15 Қазан, 2016

Антониу Гутерриш – бұұ Бас хатшысы

538 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
dubir-1Антониу Гутерриш – БҰҰ Бас хатшысы. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі соған тоқтап, Бас Ассамблеяның бекітуіне ұсынған еді. Соңғы турда онымен таласқа түсетін де ешкім жоқ. Бұдан біраз бұрын ондайлар болған. Және таңдау басқаларға түседі деген пікірлер де басым еді. Жазылмаған ережелер болады. Сол бойынша енді бас хатшы болу кезегі Шығыс Еуропа өкіліне тиеді деген. Содан кейін бұл жолы әйел қайраткерлер сайлануға тиіс екені де айтылды. Мұны қазіргі Бас хатшы Пан Ги Мун негіздегендей де болған еді. Сөйтіп, жұрт нақты үміткерді әйел қай­раткелер арасынан іздегені де бар. Сірә, сондай пікірдің әсері де болған шығар, бұрынғыдай емес, бұл жолы әйел қайраткерлер көбірек ұсынылды. Тіпті, бір Болгариядан екі қайраткер әйел жарыса түсті. ЮНЕСКО-ның жетекшісі Ирина Бокова бұрыннан аталып жүрсе, Еуроодақтың Жоғарғы комиссары Кристалина Георгиеваның да ай­тар­лықтай үміті бар еді. Бұл екі кан­дида­тура, сонымен бірге, кезек күтіп отырған Шығыс Еуропа өкіліне де сай келер еді. Словакияның экс-президенті Даниил Тюрктің да айтарлықтай мүмкіндігі бардай көрінген. Сөйтсе де, Батыс Еуропа өкілі, Португалияның бұрынғы премьер-министрі Антониу Гутер­риш барлығын да ығыстырды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қазір­­гі уақытта жетекшілік ететін ресей­лік Виталий Чуркин алты рет дауыс­­қа салғаннан кейін, Анто­ниу Гу­терриштің жеке-дара шық­қа­нын жа­риялады.  Мұндағы тәр­тіп бо­йынша әр дауыс берген сайын үміт­­кер­лердің ең соңғы орын­да­ғы­сы шығып қалып отырады. Сөйтіп, ақы­рында 15 мүшенің 13-і болашақ Бас хат­шыға дауыс берсе, екі мүше қа­лыс қалып, қарсылықсыз жеңіп шыққан. Бұл, әрине, үлкен жеңіс, үлкен сенім. Мұнда кездейсоқтық жоқ екені де белгілі. Бәрін де үміткердің әлем алдындағы беделі, қабілеті шешеді. Оны 67 жастағы Антониу Мануэль де Оливейро Гутерриш өзінің өмір жолымен дәлелдеген. Лиссабонда туған ол жоғары тех­ни­ка­лық институтты бітіріп, оқы­ту­­шы­лық қызметті таңдайды. Бі­рақ көп кешікпей, ол саясатқа бет бұрып, өзінің католиктік сені­мін со­циа­листік идеяларға алмас­тыра­ды. Ақыры Социалистік пар­тия­ның жетекшісіне айналып, 1995 жы­лы партиясы жеңіске жеткен кез­де өз елінің үкіметін басқарады. Осы қыз­меттегі жеті жыл оны әлем­­дік дең­гейдегі қайраткер ре­тін­де та­нытты. Бұдан кейін ол Со­цин­­тер­ннің төрағасы да болды. Сірә, 2005-2015 жылдардағы БҰҰ жүйесінде босқындар жөніндегі Жоғар­ғы комиссарлық қызметі бүгін­гі жеңіске жеткізген де шығар. Тағ­дырдың тәлкегіне түскен адам­дарға қамқорлық жасау оның өмір мәніне айналды. Сарапшылар қазір оның социа­листік көзқарасын ғана емес, аза­маттық келбетін де көбірек сөз етеді. Жалғандыққа төзбейтін ол өз ұстанымына берік, қолға алған істі аяғына жеткізгенше қасқайып күре­сетін қайраткер ретінде танылған. Аса мәртебелі қызметке БҰҰ Бас Ассамблеясының бекітуін күтіп отыр. Ол бекітті. «Сайланған күнде мен өз бағыт-бағдар, ұстанымымнан айн­ы­маймын», деп мәлімдеме де жаса­ды. Сарапшылар ол ресми жоғары лауа­зы­мның иесі ғана емес, нақты іс-әре­кеттің адамы болады деп санайды. А.Гутерриш алдағы жылдың алғашқы күнінен қазіргі Бас хат­шы Пан Ги Мунды алмастырып, қыз­метке кіріседі.   Қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбек dubir-2Биыл Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантосқа берілді. Өз елінде жарты ғасырға созылып келе жатқан азамат соғысын тоқтатуға бағытталған іс-әрекеті үшін. Осыдан екі аптадай бұрын сол соғысқа біржола нүкте қойы­латындай көрінген. Бірақ олай болмады – 2 қазан күні өткен референдумда колумбиялықтардың 50,24 пайызы сол көтерілісшіл партизандармен ымыраға келуді қаламады, оларды біржола жою­ды жақтады. Соған қарамай, Нор­вегияның Нобель кабинеті осынау аса жоғары атаққа президент Сан­тос­ты лайық деп тапты. Осы жерде ұлы Абайдың мына нақыл сөзі ойға оралады. Ол өзінің отыз жетінші сөзінде «1. Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген. Яғни, бәрі де ниетке бай­ланысты. Жақсы ниетті адам­ды қолдаған жөн, бағалаған жөн. Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос – сондай адам. Ол бастаған бүкіл әлемге өнеге болғандай ақ ниетті әрекеттің нәти­жесі біршама бөгеліп қал­ды. Бәрібір оның құптауға, мара­пат­тауға лайық екені анық. Әлемде қантөгіс көп. Көпшілігі билік үшін таластан туып жатады. Сол таластан көбіне қарапайым адамдардың қаны төгіледі. Колум­бияда да осыдан жарты ғасыр бұрын басталған коммунистердің әскери қанатының (Колумбияның революциялық қарулы күштері) билікке қарсы қарулы күресінен 220 мың (басқа бір деректе 260 мың) адам қаза тауып, 45 мың адам із-түзсіз жоғалған, 6,9 млн адам мекендерін тастап кеткен екен. Президент Сантос соны біржола тоқтатпақ. Өзі билікке келген соң-ақ оны қолға алған. 2012 жылдан Куба астанасында радикалды көтерілісшілермен келіссөз жүргізіп, 24 тамызда келісімге де жеткен. 26 қыркүйекте КРҚК басшысы Родриго Лондоньо Эчеверри екеуі бітімге қол да қойған. Оған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Латын Америкасы 15 елінің басшылары қатысты. Жоғарыда айтқандай, колум­бия­лықтар бұл бітімді қолдамады. Оның себебі бар еді. Ең алдымен, халық сол көтерілісшілердің адам өліміне душар еткен әрекеттерін кешпеді, сонан соң біршама беделді саяси қайраткерлер келі­сім­ге қарсы болып, оны жүзеге асыр­мауға күш салды. Бұл ретте Сантостан бұрынғы (2002-2010 жылдарда) президент Альваро Урибені атап айтқан жөн. Ол өз билігі кезінде КРҚК-ні жоймақ болған, бірақ шамасы келмеді. Бір қызық жайт – сол кезде Сантос елдің Қорғаныс министрі еді. Кейін ол сайлауда жеңіске жетті де, ұзаққа созылған шиеленісті келісім жолымен шешуді қолға алды. Мұны Урибе кешпестен, келісімге қарсы белсенді әрекетке көшті. Тіпті, оған өзінен бұрынғы президент Андрес Пистрананы да қосты. Мұның кешегі референдум нәтижесіне ықпалы болды. Президент Сантос қолға алған ісін аяқсыз қалдырмады. Бітім­нен басқа жол жоқтығын жұртқа ұқтырудың амалын іздестірді. Ең алдымен, оған басты қарсы адам бұрынғы президент Урибені кездесуге шақырды. Бұлар Сантос жеңіске жеткеннен кейін (2010 жыл) бетпе бет кездеспеген еді. Урибе бұл жолы ұсынысты қа­былдап, бұрынғы қарсыласы­ның қолын алды. Нендей әңгіме бол­ғаны белгісіз, ал жұртшылық мұны тіл табысу деп қабылдады. Сантос: «Колумбияда тыныштық орнауға жақын, оған жетеміз», деп мәлімдеме жасады. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист