14 Қазан, 2016

Мәртебелі мамандық

477 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кәсіптік-техникалық колледжде оқитын шардаралық азамат еңбек додасында ешкімге есесін жібермеді Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданындағы №16 колледждің ІІ курс студенті Жанарыс Таубай Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруымен Астанада өткен  «Worldskills Kazakhstan – 2016» ұлттық чемпионатында ІІ орынды иеленді. Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды кеңейту мақсатында қолға алынған жобаға еліміздегі 135 кәсіптік білім беру мекемесінен үміткерлер қатысқан болатын. 15 мамандық бойынша өзара сынға түскен жастардың кәсіби деңгейіне шетелдік шеберлер мен  ірі кәсіпорындағы білікті мамандардан құралған қазылар алқасы әділ де лайықты бағасын берді. Еске сала кетейік, Жанарыс Таубай бұған дейін облыстық додада әріптестерінен оқ бойы озық көрінген болатын.  Колледжде құрылысшы мамандығы бойынша білім алып жатқан Жанарысты Астана қаласында өткен байқауға топ шебері Сүндетулла Мамасеріпов пен директордың өндірістік оқыту жұмыстары жөніндегі орынбасары Әбдірахман Момынов алып барды. Бір аптаға созылған ұлттық чемпионатта түлектер өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындауға тырысып бақты.  «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары» бойынша сынға түскен Жанарыс осы конкурстағы 4 сатыдан тұратын байқау шарттарының барлығын өз деңгейінде орындады, яғни элементтердің каркасын жинап, оны гипсокартонмен қаптай отырып, сылақ жұмысын шеберлікпен жасай білді. Еркін тақырып бойынша қабырғаға жасалған раушан гүлдерінің аллеясы да кәсіби мамандардың назарын өзіне аудартты. Нәтижесінде қазылар алқасы шардаралық үміткердің еңбегіне жоғары баға беріп, мәртебелі жүлдемен марапаттады. Жасыратыны жоқ, бұдан бұрынғы байқауларда бұл жүлде көбіне өзге этнос өкіл­дерінің қанжығасында кететін. Жанарыстың жеңісі бізге бұл түсініктің әлдеқашан ескірген ұғым екенін дәлелдеді. Өйткені, қазір баяғыдай ауыл балаларының жаппай жоғары оқу орнына түсуге жарысы тыйылған. Сол үшін де ауыл жастары тарапынан етікші, монтерші, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, т.с.с қазақ жастары үшін тың саналған салаларды, бүгінде қоғамға аса қажетті мамандықтарды меңгеруге ұмтылыс жиі байқалады. Ұлттық чемпионаттың қорытындысында Жанарыс Таубай мен  ұстазы Сүндетулла Мамасеріповке арнайы сертификат табыс етілді. «KNAUF» неміс фирмасы ақшалай-зат­тай сыйлық берді. Түркияның «Tiko» фир­ма­сының өкілдері алдағы уақытта Жана­рыс пен оның ұстазына өздерінде бір апталық тәжірибе алмасуға арнайы шақырту беретін болды. Әділ ӘБДІРАМАНОВ Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласы