14 Қазан, 2016

Тұлға

418 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

balgymbaevКесек мінез, керім келбет

Жамбылдағы «Қаратау» өндірістік бірлестігі еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін Мәскеуге тікелей қарады. Министрлік те, Главка да сонда. Мен өзім институт бітірген 1981 жылдан осы алып бірлестікте еңбек еттім. 12 мың жұмысшы, қызметкері бар. Өнімдерін өз елімізбен қатар шетелдерге де шығарып жатқан кәсіпорын еді. Мен әп дегенде электрмен дәнекерлеуші болып орналасқанмын. Бірлестікке Қаратау мен Жаңатас қаласы және Ақкөл поселкесі қарайтын. Жасы­ра­тыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары еліміздің қай өңірі болсын, қатты қиын­дыққа кезікті ғой. Көнені қия алмай, жаңаны жия алмай ел сансырап қалды. Экономика, әлеуметтік сала ай санап құлдырады. Халық теңселіп кетті. Соның бірі – аталған бірлестік жұмысшылары еді. Жұмыс орны дембіл-дембіл қысқарып жатты. Шығарған өнімге шетелден жөнді ұсыныс түспей қойды. Ақыры, Үкімет арнайы қаулы алып, бірлестікті америкалық «ABI трейд корпорейшн» компаниясына сенімді басқаруға берді. Бірақ өкінішке қарай, қазынаға түсер салығына жеңілдік жасалған. Бұл шара да жағдайды жақсарта алмады. Ауыз тобадан, қол жағадан кетпей тұрған осындай тұста ашынған халық көтерілді. Өйткені, жұмысшылар жылға таяу еңбекақы алмаған. Қазынада шын мәнінде ақша жоқ. Қақаған қыс кезі. Ашуға мінген жұмыс­шылар аштық жариялады. Мыңдаған адам бірлестік офисінің алдына шатыр тігіп жатып алды. Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған көрініс еді. Амалдың жоқтығы. 1997 жылы Елбасының Жарлығымен облыстағы Сарысу ауданына Жаңатас қаласы қосылған. Мен осы ауданға әкім болып тағайындалдым. Мұнда да сол көрініс. Жұмыс­сыздық, ашу-ыза күн сайын өрши түсті. Аудан бюджетінде ақша жоқ, барын инфляция құртып кетіп жатты. «Ат ауыз­дығымен су ішер» деп аталарымыз тап осындай дәрменсіздікті айтса керек. Дәл осындай ел ерге, ер жерге қарап тұрған тұста мені облыс әкімі Сарыбай Қалмырзаев шақырды. – Үкімет отырысына шақырып жатыр. 1 сәуірде. Біздің мына қиын халіміз ар­найы сөз болмақ. Мен баяндама жасаймын. Сен бірге жүр. Сенен де біраз жайтты сұрап қалар. Дайын бол, – деді Сарыбай Сұлтанұлы. – Қалай айтайын. Бар шындықты жайып салайын ба? – Бәрін жасырмай айт. Шындықты бүгіп қайтеміз. Біздің басты мақсатымыз көмек сұрау. Мүмкіндігі болса Премьер-Министр бастаған Үкімет мүшелерін осында алып келу. Адам төзгісіз ауыртпалықты көрсету. Келісім осы болды. Үкімет отырысы басталды. Премьер-Министр Нұрлан Балғымбаев. Кесек мінездің иесі ғой, керіп салма әңгімеге жоқ. Қалмырзаев баяндама жасады. Баяндама біткен соң Нұрекең: – Сарысу ауданының әкімі бар ма? – десін. – Бар болса аудан мен қаланың қазіргі жай-күйін өз аузынан естиік. Мінбеге көтеріліп, аудан бюджетінің тапшылығын, ақшаның жоқтығын, америкалық компания салықты аз түсіреді деп тәптіштей жөнелдім. Америкалық компанияға берілген Үкіметтік жеңілдікке