Алматыда бірінші рет өткізілген шахматтан «Almaty Open» халықаралық турнирі өткен сенбі күні мәреге жетті. Барлығы 7 мемлекеттің 100-ге жуық мықтыларының басын қосқан бәсекеде қостанайлық Петр Костенко топ жарды. Оған 450 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық тапсырылды. Гроссмейстерлер кестесінің екінші сатысына бельгиялық Вадим Малахатько жайғасып, 278 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Үштікті – жүлделі орынға енген тағы бір қазақстандық шахматшы Арыстанбек Оразаев қорытындылап, 228 мың теңге мөлшерінде сый алды.
Жүлдегерлерден бөлек, Төлеген Нукин «Үздік жарыс ардагері», Әлішер Сүлейменов «16 жасқа дейінгі үздік шахматшы», Берік Ақкөзов «Алматының үздік шахматшысы» атанды. Сол сияқты Гүлстан Нахбаева әйелдер арасындағы турнирдің ең үздік шахматшысы деп танылды.
Айта кетерлігі, 5 қазанда басталған «Almaty Open-2016» тұңғыш халықаралық шатматшылар турнирі Қазақстан Республикасы Кубогының екінші кезеңі ретінде өтті. Оған Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, Бельгия, Грузия, Қырғызстан және Қазақстаннан шахматшылар қатысты. Қазақстан шахмат федерациясы мен Ш.Есенов атындағы ғылыми-білімдік қордың демеушілігімен ұйымдастырылған жарыстың жүлде қоры 2 500 000 теңгені құрады.
Швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрған турнир, Халықаралық шахмат федерациясының ережелеріне сай өтті.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
журналист
АЛМАТЫ