Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин кіндік қаны тамған туған жеріне жаңалықтарды ала келді. Өткен жылдың жазында жаңа қызметке тағайындала салысымен аудандық білім бөлімінің бастығы Сәния Әбдіғалиеваны және бірнеше мектептің директорын шақырып алып, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін жылыжай салу қажеттілігіне тоқталды. Соның бірі – Дайыр ауылының Мүкарама орта мектебінде жылыжай салу мәселесі де сөз болды. Мектеп директоры Анарбек Дүтбаев тапсырма алған соң жылу қазандығы жанынан 50 шаршы метрлік алаңды қоршап, ескі мектептен қалған есік-терезелерді құрастырып, жылыжайды жасақтады. Мектеп мұғалімдерінің бұл тіршілігіне қүдікпен қарағандар да табылды.
Ғылыми орталық жетекшісі Ақылбек Омариев, механизатор Болат Құрманғожин деген азаматтар да күн-түн демей жылыжайға еккен жүз түп қияр, жүз түп қызанақты күтіп-баптай бастады. Оларға ұстаздар мен шәкірттер де қолғабыс жасап тұрды. Желтоқсанда егілген қияр алғашқы өнімді жақында берді.
– Бәріміз ауылда өстік, жердің қадірін түсінеміз. Алайда жылыжай дегенді тек естуші едік, енді оны терең зерттеуге тура келді. Облыс орталығы мен оның маңындағы ауылдарға барып, жылыжаймен танысып қайттық. Қақаған қыста көкөніс өсіру оңай шаруа емес. Топырақ ылғалын үнемі қадағалап, уақтылы қажетті мөлшерде жылу бермесең, жемістер семіп қалатыны тағы бар. Жылдың төрт мезгілінде жаңа піскен көкөністі тұтынуға не жетсін. Қазіргі кезде мектеп жанындағы интернатта қиярды жеп, сәлден кейін қызанақ дастарқан мәзіріне енеді деген үмітіміз бар, – дейді мектеп директоры Анарбек Дүтбаев.
Зайсан ауданында 20 орта, он орталау мектеп бар. Өткен оқу жылында бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша аудан көлемінде 85,2 балл жинадық. 27 шәкіртіміз «Алтын белгіге» ие болды. Оқушылардың жазғы демалысын мәнді де сәнді өткізу басты назарда. Барлық мектептерде қосалқы шаруашылықтар құрылған. Жазда мектеп жанындағы аулада көкөніс өсіреді. Кеңсай, Үлкен Қаратал ауылдарында да жылыжай салуды ұйғарып отырмыз. Биыл Әуезов, Ломоносов, Амангелді атындағы орта, Саржыра және Жарсудағы орталау мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Аудан әкімі Серік Зайнулдин ауыл мектептерінің жағдайымен жақсы таныс. Мектеп төбелерін шатырлау, жөндеу жұмыстарына қаржы тауып бергелі отыр. Шәкірттерге терең білім, саналы тәрбие беру алдағы уақытта да жалғаса бермек, – деді аудандық білім беру бөлімінің бастығы Сәния Әбдіғалиева.
Жылыжайдан шыға берісте су жаңа «Паз» автобусын көрдік. Жаңа көлікті аудан әкімі интернат балаларына беріпті. Тек Мүкарама мектебі емес, басқа да бірнеше аудан мектептері осындай көліктерге ие болған. Мүкарама мектебінде 41 ұстаз қызмет етіп, төрт жүз оқушыға білім нәрін сусындатуда.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.
_____________________________________
Суреттерде: аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Сәния Әдіғалиева, мектеп директоры Анарбек Дүтбаев, механизатор Болат Құрманғожин, жаңа автобус.