деген өкпе-назым басымдау шықты-ау, деймін. Нұрлан Өтепұлы алдында жатқан бір бет қағазды жұлып алып, – Бұл қаулы ойыншық па? – деп дауыс көтеріп, сөз аяғын аямай тұздықтап жіберді. Сосын Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевқа: – Самолет дайындаңыз. Біра­зың менің қасыма ересіңдер. Екі сағатта ұшып барамыз. Жағдайды өз көзімізбен көреміз. Ел-жұртпен тілдесеміз. Сосын тиісті шара аламыз, – деп бір-ақ кесті. – Самолетіміз қашанда әзір тұрады, – деп Қорғаныс министрі жедел жауап берді. Көктем келгенмен ауа райы аса қолай­сыз күн еді. Қар мен жаңбыр толассыз төпеп тұрған. Содан әскери самолетпен ұшып шықтық. Тараз әуежайы қабылдай алмады. Ақыры Луговойдағы әскери аэродромға қондық. Автокөліктер сол жерге шақырылды. Ал Луговой мен Жаңатас­тың арасы 300 шақырым. Асыққан жанға оңайлықпен жеткізер жер емес. Жол бойы тағы бір күтпеген хабар түсті. «Ереуілдеткен 5-6 мың адам Жаңатас-Тараз жолына жаяу шығыпты. Қаптап келеді. Жо­лындағысын қиратып кетуі мүмкін. Қауіп-қатер жоқ емес. Абай болу керек» деген. Ақыры облыс басшысымен ақылдаса келіп, делегацияны Байқадамға бұрдық. Сол екінші жол арқылы Жаңатасқа жеттік. Жеткен бетте аурухана, мектеп үйін аралап танысты да, әкімдіктің ғимаратында Үкіметтің көшпелі мәжілісі басталды. Осы кезде ішке тағы да бір жайсыз хабар енді. Ереуілшілермен қала халқы бірігіп кеткен. Он мыңдай адам әкімдік ғимаратының алдында жиналды. Айқай, шу басым. Дө­рекі қимыл-әрекет те кезігіп жатыр. Жұ­мыс­сыздық жайлаған, аш та ашынған адамдарда ес болмаса керек. Оларда жазық жоқ. Жібек жіптің ұшына кендір арқан жалғай алмай отырған бізде қандай кінә бар?! Осы сәтте Премьер-Министрдің күзет бөлімі бастығы асып-сасып ішке кірді. – Нұрлан Өтепұлы, жағдай қиын. Ере­уіл­­­шілер ішке басып кіруі мүмкін. Тоқ­тау кө­рер емес. Қосалқы есік арқылы шығы­ңыз. Автокөлік әзір тұр. Кетіп құтылайық. Мұнда облыс, аудан әкімі қала берсін, – деп жатыр. – Жоқ, олай істей алмаймын, – деп Нұрекең шорт кесті. – Мен мұнда не үшін келдім? Өз халқымнан қашу үшін бе? Қазір Дүйсенбай екеуміз ел алдына шығамыз. Нұрлан Өтепұлы, екеуміз ереуілшілер алдына келгенде айқай-шудан құлақ тұнды. Даурығып есе берер емес. Екі иығын жұлып жеп жатқандар да аз емес. Халық та кейде құла тасқын сынды. Оқыс бір қозғалып кетсе жолындағының бәрін жайпап кетуі ғажап емес. – Не мені тыңдайсыздар, не мен кете­мін, – деді Премьер-Министр. – Сіз­дер үшін арнайы келіп тұрмын. Сабыр сақ­­тап, өкпе-наздарыңды неге жүйелеп айт­пай­сың­дар. Құр айқай, ашумен мәселе шешіле ме? Ел тыншыды. Ереуілшілер комитетінің жетекшілері бір-бірлеп шығып сөз алды. Әңгіме арнасына түсіп сала берді. – Мен енді түсіндім. Көзім анық жетті, – деді Нұрлан Өтепұлы сонда. – Бар болып бермей отырған жоқпыз. Тұралап қалған экономиканы аяғына қоя алмай отырмыз, айналайын ел-жұрт. Қазір мына аудан әкімі менімен бірге Астанаға жүреді. Жамбыл облысы арнайы әлеуметтік эконо­микалық жағдайы бойынша жоба дайындаймыз. Қаулы