13 Қазан, 2016

Білім асқарына беттеген Алматы

275 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
7979Азияның негізгі оқу орталықтарының біріне айналу мүмкіндігіне ие Батыс елдері ХХ ғасырдың ортасынан бастап бүкіл әлемнің студенттері білім алатын орталыққа айналды. Бүгін бұл үрдіс еселеніп, табысты ірі индустрия деңгейіне көтерілді. Аталған «білім туризмінен» пай­даны кеңінен көріп отырған мем­лекеттің бірі – Ұлыбритания. Бұл ел 2014-2015 оқу жылында әлемнің әр тарапынан 436 мың студентті қа­был­дады, оның 89 мыңы Қытайдан, 17-18 мыңы Үндістан мен Малай елі­нен. Шетелдіктер таңдаған маман­дықтың көшін бизнес (Business and admi­nistrative – 38%), инженерия (Engi­neering and technology – 33%) және заң (Law – 26%) саласы бастап тұр. Ілім беруден үлкен пайда көріп отырған келесі ел – АҚШ. Мұнда Ұлы­британияның көрсеткіші екі есе­ленеді десек, артық емес. Соңғы жыл­дары 974 мың шетелдік студент АҚШ-қа білім визасын алған, олар­­­дың 308 мыңы Қытайдан, 132 мы­ңы Үнді елінен, ал 59-63 мыңы Сауд Арабиясы және Корея Респуб­ли­касынан. Жоғарыдағы сандар адамның білімге деген құштарлығы қашанда жоғары болатындығын және оның алып бизнеске айналғанын анық көрсетіп отыр. Бұл саланы индустрия деп атауымыздың өз себебі бар. Ол себеп – мұндағы әр қадам ақылы. Бастапқы табалдырық – тіл талабы. Әр ел, университет ағылшын тіліне белгілі талап қояды. Тұманды альбион ІЕLTS – 6,5 балдан, Құрама Штаттар TOЕFL 90 балдан жоғары көрсеткішті сұрайды. Азия, Африка, Латын Америкасының қатардағы оқушысына бұл межені бағындыру оңай емес, сол үшін университеттер арнайы тіл курсын ұсынады, әрине ақылы (мәселен, Кардифф университетінде 5 айлық курс – 5 225 фунт). Тіл сындыруға мол қаражат жұмсағыңыз келмесе, онлайн сабақ алыңыз, ақылы немесе осы елдердің бірінен тіл маманын шақыртыңыз, бірақ алдымен жалақысын төлеңіз. Қаптаған ағылшын тілін меңгеру жөніндегі кітап, курс, диск, сайттардың басым бөлігі тегін емес екені белгілі. Яғни, тек қана ағылшын тілін академиялық тұрғыда оқу мен тоқу жоғарыда аталған мемлекеттерге бірнеше миллиондаған фунт, доллар пайда әкеліп, мыңдаған жұмыс орнын ашып отыр. Ал келесі әрі негізгі табыс көзі, әрине, ол академиялық бағдар­ламаның оқу ақысы. АҚІІІ-та ол жылына орта есеппен 22-60 мың долларды құраса, Ұлыбританияда 17-38 мың фунттың шамасында. Баға мамандық пен университеттің рейтингісіне байланысты өзгеріп отырады. Ғаламның әр бұрышынан келген ілім қуушылар осылайша жыл са­йын АҚШ экономикасына 30 миллиард доллардай пайда әкеледі, ал Біріккен Корольдік олардың есебінен 4-14 млрд фунт арасында табыс тауып, 9 мың тікелей және 26 мың жанама жұмыс орнын ашып отыр. Мамандық меңгеруге ұмтылып, мұхит асқандардың саны соңғы он­жыл­дықта екі еселенді. Яғни, даму­шы мемлекеттерде, әсіресе, Азияда табысы тұрақты орта тап қалып­та­сып, саны артуда. Олар өздерінің жалғыз немесе санаулы ұл-қыздарының жоғары білімі үшін ақша аямайтыны белгілі. Осы орайда Алматы қаласының Азияның жоғары білім беру жүйесінде негізгі орталықтарының бірі болуға мүмкіндігі бар. Бүгіннің өзінде С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жыл сайын 1000-ға жуық шетелдік студентті оқытуда. Алайда осы тәжірибені тереңдетуге қаражат құйып, тек ағылшын тілінде білім беретін арнайы факультеттерді ашатын кез келді. Егер бұл жоспар жүзеге асса, Алматы Азия елдерінен келетін студенттердің жаңа білім орталығына айналуы мүмкін. Оған қаланың артықшылықтары аз емес: салыстырмалы түрде өмір сүру, азық-түлік бағасы арзан, қауіпсіз, таудың маңайында жайғасқан, көрікті мекені аз емес, Лондон не Вашингтон секілді Азияға қашықта жайғаспаған, халық толерантты. Жоғарыда аталғандай, АҚШ пен Ұлыбританияда негізгі сұраныс бизнес, қаржы, менеджмент мамандығына түсуде. Сәйкесінше, ҚазҰУ, Халық шаруашылығы универ­си­теті және өзгелері ағылшын тілді эко­номика факультеттерін ашып, сол саладағы барлық мамандықты оқы­туға әлеуеттері жеткілікті. Бұдан бөлек, инженерия әлемдік сұраныста 2-ші орында келеді. