18 Қазан, 2016

Анжеланың ән кеші

407 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
14696943_1754811501437338_1528823618_n Қарағандыда Анжела Штейнгарттың авторлық ән кеші болып өтті. Кеншілер қаласының тумасы, қазір Израильде тұратын әнші, ақын, сазгер туған жеріне арнайы келіп, өнер кешін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнады. Кеш қонақтарының қатарында қала мен облыс басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Марианна» авторлық ән клубы мен «Шығармашылық орта» жобасының мүшелері болды. Концерт Қарағандыдағы «Болашақ» академиясының залында өтті. Жеті жылдай бұрын осы оқу орнының бұрынғы ректоры, қазіргі Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен, оқу-тәрбие мәселелері алаңдатқан жандардың басын қосатын Педагогикалық салон ашылған болатын. Содан бері бұл бейресми бірлестік көптеген игі шараларға: көрмелер мен семинарларға, дөңгелек үстел отырыстары мен кітап тұсаукесерлеріне, әр саладағы белгілі тұлғалармен кездесулерге мұрындық болып келеді. Анжеланың орындауында Youtube желісінен көріп, тыңдауға болатын «Қарағанды» әні Педагогикалық салон мүшелерін де тебірентіп, жерлесіміздің шығармашылығына ден қойған олар өнер иесін туған қаласына арнайы шақырыпты. Ол ән жазумен бала кезінен шұғылданады екен. Әніне сөзді де өзі жазады. Өз әндерімен қатар өзге авторлардың да әндерін тамаша орындайды. Ленинград мәдениет институтының режиссура және драматургия бөлімін тәмамдаған Анжела еңбек жолын Бішкек драма театрында актриса болып бастаған. 2003 жылы тұңғыш жеке ән жинағы жарыққа шығыпты. Бүгінде сондай үш альбомы бар. Бард әншілердің Түркияда өткен бүкіләлемдік фестиваліне қатысқан. 2006 жылы Болгарияда, 2007 жылы Испанияда өткен фестивальдардың гран-при жүлделерін жеңіп алған. Қазір Анжела – Тель-Авивтің ең үлкен өнер ордаларының бірі «Гешер» театрының актрисасы, «Посиделки у Анжелики» әдеби-музыкалық жобасының авторы әрі жүргізушісі. Анжела Штейнгарт осы сапарында студенттермен де жеке кездесу өткізді. Оның әндерін тыңдаған жастар тебіреніске бөленіп, рухани ләззат алды. Өмірге құштар әндер оларға да бір тың серпін берген сияқты. Қайрат әбілдинов, Қарағанды