қабылдаймыз. Сонда осы тығырықтан шығар жол табылар. Соңында мен де сөз алдым. Ел есті әңгі­меге құлақ қойып басылған. Жайма-шуақ күйге түсті. Содан жаныма облыстық әкімдіктің екі-үш басқарма басшыларын алып, екі апта бойы Астанада болдым. Сала министр­лерінің ақыл-кеңесі, көмегімен арнайы жоба әзірледік. Артынша Үкімет қаулы алды. Елге еңбекақы төлене бастады. Өтемақыдан да құр қалмадық. Бірлестікті сенімді басқаруға алған америкалық компанияның да жұмысы ширап сала берді. Нұрлан аға беттілердің беделіне иілмейтін, ептілердің қалтасына құйылмайтын нар тұлға еді ғой. Елге деген сүйіспеншілігі ересен еді. Оның анық бір көрінісін, өзім куә болған жайтты баяндап өттім. Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ

Турашылдықтан таймаған

Өзім де мұнайшы болғандықтан Нұрлан Өтепұлымен қызмет барысында талай дидарластым. Ол ел егемендігінің алғашқы жылдары Мұнай және газ министрі ретінде «қара алтын» өндіру мен оны өткізу тетігін таба білді. Турасын айту керек, сол қиын кезде экономикамызды көтерген мұнай-газ саласы ғой. Құдіретті делінген Кеңес Одағы құлап, әр республика өз алдына шаңырақ көтерген сәтте бұрынғы байланыстар да бұзылды. Дайын өнімді қайда тасымалдау мәселесі туындады. Оны өткізе алмасақ, бюджетке де түк түспейді. Міне, осындай сын сағатта Нұрлан Өтепұлы Ресейдегі әріптестерімен тіл табысып, тығырықтан шыға білді. Бұған оның КСРО кезінде Мәскеудегі министрлікте басшылық қызмет атқарғаны да сеп болды. Ол шын мәнінде, қазақ мұнайшыларының ұлағатын ұлықтап, үмітін үкілеген жан еді. Сол жолда баршаны жұмылдыра білді. Шынайы көшбасшы ретінде алға жетеледі. Ол мұнайшы мамандығын жүрегімен таңдады. Жоғары оқу орнын тәмамдады. Қызмет сатысының ең төменгі буынынан бастап, республика мұнайшыларының жетекшілігіне жоғарылады. Кейін ел Үкіметін де басқарды. Соның бәрінде де Нұрлан Өтепұлы Қазақстан экономикасының локомотиві – мұнай-газ саласын дамытты. Таңғажайып Теңіз, қазыналы Қарашығанақ кеніштерінің келе­шегін болжады. Каспий теңізі түбін­де көл-көсір байлық бар екенін ал­ғаш айтқандардың бірі. Атырау мен Маңғыстау даласындағы кен орын­дарының қайтарымдылығы жолында тер төкті. Қазақ мұнайын Қара теңіздегі Новороссийск порты арқылы дүние жүзіне таратуға күш салды. Сайып келгенде, Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан құбырының тұсауын кескен де өзі еді. Ғұмыры жарық жұлдыздай жарқырап өткен Нұрлан Өтепұлының дүниеден өткеніне 14 қазанда жыл толғалы отыр. 5-6 айға дейін қайта-қайта түсімізге еніп қазіргі өмірде қасымызда жүргендей болды. Басына ескерткіш қойып, Нұрекең туралы кітап дайындығы басталған соң, түске кіруін қойды. Әлемде теңдесі жоқ Теңіз мұнай кен алаңы ашылғанда, «Ембімұнай» бірлестігінде алғашқы құрылған бө­лімнің басшысы болып Нұрлан Өтепұлы тағайындалды. Теңіздің алғашқы болашағын, оның алғашқы қадамын қадасып осы Нұрлан Өтепұлы бастаған топ болатын. Артынан КСРО Мұнай министрлігінде басқарма басшысының орынбасары болып