Қарағанды облысының диқандары рекорд жасады
Қарағанды облысында күзгі жиын-терін науқаны аяқталды деуге болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 1 миллион тоннадан астам астық жиналған. Бұл дегеніңіз былтырғы көрсеткіштен екі еседей артық. Диқандар биыл әр гектардан орта есеппен 14 центнерден өнім алыпты. Көпшіліктің айтуынша, егін салып келе жатқан жарты ғасырға жуық уақыт ішінде біздің облыс мұндай жоғары көрсеткішке алғаш рет қол жеткізіп отыр.
Картоп пен көкөніс терімі де аяқталуға жақын. 8 мыңнан астам гектардан қазірге дейін 185 мың тоннадай картоп жиналды. Қоймаларға түскен көкөністің көлемі 32 мың тоннадан асады. Одан бөлек, 8 мың тоннадай майлы дақылдар бар. Алдағы күнін ойлаған шаруашылықтар келесі жылға 87 мың тонна астық пен 26 тонна картоп тұқымын да әзірлеп қойды.
Шағын мақалада барлық аудандардағы жағдайды жіліктеп айту қиын. Біз тек Қарағанды облысының астық өндіруден негізгі әрі жетекші өңірі Осакаров ауданындағы науқанның барысына тоқталғанды жөн көрдік. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Куликовтың айтуынша, биыл көктемде 277 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілген. Бұл былтырғыдан айтарлықтай көп. Олай болған себебі, жер инспекциясы бұған дейін жылдап тиімсіз пайдаланылып келген немесе мүлде пайдаланылмаған тыңайған жерлерді жекеменшіктен ортаға қайтарған. Ондай жер иелерінің бірқатарына айыппұл салынса, енді біразына жер салығы бірнеше есеге көбейтілді. Барлығы 10 миллион теңгеге айыппұл салынып, 7 жекеменшік шаруашылыққа салық мөлшері арттырылған.
Бұған қоса, иелігіндегі жерді игеруге мүмкіндігі жоқ 10 меншік иесі айыппұл қарызына батпау үшін өз телімдерінен бас тартты. Осы жерлердің бәрі жұмыс істеуге құлшынып отырған шаруашылықтарға бөлініп берілді. Өз иелігіндегі жер телімімен жемісті еңбек етіп жатқан шаруашылықтарға барып қосылғандар да табылды. Осының бәрі, әрине, аудандағы егістік көлемінің ұлғаюына сеп болды.
– Айталық, биыл Маржанкөл ауылдық округінде қаншама жылдан бері ескерусіз жатқан 5 мың гектардан астам жерге түрен салынды, – дейді Сергей Куликов. – Көктемде соның 556 гектарына тұқым сіңірілді. Алдағы жылы тағы 6 мың гектарға егін салсақ деп отырмыз.
Қазір Осакаров ауданындағы жердің бәрі пайдалануға жарамды. Енді тек сол жерлерге иелік етіп отырған шаруалар оларды тиімді пайдалануы керек. Жалпы, келесі жылы Осакаров ауданында егістік көлемі 290 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.
Ауа райына келсек, биыл күтпеген жағдайдың орын алғаны рас. Бұрын ылғалдың жетіспеушілігі проблема болса, биыл жауын-шашын шектен тыс мол болды.
– Ауа райы болжамынан биылғы жаз құрғақшылық бола ма деп күткен едік, керісінше, толассыз жауынның астында қалдық, – дейді Сергей Куликов. – Егін салу науқаны жақсы өтті, бәрін уақытымен үлгердік. Ал жазда, әсіресе маусым, шілде айларында жаңбырдан көз аша алмадық. Кей тұстарда айына 200 мм жауын түсті, ал біздің өңірдегі үйренген жылдық норма – небары 280 мм! Соның салдарынан арамшөп те қаулап өсті. Шыққан егін көз қуантқанмен, күн шуағының, керекті температураның жетіспеушілігінен, жасыратыны жоқ, астық сапасы ақсап қалды. Өнімді мол жинадық, бірақ бидай құрамындағы желімтік мөлшері төмен. Бұл, әрине, алыс-жақынға бидай сапасымен аты шығып келген ауданымыз үшін оңайға соғып отырған жоқ. Әрине, шаруашылықтар жиналған астықты кептіріп, тиісті сапасын қайтаруға тырысады. Дегенмен, мол астықты көңіл көншітер бағаға сату биыл қиынға соғатын тәрізді.
– «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ биылғы астықты сатып алу бағасын жариялады, – дейді Сергей Куликов. – Ел нарығындағы бағаны осы корпорация реттейді. Негізі, тағайындалған баға жаман емес: желімтік мөлшері жоғары, сапалы бидайдың әр тоннасы 50 мың теңгеден жоғары болса, сапасы төмен астық құны 35 мың теңгеге дейін. Бірақ біздегі мәселе де сол астық сапасына байланысты болып отыр. Сапасы орташа астықтың әр тоннасына диірменшілер әрі кетсе 30 мың теңгеден артық бермейді.
Абырой болғанда, биыл Осакаров ауданында техника мен жанар-жағармай проблемасы болған жоқ. Егіс науқаны сәл кейінге ысырылғанын пайдаланған шаруалар трактор-комбайндарын әбден сайлап үлгерді. Ауданға көктемгі науқанға байланысты арзандатылған бағамен 5 мың тонна солярка бөлінді. Сонымен қатар, шаруашылықтар биыл 125 мың тонна, яғни жеткілікті мөлшерде шөп шауып алды.
– Көктем суық болғандықтан, еркекшөп айтарлықтай қаулап өсе қойған жоқ, – дейді Сергей Куликов. – Алайда шөптің басқа түрлері жақсы шықты. Кей жерлерге, тіпті, екі реттен шалғы салынды.
Жалпы, Осакаров ауданында жиын-терін науқаны 95 пайызға орындалып, аяқталуына аз ғана қалды. Тағы да жауын-шашын басталып кеткендіктен, қалған шамалы өнімді жинап алуға диқандар күннің ашылуын күтіп отыр.
Атап өткеніміз орынды, Осакаров ауданындағы орақ науқаны бойынша үздік нәтижеге қол жеткізгендердің бірі – Николай Купавцов басқаратын «Воля» шаруа қожалығы. Мұндағы диқандар әр гектардан орта есеппен 25 центнерден өнім жинады. Сұңғат Оспанов жетекшілік ететін «Айнабұлақ» шаруа қожалығы да мол астығымен, ерен еңбегімен көзге түсіп отыр.
Қысқасы, биыл миллион тонна астық жинаған Қарағанды облысы жарады. Мұндағы тоғыз ауданның бәрі бірдей егін салмайтынын ескерсек, өңір абыройын көтеруді өз мойнына алған Осакаров ауданы сияқты астықты атыраптар мерейімізді өсірді. Жауыннан көз ашпаған жаздың өзінде осындай өнімге қол жеткізген шаруа адамдарының еңбегі – үлкен ерлік. Дүкен сөресіндегі дайын нанды арзан бағамен алып жүрген ағайын соны біле жүрсе екен.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