17 Қазан, 2016

Қазақстанда темекі мен алкоголь әлі де қымбаттайды

392 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
vyar 2019 жылға дейін Қазақстанда темекі және алкоголь акциздерінің бағасы біртіндеп ұлғайтылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті. Министрліктің мәліметіне қарағанда, бұл мәселе 2017-2019 жылдарға алкогольдік өнімге, сыра, темекіге акциздер мөлшерлемесін бекітуде ескерілген. «Алкоголь және темекі өнімдеріне акциздердің фискалдық функциясын күшейту үшін оның мөлшерлемесін сатылап ұлғайту ұсынылады. Қазіргі қолданыстағы Салық кодексінде акциздік салық мөлшерлемелерінің өлшемі 2014-2016 жылдарға ғана белгiленген, ал 2017-2019 жылдарға белгiленбеген. Алкогольдік өнімнің 1 литрі үшін: 2017 жылы - 2000 теңге, 2019 жылы - 2 550 теңгеге дейінгі акциздік мөлшерлемені белгілеу ұсынылып отыр. 2016 жылмен салыстырғанда, өсім - 85 пайызды құрайды. Ал, сыра және сыра сусындарының 1 литрі үшін 2017 жылы 39 теңге, 2019 жылы 57 теңгеге дейін өсіру ұсынылады. 2016 жылмен салыстырғанда өсім 219 пайызды құрайды», - деді Қ. Бишімбаев. Осылайша, темекі өнімдерінің 1000 данасы үшін акциз 2017 жылы 6200 теңге болса, 2019 жылы 8700 теңгеге дейін өсетін болады. «Сонымен қатар алкоголь өнімдерін экспорттау кезінде қосарланған салық салуды болдырмау және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін этил спирті акцизінің нөлдік мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады», - деді министр.