тағайындалғанда тікелей теңізді игеру жұмысымен де Нұрекең айналысты. Ол кезде оның жасы 40-қа да жетпеген еді. Жас жігіт­тің министрлікке үлкен жұмысқа ша­қы­рылуы оның болашағынан мұ­най саласының білікті басшысының шыға­тынына күмән келтірмегені сияқты. Нұрлан Өтепұлының үлкен ауқым­дағы басшылық қасиеті Қазақстан Республикасының егемендік алғаннан кейін «Қазақойл» компаниясы прези­денті, министр, Премьер-Министр лауазымдарына көтерілгенде көрінді. Нұрекең «Қазақойл» компаниясына басшы болып келгенде Қазақстан жылына 20 млн тонна шамасында мұнай өндіретін еді. 2014 жылы мұнай өндіру 80 млн тоннаға жетті, болашақта 100 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр Нұрлан Өтепұлы, қазақ мұнай өндірісінің дамуына үлкен әсерін тигізген, барлық жобалардың жүзеге асуына өзінің үлкен үлесін қосты. Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған, КТК, Өзен кен алаңдары арқылы бірнеше миллиард доллар инвестиция Қазақстанға құйылды, жаңа кәсіпорындар ашылды. Жалпы, Қазақстанның мұнай өндіру көлемі егемендік жылдары 4 есеге өсті. Қазақстан экономикасының локо­мотиві болған мұнай өндірісінің өркендеп өсуі еліміздің егемендігін бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етті. Америкалық Майкл Экономдесс Рональу Олимд «Цвет нефти» деген кітабында көрсеткендей, Қазақстан экономикасында мұнайдың бөлшек үлесі 70% құрайды. Сондықтан, Қазақстан мұнай өндірісіндегі әрбір ірі жобаларды іске асырудағы Нұрлан Өтепұлының еңбегін ерлік деп есептеуге болады. Енді Нұрлан Өтепұлының тағы бір ерлігі жайында айтқым келеді. 2001 жылдың қаңтар айында Атырауда Мақат ауданының сол кездегі әкімі Сәлімжан Нақпаевпен кездестім. Мен «Ембімұнайгаз» АҚ президентінің орынбасары болатынмын. Сәлімжанға «Биыл Доссордың 90 жылдығы, оны өткізуге үлкен шара жасап, ескірген Доссор елді мекенін жаңартып алуға жұмыс жүргізу керектігін айттым. Ол үшін хат дайындап акционерлік қоғамның президенті М.Батырбаевқа кіріп айтып шығуын сұрадым. С. Нақпаев қаңтар, ақпан айларында екі рет М. Батырбаевқа кіріп, ескерткенде қолдау таппады. Сәлімжанның көңіл күйі түсіп маған келді. Екеуміз отырып ақылдастық. Мен: «Енді бұл шаруаны тек қана Нұрлан Өтепұлы шешеді, ол кісіге барасың, не болмаса жақсылап хат дайындап жібересің. Басқа ешкім бұл іске көмектесе алмайды» дедім. Наурыз айында Нұрлан Өтепұлы Атырауға келді. М.Батырбаевқа Доссордың 90 жылдығын өткізу туралы тапсырма бергенде, ол: «Нұреке, ақша жоқ, бюджетте қаралмаған» деп жауап берген. Сонда Нұрекең: «Батырбаев, 2011 жылы Доссордың 100 жылдығында сен қайда боласың» деп сұрады. М.