Жыл өткен сайын көпшілік мемлекеттерде суға деген, оның ішінде ауыз суға деген тәуелділік артып келеді. Кейбір деректер бойынша, соңғы 60 жылда Жер шарында ауыз суды пайдалану сегіз есе өскен екен. Сондай-ақ, қазіргі кезде Жер шарындағы тұщы судың тапшылығы жылына 230 миллиард текше метрге жетіпті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі халықтың 10 пайыздан астамы таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырғаны жөнінде мәліметтер келтіреді. Бұдан бөлек, 800 миллионға жуық адам ластанған су көздерін пайдалануға мәжбүр болып отырса керек.
Тіршілік көзі – су проблемасына байланысты өткен халықаралық форумда БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның «Әлем тұщы су үшін соғыс жағдайына жақындады», деп айтқаны бар. Бас хатшының белгілі саясаткерлер мен су мәселесінің білгір сарапшылары қатысқан жиында осылай деп алаңдаушылық білдіруі жайдан-жай емес. Мұны халықаралық сарапшылардың жүргізген зерттеулеріне байланысты жасаған болжамдары да нақтылай түседі. Олардың зерттеулеріне қарағанда, 2020 жылдан кейін әлемнің 22 ірі аймағы құбырмен келетін тазартылған судың тапшылығына ұшырайды. Әсіресе, бұл қазірдің өзінде құрғақшылықты бастарынан кешіп отырған «Қара құрлық» елдері мен Үндістанға қатысты болмақ.
Соңғы жылдары ірі халықаралық ұйымдардың жиындарында, сондай-ақ экономикалық және экологиялық форумдарда болашақта судың мұнайға деген тұтынушылық сұраныстан жоғары болатыны және әлемдік нарықта «қара алтыннан» гөрі таза ауыз су мәселесі бірінші орынға шығып, халықаралық бизнестің негізгі көзіне айналатыны жөнінде айтылып қалып жүр. Бұл пікірлер себепсіз де емес сияқты. Өйткені, ауыз су – кез келген тірі жан үшін ең қымбат және қалпына келтіре алмайтын табиғи қор. Ал мұнай мен газдың орнына уранды пайдаланып, одан энергетикалық отын алуға болатыны әлдеқашан дәлелденген.
Орталық Азия өңірінде, оның ішінде біздің елімізде де су тапшылығы айқын сезіле бастады. Жаңа ғасырдағы жаһандық он қатердің бірі саналатын су мәселесі уақыт өткен сайын халықаралық деңгейде өзекті әрі өткір проблемаға айналып барады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында су тапшылығының салдарына байланысты туындауы мүмкін сын-қатерлерге жеке-дара тоқталып өтуі сондықтан. «Су – барынша шектеулі ресурс, – деп атап өткен еді сонда Президент. – Оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып тұр».
Осыдан төрт жылдай бұрын сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау министрлігі еліміздегі 88 су нысанына мемлекеттік мониторинг жүргізген екен. Мониторинг нәтижесі сол нысандардың 13-інің ғана суы таза және ауыз су ретінде пайдалануға болатынын көрсетіпті. Рас, «Ақ бұлақ-2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері еліміздегі елді мекендер тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесі біршама жақсарды. Мемлекет бұған жылма-жыл қомақты қаржы бөліп келеді. Мысалы, 2013-2015 жылдары «Ақ бұлақ-2020» бағдарламасын іске асыруға жалпы көлемі 214,3 миллиард теңге қарастырылды.
Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығын ауыз су проблемасымен бірге, ауыл шаруашылығы, өндіріс және басқа мақсаттарға пайдаланылатын су тапшылығы да қатты алаңдатып отыр. Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда арнайы баяндама әзірлеген сарапшылар мынадай мәлімет келтірген еді: 2025 жылға қарай су тапшылығының салдарынан әлемдегі егіс алқабының көлемі 30 пайызға дейін қысқарады. Бұл – АҚШ пен Үндістанда жиналатын дәнді дақылдардың жалпы көлеміне тең. Ал 2050 жылға қарай азық-түлікке деген сұраныс 70-90 пайызға артпақ. Сондай-ақ, қазіргі кезде ауыл шаруашылығы мен өндірістік салаларға қажетті суды беріп отырған әлемдегі аса ірі 70 өзенге тартылу қаупі төніп тұрған көрінеді.
Мамандар ХХІ ғасырда ең басты проблеманың біріне айналатын су мәселесі түрлі қарулы қақтығыстарға себеп болуы мүмкін деген де болжамдар жасайды. Жалпы, халықаралық сарапшылардың су тапшылығымен күрескеніне бір ғасырға жуықтапты. Соңғы 65 жылда су мәселесіне қатысты 300 халықаралық келісімге қол қойылған екен. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі жүзеге аспаған.
Әлисұлтан
ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»