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ негізінде ағылшын тілді инженерия мектебін қалыптастырудың зор мүмкіндігі бар. Ендеше, ағылшын тілді ұстаздар қауымы, кітапхана базасы қалай шешілмек деген заңды сауалдар туындайтыны хақ. Бүгіннің өзінде жүздеген университет мұғалімі «Болашақ» бағдарламасымен шетел­дерде тәжірибеден өтті, әлі өтуде. Осы бағ­дарламамен (10 мыңнан аса) және өз қаражатына бакалавр, магистр, РһD дәрежесін өзге елдерде алған аза­мат­тарымыз бірнеше мыңнан асады. Бұ­дан бөлек, көптеген отандық ком­па­ниялардың топ-менеджерлері за­ман талабына сай ағылшын тіліне жетік. Егер мұндай әлеует аз болса, сол Еу­ропа елдерінен сабақ беруге про­фес­сорларды шақыруға әбден болады. Иә, қысқа уақытта ешбір университет өз қорын шет тілді кітап­тар­мен толықтыра алмайды. Бірақ кітап мәселесін шетелдік ЖОО кітап­ха­насының электронды базасына рұқсат алу арқылы шешуге болады. Мәселен, Халық шаруашылығы университеті жыл са­йын Бостон университетіне белгілі ақысын төлейді, есесіне студенттер Бостонның жүз мыңдаған кітап, журнал, мақаласының электронды нұсқасына қол жеткізіп, Алматыда отырып оқи алады. Әрине, Алматы ЖОО-ларының басты артықшылығы – оқу ақысының арзандығы болуы керек. АҚШ пен Англия жылына кемі 20 мың доллар талап еткенде, алматылықтар бұл бағаны 6-7 мың долларға дейін түсіре алады. Егер өз азаматтарымызға бұл ЖОО-ның ең қымбат қазіргі бағасы 2 мың доллардың шамасында болса, 6-7 мың доллар табыстың жаңа көзіне айналары анық. Ол үшін алматылық университеттер көктемнің алғашқы айларынан бастап халқы мол Қытай (1,3 млрд), Тайланд (68 млн), Индонезия (261 млн), Филиппин (102 млн), Үндістан (1,3 млрд), Вьетнам (94 млн), Пәкістан (193 млн) секілді мемлекеттердің басты қалаларында жарнамалық іс-шаралар өткізуі қажет. Бұл – жыл сайын қолданылатын халықаралық әдіс. Егер ақпаратты жеткізу ісі, көрмелер мен РR-жарнама акциялары сауатты жүргізілсе, Алматы жыл сайын кемі 10 мың шетелдік студентті қабылдай алар еді. Бұл тек оқу ақысынан 60-70 млн доллар (ҚазҰУ бюджетіне шамалас) табыс түседі дегенді білдіреді, ал олардың баспана, азық-түлік, жол-көлік, көңіл көтеру шығындары Ал­маты үшін қосымша қаражат болмақ. Заманның мұндай үрдісінен шет қалу – мүмкіндікті жіберумен тең. Себебі Азия студенттері үшін талас бүкіл әлемде жүріп жатыр. Енді Ан­глия университеттері оларды өз жерінде күтпей, өз филиалдарын Са­ры құрлықта сала бастады. Мәселен, атақты Ливерпуль университеті 2006 жылы Қытайда бірлескен Хі’аn Jiao­tong-Liverpool University филиалын ашып үлгерді. Ал Ньюкасл ЖОО Ма­лайзияға Newcastle University Medi­cine Malaysia болып кірді. Бұл тізімді Абердин, Хериот-Уат, Ноттин­гэм, Мид­лсекс білім ордалары жал­ғас­тыра алады, олар енді Азияның әр бұ­ры­шында бір-бір филиалдың негізін қалады. Мұндай бастаманы сынайтын­дардың табылары хақ. Себебі, қит етсе, Қытай қаптайды деген фобия бүгінде ел аузында. Иә, көршіміздің «жұмсақ күшті» қолданатын кезі аз емес, алайда студенттер ол елдің ескі демографиялық саясатына сай әр отбасының жалғыз ұлы не қызы. Яғни, олардың өз отбасына оралары анық, заң бұза қалғанын визаның мерзімімен бақылау бек мүмкін. Бұл – халықаралық тәжірибе. Оған қоса, адам­ның ғұмырында оның альма-ма­тері ерекше рөл ойнайды. Себебі, сту­дент өзінің ең қызықты кезеңін сол елде өткізді. Жоспардағы шетел­дік студенттер келешекте Қазақ­стан­мен сауда жасап, елге инвестиция тар­туға ықпал етер көпір болулары да бек мүмкін емес пе?! Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, Ланкастер университетінің студенті