БҰҰ Бас Ассамблеясы Португалияның бұрыңғы премьер-министрі Антониу Гуттеришті 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталмыш ұйымның Бас хатшысы лауазымына бекітті, деп хабарлайды Reuters агенттігіне сілтеме жасап "Егемен ақпарат".
Жаңа Бас хатшы екінші мерзімге қайта ұсынылу құқығымен 5 жылға сайланды. БҰҰ басшысын таңдау процесі шілде айының соңында басталды. Әуелде аталмыш лауазымға 13 адам бақ таластырды, оның жетеуі - әйелдер. Жабық түрдегі дауыс берудің барлығы 7 кезеңі өтті. Олардың барысында Гуттериш жалғыз үміткер болып қалды.
67 жастағы Гуттериш бұл қызметте Біріккен Ұлттар Ұйымын қатарынан екі мерзім басқарып келген 72 жастағы Пан Ги Мунды алмастырады.
Антонио Гуттериш 1949 жылы Лиссабонда дүниеге келді. Ол Португалия үкіметін 1995-2002 жылдар аралығында басқарды. 2005-2016 жылдар кезеңінде Гуттериш БҰҰ-ның босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарды.