14 Қазан, 2016

Отандық өнімді қолдаудың оң тәжірибесі

473 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
28-09-2Бүгінгі күнде Қазақстанда өндірілген тауарларға басымдық беру бағытындағы шарапатты істердің күн өткен сайын өрісін кеңге жайып келе жатқаны мәлім. Таяуда «NАDLoC» жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ ұйым­дастырған «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында Қарағанды облысында жұмыс істейтін кәсіпорындарды аралауға арналған баспасөз туры жоғарыда айтылған сөздердің негізсіз емес­тігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Аталған шара барысында респуб­ликалық БАҚ өкілдері «Гидро Сервис» ЖШС, «Alian Paint» ЖШС, «Қарағанды аяқ киім фабрикасы» ЖШС, «Руми-эн» ЖШС, «Электрод-СК» ЖШС, «Қарағанды-Бетон» ЖШС сынды бүгінгі күнде табыс­ты жұмыс істеп тұрған өндірістік кәсіпорындарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Алғашқы аялдаған кәсіпорын «Қарағанды аяқ киім фабрикасы» ЖШС болды. Бүгінгі күнде 60 адам еңбек ететін фабрикада айына 4 мың жұп аяқ киім шығарылады. Кәсіпорын еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласындағы үздіктердің бірінен саналады. Қазіргі таңда кенді өңірдегі өндіріс ошақтарының сұранысын толық қамтамасыз етіп отырғанына қарамастан, фабрика басшылығы болашақта өндірісті кеңейтуге бейілді екен. Дегенмен, әзірге ол деңгейге алып шығар сұраныс болмай тұр. Жыл басында кәсіпорында тағы бір жаңа желі іске қосылып, модельді аяқ киімдер шығарыла бастады. Бұл туралы баспасөз туры кезінде журналистерге кәсіпорын басшылығы айтып берді. Бұдан кейін баспасөз турына қатысушылар 1997 жылы Қарағанды шұлық фабрикасының негізінде құрылған «РУМИ-ЭН» фирмасының тірлігімен танысты. Кәсіпорын ерлер, әйелдер және балаларға арналған шұлықтардың 50-ден астам түрін шығарады екен. Бұл өнімдер «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ көрсеткен барлық заманауи талаптар мен халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес келетін көрінеді. Журналистер танысқан тағы бір орта бизнес өкілі – «ALIAN-paint» компаниясы лак және бояу өнімдерін шығарады. Құрылғаннан бергі 13 жылдың ішінде іргелі кәсіпорынға айналып үлгерген. Мысалы, фирма Астанадағы ЭКСПО нысандарына биылғы көктемде 97 мың тонна эконом-сыныпты бояу жеткізіпті. Таяуда тағы да 50 тонна өнімге тапсырыс алған. Сонымен қатар, кәсіпорын келесі жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиаданың нысандарына да бояу жеткізуді жос­парлап отыр. Жалпы, мұндағы та-уарлар екі реттен сапа бақылауынан өтеді екен. Кәсіпорынға енгізілген жаңа технологияның арқасында құрылысқа арналған сулы негіздегі лак бояу өнімдерінің алуан түрі шығарылады. Олардың арасында бояу, лак, эмаль, герметиктер, еден жапқыштарға арналған желімдер бар. «ALIAN-paint» өнімдері еуропалық, экологиялық стандарттарға толық жауап береді. Бір айта кетерлігі, мұндағы шикізаттың 65 пайызы – отандық өнімдер. Сырттан тек химиялық заттар ғана алынады. Сондай-ақ, республикалық БАҚ өкілдері «Қарағанды-Бетон» кәсіпорнында да болды. 2004 жылы құрылған компания бетонды қоспа және цементті құм ерітіндісін өндірумен айналысады. Өндірісте 50 адам жұмыс істейді. Міне, қазіргі таңда осындай халықаралық талаптарға сай сапасы жоғары өнімді шығаратын отандық өндірушілерге Инвестициялар және даму министрлігі жанындағы Жергілікті мазмұнды дамытудың ұлттық агенттігі барынша қол­дау көрсетуде. Мысалы, үш жыл қатарынан аталған агенттік отан­дық өңделген тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілген қызмет­тердің ішкі нарықтағы шығын­дарын өтеп келеді. Сондай-ақ, баспасөз туры шең­берінде «Қазақмыс» корпо­рациясы» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС, «ERG» ЖШС сияқты ірі компания өкілдерінің қатысуымен кездесулер де ұйымдастырылды. Шара барысында импортталатын өнімдерді отандық тауарлармен алмастыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, агенттік өнім­нің жаңа түрлерін шығаруға жәрдемдесу жұмыстары аясында «ERG», «Қазақмыс», «Қазмырыш» сияқты әлеуетті тапсырыс бе­рушілерді тарту арқылы шағын және орта бизнес кәсіп­орындарында көшпелі жиындар өткізді. Бұл басқосуларда қажетті тауарлардың отандық өндіру­шілерден мейлінше көбірек сатып алынуы керектігіне баса мән берілді. Қарағандыда өткен баспасөз турының басты мақсаты отандық өнім шығарумен айналысатын кәсіпорындарды барынша қолдауға назар аудару болатын. Шараға қатысқан қазақстандық БАҚ өкілдерінің нарықтың тамырын тап басып, табысты жұмыс істеп жатқан қарағандылық орта бизнес нысандарына деген зор қызығушылығына қарап, ұйымдастырушылар өздерінің көздеген мақсаттарына жетті деп сеніммен айтуға болады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