әкелі-балалы композиторлар Айтқали және Арман Жайымовтар
Конгресс-Холл сарайында өткен Айтқали Жайымов пен оның ұлы Арман Жайымның шығармашылық кешінде көрермендерді дарынды өнер иелерінің күрделі музыкалық туындылары тәнті етті.
Концерттің шымылдығы түрілген кезде Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов қазақтың қоңыр домбырасын қолына алып, сахнаға шықты. Ол өзінің ел Тәуелсіздігіне арнаған «Еркін ел», «Өмір-өзен» және Дина Нұрпейісоваға арнаған «Күй-Ана» күйлерін орындағанда, көрермендер ұзақ қол соғып, қошемет білдірді.
Осы кеште елорда тұрғындары мен қонақтары классикалық шығармаларды сүйсіне тыңдады. Терең сезімге бойлайтын, бірнеше бөлімнен тұратын шығармаларды тыңдаған жұртшылық хас өнерді жоғары бағалап, шынайы құрмет көрсетті. Айталық, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Арман Жайымның квартетке арналған төрт бөлімді №1 концертін орындады.
Сондай-ақ, көрермен назарына қос композитор бірлесіп жазған «Бейбарыс» операсынан үзінді ұсынылды. Осы орайда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтің орындауындағы Бейбарыстың ариясы сәтті шықты. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ Айдананың ариясын нақышына келтіре шырқады.
Халықаралық конкурстардың лауреаты Шахризада Тыныштық «Төле би» кантатасынан «Қарлығаштың әнін» орындап берді. Қобызшы Ботагөз Тәшімова оркестрдің сүйемелдеуімен Арман Жайымның қобызға арналған концертін ұсынды. Сонымен қатар, кейбір шығармаларды әрлеп, «Шалқыма» халық би ансамблі де өнер көрсетті.
«Бұл біздің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған концертіміз. Сондықтан да «Шаттық Елі» деп аталды. Концертке келіп, Қазақ халық аспаптары оркестріне және өзге де өнер көрсеткен азаматтарға қошемет білдірген көрермендерге үлкен ризашылығымызды білдіреміз», – деді Айтқали Жайымов.
Концерт барысында Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрі қалыптасқан өнер ұжымы екенін айқын байқатты. Небір күрделі күйлерді, басқа да музыкалық туындыларды асқан шеберлікпен жеткізе білді.
«Егемен-ақпарат»