Рим Олимпиада өткізуден бас тартты
Италия Олимпиялық комитеті Римде 2024 жылғы Олимпия ойындарын өткізу жөніндегі өтінімін қайтып алды. Бұл туралы кеше комитет басшысы Джованни Малаго арнайы мәлімдеді.
«Мен бүгін Халықаралық олимпиялық комитетке хат жолдап, 2024 жылғы Олимпиялық ойындарды өткізу құқығын алу жөніндегі өтінімімізден бас тартып, бұл жөніндегі кандидатурамызды алатынымызды хабарладым» – деді Малаго.
Үміткерлердің арасында қазір Париж, Будапешт және Лос-Анджелес қалалары ғана қалып тұр.
ФИФА футболға 4 млрд доллар бөледі
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) алдағы он жылда футболды дамыту үшін 211 ұлттық ассоциацияға $4 миллиард мөлшерінде қаржы бөледі. Бұл жайында кеше осы ұйымның кеңесінде айтылды.
Мұның өзі халықаралық федерацияның тиімді күшті институт құру мақсатында футболды ұтымды дамыту үшін жасап шығарған «ФИФА 2.0: Болашаққа көзқарас» атты «жол картасының» арқасында мүмкін болып отыр. Осыған орай ұлттық ассоциациялар басқару мен бақылауға берілетін көмек – инвестициялар ретінде жылда 100 млн долларға жуық ақша алып тұратын болады. Он жылдың ішінде сондай-ақ, әйелдер футболын ынталандырып, дамытуға 315 млн доллар бөлінеді.
Армения құрамасы бас бапкерсіз қалды
Футболдан Қазақстан құрамасының іріктеу тобындағы бәсекелесі – Армения командасының бас жаттықтырушысы Варужан Сукиасян отставкаға кетті. Ол өз шәкірттері Варшавада Польшадан ұтылғаннан кейін осындай шешім қабылдады.
В.Сукиасян құрама тізгінін 2015 жылдың желтоқсан айында алған еді. Оның басқаруында жасақ 2018 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирі аясында үш матч өткізіп, бәрінде де жеңіліс тапты. Соның ішінде Данияға 0:1, Румынияға 0:5, Польшаға 1:2 есептерімен есе жіберді.
Крюков – Азия федерациясының вице-президенті
Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитетінің вице-президенті Андрей Крюков Дохада өткен Азия суда жүзу федерациясының (AASF) 12-ші конгресінде кезекті мәрте осы ұйымның вице-президенті болып бекітілді.
Мұнымен қатар, ол төрт жылдық мерзімге Халықаралық суда жүзу федерациясының (FINA) мүшесі болып сайланды. Мұнда биыл Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындарда қазақстандық суда жүзуші Дмитрий Баландиннің чемпион атануының да белгілі бір дәрежеде әсері болды.
«Егемен-ақпарат»