Батырбаев «Мен білмеймін 2011 жылы қайда болатынымды» дейді. Сонда Нұрекең: «Мен де білмеймін 2011 жылы қайда болатыныңды, бірақ қазір сен акционерлік қоғамның президентісің, мен Астанадамын, сон­дықтан Доссордың 90 жылдық тойын қыркүйекте мұнайшылар күніне өткізесің» деп тапсырма бер­ді. Қыркүйекке дейін 5 ай уақыт қал­ды. 5 айдың ішінде бірнеше жылда жасалмаған жұмыс атқарылды. Дос­сорға газ келді. Мәдениет үйі, ме­шіт, екі қабатты үйлер жөнделді. Доссордың 90 жылдығына арнап монумент тұрғызылды, көше жарығы, жаңа жолдар жасалды. Байбақты ата бейіті басына жол салынды, түнек үйі тұрғызылды. Мереке күні қонақтардың кездесуінде Нұрекең ақын-композитор Илья Жақанов ағамызға Доссорға арнап ән шығаруын тапсырды. Кейіннен «Доссор вальсі» әні өмірге келді. Нұрлан Балғымбаев, сөз жоқ, жарқын ғұмыр кешті. Елбасының сенімді серігі, қа­наттас қайраткеріне айналды. Азамат де­се де, қазанат десе де жарасар тұлға еді ғой. Мақсот ҚИЛЫБАЕВ, мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері

Маңғыстау мақтан тұтады

1994 жылы Нұрлан Өтепұлы Мұнай-газ өнеркәсібі министрі болып тағайын­далып, Қазақстанның жаңа тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болып жатқан кез. Халықаралық қаржы дағдарысы, теңгеміздің құлдырап құнсыздануы, мұнайдың бір баррелі тоғыз долларға түсуі, Өзен кен орнында мұнай өндіру деңгейінің төмендеуі, бәрі қатар келді. Осындай қиын уақытта, мұнай саласының кәсіби маманы, бұл саланың барлық проблемасын, қыр-сырын жақсы білетін, айтқан сөзін орындайтын нағыз азаматтың келгеніне қатты қуандық. Енді көп сұрақтың шешілетініне сенімді болдық. Өзен кен орны – мұнай қоры бойын­ша әлемнің бірегейі және ірі кен орын­дардың бірі болып табылады. Кен орны­ның геологиялық құрылымы өте күрделі, мұнайы парафинді және асфальтты-шайырлы компоненттерге бай, қоюлану температурасы да жоғары. Мұнай өнімінің түсіп кетуіне Кеңес Одағының ыдырауы, жалпы, халық­аралық экономикалық ахуалдың күрде­ленуі, мұнай өндірісіндегі қаржылық жағдайының құлдырауы, жабдықтардың тозуы және ол жабдықтарды жаңалауға қаржылық мүмкіндіктердің тапшылығы негізгі себеп болды. Осындай қиын кезде Нұрлан Өтеп­ұлы, «Маңғышлақмұнай» бірлес­тігі­нің құрамынан «Өзенмұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы болып бөлек шы­ғару жөнінде өте батыл, уақтылы шешім қабылдады. Бұл батыл қадамның дұрыстығын тарих дәлелдеп отыр. Сол жылдары біздің алдымызға қойылған негізгі мақсат – мұнай өнімінің кемуін тоқтату. Өзен кен орнын аяғына тұрғызу, оған қаржы бөлу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне бірнеше рет ұсыныс жасалып, Өзен кен орнын жаңғыртудың стратегиялық бағдарламасы жасақталды. Оны іске асыруда орасан зор еңбек жасалды. Бағдарламада Өзен кен орнының геологиялық қоры жеткілікті екендігі және кен орнын қайта қалпына келтіру өзін өзі ақтайтындығы айтылды. Қаржы не­гізінен кен орнындағы ауыр ахуал­ды жақсартуға қажет болды. Егер өн­­дірісті қаржыландырмаса, өндіріске тү­гелдей дерлік тоқтап қалу қаупі төнді. Бағдарламаны бірнеше рет Үкімет алдына шығарып, мүдделі министрліктердің өкілдерімен кездесіп, барлық техни­калық және ұйымдастырушылық шаралары жасалды. Жүйелі түрде дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы бағдарламаны орындауға, қаржылық несие бөлуіне Үкімет Халықаралық қайта құру және даму банкіне ұсыныс берді. 