13 Қазан, 2016

Сауда сақал сипағанша десек те...

589 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
era_6682777Бүгінде дүниеде не көп, полиэтилен дорбашалар көп. Базарға барасың ба, дүкенге барасың ба, сатып алған тауарыңды мың болғыр сатушы полиэтилен дорбашаға салып, қолыңа ұстата қояды. Балалар ұшырған батпырауықтай аспанымызда қалықтап, шыршаға ілінген ойыншықтардай ағаштарымыздың бұтақтарына қыстырылып, төңіректің мүлде сиқын бұзып тұрған мұндай дорбашалардың экологияға зияны туралы, бірқатар дамыған елдердің кейінгі уақыттары олардан мүлде бас тартып, оның орнына кәдімгі қағаз дорбашаларға ауысып жатқандарын естіп те, кейде тіпті теледидарлардан көріп те жүрміз. Бірақ, біздің айтпағымыз тіптен де ол емес. Бізді соңғы кездері әлгі дорбашалардың «экология­сынан» гөрі «экономиясы» көбірек ойландыратын болып жүр. Неге дейсіздер ғой? Айтайық. Қалыптасқан қағида бойынша,  құны, дәлірек айтқанда, өзіндік құны түкке тұрмайтын ондай дорбашаларды дүкендер сауда жасаушыларға тегін таратулары тиіс. Ол, біріншіден, жаңа өзіміз айтып өткендей, олардың бағаларының бір тиын да тұрмайтындығына байланысты болса, екіншіден, оның өзі сауда мәдениетін, аталған сауда орнының дәрежесі мен өз тұтынушыларына өркениет талаптарына сәйкес ыңғайлы да сапалы қызмет көрсететінін білдіреді. Керек десеңіз, сол арқылы дүкендер, әсіресе ірі сауда орындары сауда жасаушыларды өздеріне барынша көбірек тартуға тырысады. Шынын айтуымыз керек, Астанада ондай дүкендер жоқ емес. Мәселен, Small сауда желісіне қарайтын дүкендер өз клиенттеріне полиэтилен дорбашаларды тегін таратады. Дорбашаларының сыртқы жағына дүкеннің аты жазылған және олары біршама затты көтеруге шыдас беретіндей әп-әдемі дүниелер. Бірақ, жағдай барлық жерде бірдей емес. Осы елордамыздағы «5 минут», «Спутник» деп аталатын сауда желісіне қатысты кейбір дүкендер өз дорбашалары үшін сауда жасаушылардан ақы талап етеді. Қызығы сол, аталған сауда орындары сатып беретін дорбашалардың сапасы да, көлемі де, яғни сыйымдылығы да Small сауда желісіне жататын дүкендердегі полиэтилен дорбашалардан еш артық емес. Сөйте тұра ондай дүкендердің сатушылары 5 теңге төлейсіз деп алақандарын жайып тұрғаны. Айта кету керек, әңгіме көшелердің әр жер, әр жерінде қалқайып қаланың кескінін кетіріп тұрған дүңгіршектер немесе көп қабатты үйлердің төменгі қабатында орналасқан, өздерін «шағын маркеттер»  деп атайтын дүкендер туралы емес, кәдімгі супермаркеттер санатындағылар жөнінде болып отыр. Ал жаңағы «шағын маркеттер» дорбаша тұрмақ, одан төменін де тегін бермейді. Сөз орайында сатушының сатып алушыға тауарды орап немесе бір ыдысқа салып беруге міндетті екенін де ескерте кеткен орынды және сатушы ол үшін ақы талап етуге тиіс емес. Мәселен, Белоруссияда осындай жағдайларды реттейтін арнайы ереже де бар. Жалпы, супермаркет деген атқа ие сауда орындары өзге дүкендерден көлемдерінің үлкендігімен ғана ерекшеленбейді, сонымен қатар, тауарлар ассортиментінің молдығымен және сапалы қызмет көрсетуімен де ерекшеленеді. Айталық, өз тұтынушыларын кезек күттіріп сарылтып қоймау да сауда қызметінің жоғары деңгейін көрсетеді. Өкінішке қарай, бізде бұл жағы да әзірге көңілдегідей емес. Әсіресе, демалыс күндері ахуал мүлде ауырлай түседі. Ал енді жаңағы өзіміз айтып отырған полиэтилен дорбашаларға келсек, ол да осы сапалы қызметтің бір бөлшегі болуы тиіс. Бұл мәселені көтергендегі ойымыз, 5 теңгенің өзі табысы онша көп емес біздің ағайындар үшін ақша болып саналатынын біле тұрсақ та (сатып алған затына қарай бір емес, бірнеше дорбаша қажет болуы да мүмкін ғой), үнемшілдікті емес, қазіргі заманға сай сауда мәдениеті деген жайтты көпшіліктің есіне салу. Әлемнің өркениетті деген бір де бір елінде дүкендер сатып алушыларын касса алдында қаңтарып қоймайды және көк тиындық құны жоқ дорбашалар үшін ақша талап етпейді. Қанша жерден сауда сақал сипағанша десек те, оның өзі өзін сыйлайтын, жұрт алдында бедел жинауға ұмтылатын сауда орнының халыққа көрсеткен сапалы қызметінің құрамдас бөлігі іспетті болып саналады. Біз бар болғаны осыны айтпақ болып отырмыз. Егер осы мәселеге сәл-пәл күдікпен қарар болсақ, жаңағыдай полиэтилен дорбашалардан түскен қыруар қаржы қайда кетіп жатыр деген күмәнді сауалдың туындауы да ешкімді таң қалдыра қоймаса керек. Өйткені, мысал ретінде өзіміз келтірген аттары дардай дүкендер құны түкке тұрмайтын дорбашаларды сату арқылы күндерін көріп, далбасалап отыр дегенге сену қиын. Керек десеңіз, квас, сыра сияқты сусындарды құйып сататын дүкендердің өзі «баклашка» деп аталатын пластмасса құтыларды тегін береді. Салыстырып қарар болсақ, олардың бағасы полиэтилен дорбашадан арзан болуға тиіс емес. Олай болса, дорбашаларын пұлдап бұрқан-тарқан болатын сатушылардың қылықтарын қалай түсінген жөн? Ақиқатын айтсақ, осы мақаланы жазудағы біздің мақсатымыз да бес теңгеге бола беттің арын бес түю емес, істің анық-қанығына көз жеткізу. Өз құқықтарын жете білмегендіктен (нарық заңдылығы мен өркениет талаптарын меңгермегендігі тағы бар), жиі-жиі алдауға түсіп қала беретін біздің халық осы орайда тағы да жазықсыз жем болып жүрген болса қайтеміз. Бәлкім, ойланып көрерміз, ә?.. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»