14 Қазан, 2016

Қостанайлық биолог теректің жаңа түрін өсірді

497 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
img_62417Қостанай даласы ағашқа кенде емес. Жалпы, өңір жартылай шөлейтті аймаққа жатса да Аманқарағай, Арақарағай және Наурызым ормандары сақталып қалған. Осы ормандарда және Тобыл өңірінде қарағай мен қайың, емен, тал-теректің түрлері жайқалады. Қаланы көркейтетін мекемелер қалаларға тез өсетін болғандықтан ба, теректі де аз отырғызбаған. Алайда жаздың ортасына қарай терек шіркін тозаңданып, ұлпа жаяды. Сол кезде терек тозаңына аллергиясы бар жандардың қиналғанын көрсеңіз, тіпті бәзбіреулердің демалуының өзі қиынға соғып, көшеге шыға алмай қалады. Терек ұлпасы адам өкпесін зақымдайды. Жұрт есік-терезенің барлығын жабады да, желдеткішке, кондиционерге иек артады. Бірақ терек тозаңы оларды бітеп тастап, істен шығаруға дейін апарады. Ағаштың бұл түрі көп отырғызылған көшелерде, үйлердің арасында одан төгілген ұлпа-тозаң қалың жауған қардай болып жер-көкті басып кеткенде, өрт қаупін төндіреді. Ұлпаға от жағып ойнаған балалардың шалыс қадамы қызыл жалынның ойран салуына жол береді. Қостанайлық биолог Валентина Ободовскаяны осы көрініс ылғи да ойлантатын. 2012 жылы еліміз Халықаралық көрмелер бюросының штаб-пәтері орналасқан Париж қаласында осы ұйымға мүше 160 елдің 100-ден астамы дауыс беріп, Астана қаласы 2017 жылғы бүкіләлемдік көрмесін өткізу құрметін жеңіп алды. Көрменің тақырыбы, көте­ретін жүгі «Болашақтың энергиясы» деп аталатынын, экологияны сақтау екенін естігенде Валентина Георгиевнаға қанат біткендей қуанды. Ол осы кезге дейін өзін мазалайтын ауа тазалығы туралы нақты іске кірісетініне се­німді болды. Биолог теректің тозаңданбайтын, ұлпасыз түрін іріктеуді ойластырды. Ол үшін «Тұрақты даму» жер қорын құрды, іске кірісті. – ЭКСПО-2017 көрмесінің өз елімізде өтуінің өзі тәуелсіз жас елдің қаншалықты беделге ие екенін сезіндіргендей. Ең бастысы, халықаралық үлкен жиынның өтетіні әр адамға ой салып, шекараны білмейтін экология тақырыбының қаншалықты өзекті екенін мойындатты. Мен селекционер емеспін, биологпын. Сондықтан мен селекциялық жаңалық ашқан жоқпын, тек биологиялық іріктеу тәсілімен бальзам иісті теректің ұлпа шаш­пайтын, тозаңданбайтын аналығын алу және оны тамырынан және қаламшасымен көбейту әдісін жасадым. Өзім «Валентин» деп ат қойған бальзам иісті теректің питомникте мыңдаған көшеттерін өсірдік, – дейді Валентина Ободовская. Биолог бальзам иісті «Вален­тин» терегінің қалаларды көркейту үшін өте қолайлы екеніне бірнеше дәлел келтіреді. Ол, біріншіден, жер таңдамайды. Еліміз түгілі, жер шарының шөп шығатын қай жеріне апарып ексе де көктеп кете береді. Биологтардың ғылы­ми анықтауынша, бір түп терек оттегі шығару және көмірқышқыл газын жұту, шаң ұстау жағынан 7 түп шырша мен 4 түп қарағайдың орнын алмастыра алады. Бір түп терек жаз бойы­на 34 кило шаң ұстайды екен. Қаланың көркін келтіретін шырша, қара­­ғай, қарағаш, тіпті үйеңкі ағаш­тарының ешқайсысының жапырағы терек секілді