіреді. Осы күні Алматы жұртшылығының өкілдері Елбасымызды жаңа астанаға шығарып салу рәсімін жасады. * 10 желтоқсанда Астанадағы Елбасы Резиденциясының Күмбезді залында республика Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісі болды. Оны кіріспе сөзбен ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап мемлекетіміздің астанасы болып ресми түрде жарияланатынын салтанатты жағдайда мәлімдеді. Осы күні Президент Жарлығымен 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. * 17 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Тәуелсіздік монументі жанында өткен митингіде сөз сөйледі. Президент 1986 жылғы 17-18  желтоқсан күндері Алматыда болған оқиға егемен мемлекетіміздің қалыптасуына негіз қалаған соны серпін ретінде Қазақстан тарихында қалғанын атап көрсетті.