1997 жылы Нұрлан Өтепұлы Премьер-Министр болып тағайындалғаннан кейін Халықаралық қайта құру және даму банкімен байланыс жаңа сатыға көтерілді. Банктің өкілдерімен Өзен кен орнында кездесу ұйымдастырылып, инвестиция шарттарын сақтау жөнінде келісімшарттар жасақталды. Банк Директорлар кеңесін Өзен кен орнын қалпына келтіру жобасымен таныстырдық, Банк тарапынан жобаға өте жақсы деген баға берілді. Бұл біздің еліміздің халықаралық ұйымдармен нақты жобаны іске асыруға арналған алғашқы жобалардың бірі еді. Бұл жоба Қазақстанның көптеген кен орындарын жаңғыртуға үлгі болды. Өзен кен орны қала құраушы кәсіп­орын. Жаңаөзен халқының 80 пайызы осы кен орнында еңбек етеді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытпайынша, халықтың тұрмыстық жағдайына көмектеспейінше, өндіріс қалыпты дамымайды деген нық ұстаным болды. Нұрлан Өтепұлы Өзен халқын жұмыспен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлетін. Ол кезде мұнай қалдықтары көп болды. Осыған байланысты жаңа жұмыс орнын ашып, 1 мыңға жуық адам жұмысқа алынды, бұл бір жағынан халықты жұмыспен қамтамасыз ету, екінші жағынан экологиялық ахуалды жақсарту еді. Нұрлан Өтепұлы мұнай ғылымын дамыту Қазақстан үшін аса қажет екенін, әлемдегі ірі мұнай-газ компаниялары ғылыми зерттеулерсіз мұнай қорларын игермейді деп әр уақытта айтып, мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ғылымының дамуына қолдау көрсетіп жүретін. IV Еуразиялық энергетикалық форумының ресми бөлімінде сөйлеген сөзінде Нұрлан Өтепұлы «Бүгінгі таңда бізде жер қойнауының 4-5 мың метр тереңдігінде мұнай қорларының барлығы анықталған. Осыған орай біз болашақта одан да қиын жағдайда зерттеу жұмыстарын жүргізуге дайын болуымыз керек. Екіншіден, әлі күнге дейін республикадағы барлық мұнай қорлары толығымен зерттелмеген. Үшіншіден, болашақта теңіз аумағында экологиялық таза өнімді алу тәжірибесі кеңінен қолданылмақ. Сондықтан, бүгіннен қалдырмай, қазақстандық компаниялар шетелдік мұнай ұйымдарының ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, тәжірибе жинақтаулары тиіс. Мұнай-газ саласындағы бұрынғы кәсіби мамандардың шетелге кетуі және жас мамандардың дұрыс оқытылмауы еліміздегі мұнай ғылымының дамымай жатуының басты себебі. Мұнай ғылымын дамыту стратегиясын әзірлеу керек» деген сөздері біздерге даму жолын көрсетіп бергендей. Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімділікпен игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды жасау ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған Нұрлан Балғымбаевты Маңғыстау елі «Біздің Нұрлан» деп мақтан тұтады және елін сүйген біртуар азаматын ұмытпайды. Мұрат ҚҰРБАНБАЕВ, «Қазақ мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ бас директоры Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың жылдық қадесі 16 қазан күні сағат 12.00-де (жергілікті уақыт) Атырау қаласы «Алтын шатыр» мейрамханасында өтетінін барша жамағатқа хабарлаймыз.