шаңды өзіне «жұтып» ұстап тұрмайды. Ал терек жапырағының шаң ұстайтын қасиеті бар. Ол тез өсетіндігімен де құнды. Оның питомниктегі екі жылдық кө­шетінің биіктігі 2-3 метрге жетіп қалады, ал көшеге отырғызған соң 3-5 жылдың ішінде бойы 20-25 метрге дейін аспандайды. Егер қырқып тас­тамаса, терек көп жасайтын ағаштың қатарында, 150 жылға дейін тұра береді. – Теректің басты қасиеті – күндіз-түні көмір қышқыл газын сіңіріп, оттегі шығарады. Барлық ағаш солай деп ойлаймыз. Жоқ, көптеген ағаштар күндіз күн сәулесі барда көмірқышқыл газын жұтып, оттегі шығарады, бірақ түнде теректің қасында өсіп тұрған өзге ағаштар да оттегіні қажетсінеді. Жалпы, жер жүзінде жаһандық жылыну үдерісінің басты себебі осы көмірқышқыл газының көбеюінен болып отырған жоқ па? Қазір әлем елдері осы газдың атмосфераға жайылмауы үшін ірі көлемде қаржы бөліп отыр. Бірақ оны қалай өңдегенмен де қалдық бәрібір шығады. Ал біз теректі көп ексек, ол қалалардағы кәсіпорындардың ауаны ласта­уы­н, газдың атмосфераға тара­луы­н азайтар еді. Күннің сәулесі мен көмірсутекті өңдеп, орасан зор көлемде оттегі беретін генераторды әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Табиғаттың бұл сыйын лайықты пайдалануымыз керек, – дейді Валентина Георгиевна. Биолог осы жобасын Online-EXPO-2017 байқауының респуб­ликалық штабында қорғап шы­ғып, байқаудың «Органикалық ауыл шаруашылығы және су ресурсы» аталымы бойынша же­ңім­пазы атанды. Республикалық штабта энергия тиімділігі мен қоршаған ортаны қорғау саласында жаңалықтар ұсынған 500 жоба талқыланыпты. Соның ішінде Қостанайдан қатысқан жалғыз жоба болса да қазылар алқасы Валентина Ободовскаяның «Ва­лен­тин» терегін болашақтың көк желкені деп бағалады. Биолог теректің тиімділігін қазірдің өзінде жұртшылыққа дәлелдеді деуге негіз бар. Астана қаласындағы «Бәйтеректің» маңайына, елордаға келетін мәр­­тебелі қонақтар тоқтайтын ең үлкен қонақ үйдің алдында қазір қостанайлық ұлпасыз терек жайқалып өсіп тұр. Жақында ғана хризотил-асбет кені шығатын Жітіқара қаласына отырғызу үшін 200 көшетке тапсырыс жасалды. Ал Валентина Ободовская бастаған «Тұрақты даму» жер қо­рының питомнигінде 5000 көшет тамырлап тұр. – Дамудың «жасыл энергия» бағытына бүкіл әлем маңыз беріп отыр. Өзімізге өмір беріп отырған ортақ үйіміз – жерді шаршатпай, аман сақтау үшін адамзаттың ақыл-ойынан туған жақсы, тиімді жаңалықтың барлығы бі­рігуі тиіс. Адамзаттың алдында әлі талай шешімін күткен мәселе тұр. Қайткенде ауыз су тапшылығынан құтыламыз, қо­қысты қалай азай­туға болады, жердің құнары қайт­кенде сақталады? Біздің бальзам иісті «Валентин» терегіміз ауа та­залығын сақтауға кішкентай болса да үлес қосса, біздің мақ­саттың орындалғаны, – дейді Валентина Георгиевна. Иә, ауаның тазалығы адамзат­тың саулығы, болашақтың ай­қын­дығы да ғой. Келер жылы ЭКСПО-2017 көрмесінен орын алатын облыс павильонында Валентина Георгиевна мұны жердің түрлі шалғайынан келген туристерге жеткізетініне де сенімді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