Шымкентте жасы 102-ге толған Тоты Юлдашева атты кейуана бар. Облыста өзбек тілінде шығатын газеттің тілшісі Наргиза Мавлонованың бастауымен сәлем бере бардық. Бір ғасырды артқа тастаса да қария тың. Құлағы ауырлау естігенімен әңгімеден қала қоймапты.
Бұл кісілердің заманында ешкімнің шекесі қыза қоймаған ғой. Әке-шешеден жастай қалған Тоты қыз 16 жасында өзінен екі жас үлкен Қошқарбек атты жігітке тұрмысқа шығады. Қошқарбек көке 1981 жылы 69 жасқа қараған шағында дүниеден өтіпті. Екеуінен өрбіген төрт перезенттен бүгінде 18 немере, 41 шөбере, 13 шөпшек көрген. Бәрі дін аман, қарияның көз қуанышы.
Тоты анамыз жиырма екі жасында намазға жығылып, жүз жасқа келгенге дейін ораза тұтқан екен.
Ауруханаға жатып ем алып көрмеген кейуана мұның сырын еңбекпен байланыстырады. Колхоздың өмірі бітпейтін қара шаруасына зейнет жасына дейін араласқан. Үнемі жаяу жүреді екен. Бүгінде ғалымдар жаяу жүру мен суға жүзудің адам денсаулығына қаншалықты пайдалылығын ауыз толтыра айтып жүр. Соның растығын осы уақытқа дейін төсек тартып жатып қалу былай тұрсын, ауруханаға жатпаған, дәрі-дәрмек ішпеген, құдайға құлшылық қылып, намазын қаза етпеген Тоты апайдың өнегелі өмірінен көресіз.
– «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті». Біз осы қағидамен өмір сүрдік, – дейді қария. – Барға қанағат еттік. Қандай ауыр жұмыс болса да қашпадық. Бүгінгі сау-саламат жүргеніміз сол еңбектің арқасы. Біз бұрын есебі жоқ колхоз, совхоз жұмысын жасасақ, бүгінде жеке шаруаға Үкімет үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қандай шаруамен айналысам десең де жәрдем болады.
Еліңнің, бала-шағаңның амандығынан, Отаныңның іргесі бүтіндігінен артық бақыт жоқ.
Ақ тілеулі қарияның айтары осы. Ғасырдан ұзақ жасаған кейуана жасында тартқан бейнетінің қазір зейнетін көріп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы